4.11.2020, 17:08
Оқылды: 28

Несие күліп кіреді...

Күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, қай адам болмасын еңбекақысын немесе зейнетақысын банкоматтан алған соң қайтадан кассаға кезекке тұрып жатады. Оның себебі – несие төлеу. Бүгінде мойнында несиесі жоқ адамды табу қиын. Екі жастың үйлену тойын өткізу – несие алу, мерейтой өткізу – несие алу, шілдехана – несие алу, көлік сатып алу – несие алу. Қала берді, қайтыс болған тума-туыстың түрлі жоралғысын өткізуге де несие алып жатады. Біреуден қалмаймын деп қымбат тон алсаң да несиеге жүгіну керек.

 Несие кулип киреди

 

Міне, бүгінде тұрмысымызға несие дендеп кіргені соншалық, онсыз жүріп-тұра алмайтын дәрежеге жеттік. Шындығы керек, дамыған мемлекеттерде де қысқа және ұзақ мерзімге несие алып, бірі кәсіп бастаса, енді бірі тұрмысын түзеп жатады. Біз бұл мақалада Үкіметтен халықтың кәсібін дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалармен алатын несие қаржысын айтып отырған жоқпыз, екінші деңгейдегі банктерден берілетін несие қаржы туралы сөз қозғамақпыз.

Қазіргі түрлі банктің мынандай мөлшердегі пайызбен несие ала аласыз деген жарнамасынан көз сүрінеді. Атап айтсақ, «Forte bank», «Kaspi bank», «Евразия банкі», «Альфа-банк», тағы да басқа банктер жетерлік. Бірақ бұл банктердің үстеме пайызы өте көп екенін байқамай қаламыз. Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов айтқандай, «1 млн. теңге алсаң, 35 пайыз үстемемен қайтарасың» дегенді қазақы сенгіштік көңілімізбен қанша болатынын түсінбей, пәлен миллион ақшаны алып жатамыз. Ал төлеуге келгенде сол пайыздың мөлшері алған миллиондардың жартысынан көбін құрайтынын білгенде санды бір-ақ соғатынымыз шындық. Қазір екінші деңгейлі банктердің халыққа беретін несиесінің үстеме пайызын азайту жөнінде Мәжіліс депутаттары мен саясаткерлер мәселе көтеруде. Дейтұрғанмен бұл әлі де болса шешіле қойған жоқ. Осы орайда қоғамдық пікірге байланысты Ұлттық банктің мынандай мәлімдемесін келтірейік. «Басқа елдермен салыстырғанда елімізде берілген несиелерді қайтармау қаупі әлдеқайда жоғары. Оның бірнеше себебі бар. Несие тәртібі төмен, меншікті капиталы жеткіліксіз, кәсіпорындар арасындағы инвестициялардың өтімділігі мен кірістілігі сынды факторлар бар. Сондықтан отандық қарызданушылардың несиелік тәуекелі банк бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелерде көрініс табуда. Пайыздың жоғары болуына тағы бір себеп бар. Депозиттерге кері әсер етеді. Базалық мөлшерлеме төмендемесе, депозиттерге түсім азаяды. Демек, ешкім теңгемен ақша сақтағысы келмейді деген сөз. Соның нәтижесінде пайыздық мөлшерлемені 7-8 пайызға төмендетсе, банктердің тәуекелі ақтамайды екен. Қарапайым тілмен айтқанда, қаржылық ұйымдар нар тәуекелге барғысы келмейді. Сол себепті қарызын жылдам өндіріп алу үшін банк пайызды мейлінше жоғары қояды» делінген. Міне, осыдан несие алушылардың банк алдындағы берешекті қайтару ықпалы төмен болады. Сонымен қатар несиелерді қайтаруда елімізде жұмыс істейтін коллекторлардың да зияны тиіп жатқанын айтқан жөн. Өзімізге белгілі, несие алған адам несиесін уақтылы төлей алмаған кезде коллекторлар іске кіріседі. «Егер белгілі бір уақытқа дейін төлемесеңіз, барлық есепшотыңызды бұғаттаймыз» деп қоқаңлоқы көрсеткенде несие алған адам қарызын төлеу өз алдына, қаралай жүйке ауруына шалдығатыны да түсінікті. Ол кімкімнің де басынан өткен жағдай. Осының барлығы тұрмысымызды ауырлата түсері сөзсіз. Әлемдік пандемия кезінде халықтың көбінде «Несиемді қалай төлеймін, оның пайызы өспей ме?» деген сұрақтар туындады. Дегенмен Үкімет жұмыссыз қалғандардың несиесін пайызсыз 3-4 айға кейінге шегерді. Бірақ несиесі бар адамда берешегімнен құтылдым деген ұғым болмауы қажет. Бәрібір банк берген ақшасын қайтарып алады. Осыны ескерсек, несиеден қашықтау жүрген дұрысау дейміз. Бірақ күнделікті жағдайлар қалтасы жұқа халықты несие алуға итермелейді. Бұдан қалай шығуға болады? Бір ғана жолы – қалтаңдағы қаржыны мүмкіндігіне қарай жұмсау. Дарақылықты, астамшылықты ту қылмай, қарапайымдылыққа қарай бұрылсақ, қаржы да үнемделіп, қарызға батушылар да азаяр еді. Дегенмен халқымыз анау дүркіретіп той жасап жатыр, мынау су жаңа көлік мінді, жаңа пәтер сатып алды деген желеумен, жалған намыспен бәсекелестікке барады. Нәтижесінде несие алып, қарызға батып, оның қиындығын жылдар бойы мойнымен көтеруге тура келеді. Оған мысалдар жетерлік. Осы мәселеге байланысты өзіміз танитын тұрғынға жолықтық. Көріп жүргеніміздей, қай адам болмасын айлығын немесе зейнетақысын банкоматтан алған соң қайтадан кассаға кезекке тұрып жатады. Оның себебі –несие төлеу. Бүгінде мойнында несиесі жоқ адамды табу қиын. Екі жастың үйлену тойын өткізу – несие алу, мерейтой өткізу – несие алу, шілдехана – несие алу, көлік сатып алу – несие алу. Қала берді қайтыс болған тума-туыстың түрлі жоралғысын өткізуге де несие алып жатады. Біреуден қалмаймын деп қымбат тон алсаң да несиеге жүгіну керек.

Гүлбағида ҚОЖАХМЕТОВА,

ауыл тұрғыны: (есімі өзгертілді)

- Өткен жылы балам отау құрды. Қыз берген жақ «Қызымызды бағып-қағып өсірдік, жұрт секілді тойын дұрыс жасаңдар, біздің жақтың ағайын-тумасына сыйлығын әзірлеңдер» дегесін қолымызда мал болмаған соң, амалсыз миллиондаған несие алуға тура келді. Бір күндік той өтті де кетті. Енді қазір сол қарызды үстеме пайызбен банкке кері төлеудеміз. Қарыздан құтылуға әлі екі жылдай уақыт бар. Қиындық келтіріп тұрғанын күнделікті тұрмысымыздан байқап жүрміз, – деп жан сырын ақтарды.

Тағы бір мысал, бірде Орал қаласында тұратын құрбымның үйіне бардым. Бұрындары қолы мен құлағынан сақина, сырғаларды үнемі көретін едім. Енді сол құрбымның сақина, сырғаларынан түгілі неке жүзігі де көрінбеді. Әзілдеп «Алтыннан тойындың ба?» деп сұрағанда: «Қой, құрысын, тапқан табысымыз банктен алған несиеге кетеді. Амалсыз сырға, сақиналарымды ломбардқа тапсырдым», – деп жауап берді. Иә, «Қарыз күліп кіреді, жылап шығады». Банктен алған несиеқаржы қолымызға тигенде қуанышымызда шек болмайтыны рас. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, оның қайтарымы адамды жүйке ауруына ұшырататынын ойлаған жөн. Сондықтан, ағайын, банктен несие алғанда артыңды да, алдыңды да бір бағамдап алған абзал.

 

Әсем Болат,

Казталов ауданы

  zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале