15.12.2021, 9:30
Оқылды: 95

Несие несібе емес

Қазақ неге несиеге құмар? Бұл сауал кім-кімнің де ойында жүргені рас. Әлде небір жағдай туындаса банкке барып, табан тоздырамыз. Түрлі деңгейдегі банктер де несие алам деген жанның «бетін қақпай, белін буып» қысылғанға қарыз беріп келеді. Статистика бойынша әр үшінші қазақстандық несие алған. Ал Ұлттық банк 2020 жылы берілген несиелердің жалпы сомасы жарты триллион теңгеге жуықтағанын жария етті.

2

Несие арқылы қарапайым ұялы телефон мен түрлі тұрмыстық техника, автокөлік, тіпті, көлемді қаржыға қол жеткізу қиын емес. Қазақтың үйленгенінен үйлі болуына дейінгі әрекеттері банктерге байланғандай. Мамандар мұны қазақстандықтардың қаржылай сауатсыздығымен байланыстырады. Себебі ел халқының тең жартысында депозит салымдары емес, бас-басында бір-екі банкке қарызы бар. Қарызды алу оңай, ал қайтаруда неліктен қиналамыз? Осы сұрақтар төңірегінде мәселенің мәнісіне үңілейік.

Кез келген 21 жасқа толған азамат несиеге қол жеткізе алады.  2020 жылдың соңына қарай Dauletten.kz сайты өз оқырмандары арасында сауалнама жүргізіп, несие туралы біраз сұраққа жауап алған екен. Оған 27 842 адам қатысса, басым бөлігі – жастар. Бүгінгі күні жастардың орта және үлкен буыннан гөрі тұтынушылық несиеге жиірек жүгінетіні рас. Жаңа буынға қарызға қаржы алу қалыпты құбылысқа айналған. Сауалнама арқылы қазақтардың несиені қандай қажеттілік үшін алғанын сараласақ, техника мен электроника сатып алу себебі екінші орында тұр. Басты орында тұрғын үй, көлік алу, жеке кәсіп ашу және той жасау үшін алынған несиелер орналасқан. Иә, соңғы жылдары дүркіретіп той ұйымдастыру, маңызды отбасылық мерейтойлар үшін де жиі несие алынатыны белгілі. Қазақтар тойды атқарып шығу үшін кем дегенде 3-4 миллион теңгеге дейін қарызға кіреді екен. Ол былай тұрсын, той-томалақты несиеге атқару тіпті күнделікті әдетімізге айналған тәрізді.

Қазір – нарық пен маркетинг кезеңі. Соған қарамастан көбісі бұрынғы жүйеге сай, жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруге үйреніп қалған. Айдың соңына жетпей, қиналған жұрт жамырап, банкке қарай жүгіреді. Міне, сарапшылардың зерттеулеріне мән берсек, қазақстандықтар түгелдей материалдық, қаржылық жетіспеушілікті қарызбен жаба тұруға ұмтылады екен.

-Пандемия шынымен бәрін өзгертті. Қаржылық жағынан қиналып, азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек қымбаттай түсті. Үш балам да мектеп оқушысы. Сол кезде мектепке, яғни оқуына қажет болған соң несиеге телефон сатып алдық. Бөліп төлейтін болған соң оңай көрінгенімен, ай сайын уақтылы ақша салып отыру да шығын. Бастысы азық-түлік жеткілікті, шүкір дедім. Себебі әлі күнге дейін «Kaspi Red» арқылы азық-түлікті бөліп төлеуге алатын таныстарым бар, -дейді Жұмагүл Талапова есімді тұрғын.

Азық-түлік үшін қарыздану – халық мұқтаждығының көрінісі. Пандемия кезінде тұралап қалған сантүрлі сала қайтадан нық қадам басып, арақашықтықта жұмыс істеудің жаңа тәсілдеріне көше бастады. Аз пайызбен, ұзақ уақытқа бөліп төлеу арқылы несие алу «ауырдың асты, жеңілдің үстімен» жүретіндер үшін оңай шешім ғана сияқты.

Психологтар адам туындаған мәселені жылдам шешу, бір сәтке бәрін оңайлату үшін несиеге жүгінетінін айтады. Бірақ шын мәнінде қарыз алу – өзіне, ақша табу қабілетіне сенімсіз адамның әдеті. Ал ауру қалса да, әдеттің қалмайтыны айтпаса да белгілі.

Маман пікірі

Мақсат Халық, экономист:

-Қазіргі таңда, әсіресе, қазақ тілді өзіміздің қарагөз халықтың қаржылық экономикалық сауаттылығы төмен екені белгілі. Ауылдағы ағайынның жағдайы айтпаса да түсінікті. Халық несиеге әбден байланып қалған. Қайтара алса, жақсы. Өтей алмай, қайтарымсыз несиелердің қатарын арттырады. Соның салдарынан отандық банктер несиенің пайызын жоғарылатады. Ол болса, түптеп келгенде халықты ипотекалық несие ала алмайтын жағдайға соқтырып отыр. Себебі, банктің пайыздық мөлшерлемесі жоғары, оны банкте де біліп отыр. Салдарынан әлеуметтік-экономикалық жағдай тұтастай нашарлайды. Енді не істеу керек? Әрине, бірінші кезекте халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Жер-жерлер мен еліміздің аймақтарына ғылыми сараптамалық талдау жасау керек. Мәселелік несиелер қай өңірде көп болса, сол өңірге Ұлттық банктің басшылығымен жергілікті әкімдіктердің қолдауымен арнайы қаржы сауаттылығы курстары өткізілуі керек. Алдымен мәселе туындап тұрған өңірлерден бастаған абзал. Кейінірек еліміздің барлық аймақтарын қамтыса артықтық етпейді. Оған қазақ тілін меңгерген мықты қаржыгер, экономистер тартылса, бұл мәселені белгілі бір дәрежеде шешуге болады деп ойлаймын, -дейді маман.

Расында, маманның айтқанындай көп­шілігіміз қаражаттан қысылғанда банктің табалдырығын тоздырамыз. Оның талаптарына жіті назар аудармаймыз. Осыдан келіп сабылып сарсаңға түсеміз.

Әсілі, әу баста несие алушылар жеті рет өлшеп, бір рет кесіп алып несиені банк не қаржы ұйымдары белгілеген кесте бойынша мерзімінде төлеуге мүмкіндігі болған жағдайда ғана алғаны жөн. Олай болмағанда «қатықсыз қара су ішсең де» бойыңа сіңіп, ұйқың тыныш, отбасың ойрандалмай, бала-шағаңның қабағына кірбің түспей жүргенге не жетсін!

«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» дегенді естен шығармайық, ағайын!

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале