Биыл Бәйтерек ауданында төрт округ, 10 елді мекен, 142 көше атауы өзгерту туралы аудандық газеттің 23 ақпан күнгі №8 санында жарияланған болатын. Ол туралы жергілікті БАҚ бетінде жарияланды. Барлық заңдылығы мен санитарлық талаптардың қатаң сақталуымен өткізілген жергілікті қауымдастық жиынынан соң жаңа атауға ие болатын округтер саны төрттен үшке түссе, елді мекендер атауы жеті, ал көше саны 103 болды.
Ауыл, елді мекен атауын өзгерту мәселесіне әр тұрғын өз пікірін білдіруге құқылы. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келген кей азаматтар елді жинап, әлеуметтік мәселелерді шешу туралы ұсыныстарын айтып жүр. Негізінде, ономастикалық мәселе мен әлеуметтік мәселе екі түрлі дүние. Бұған дейінгі атқарылған шаруаларға көз жүгіртсек, атауы өзгертілмеген ауылдардың инфрақұрылымы жаңартылып жатқанын көзі қарақты азаматтар біледі. Сондықтан атауы жаңармағандықтан ауылға көңіл бөлінбейді деп ойлау қате. Осы кезге дейін ел болып, ауылдарының атауын тәуелсіздік талаптарына сай өзгерту туралы ұсыныс тастамаған округтер де бар. Ал Трекин мен Новенкийді жаңаша атасақ деген пікірлер соңғы 10 жылдан бері үздіксіз көтеріліп келеді. Мысалы қаңтар айында аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде Трекин ақсақалдары ауыл атын өзгерту туралы мәселе көтерді. Одан кейін ауыл ақсақалдарының ұсынысын алға тартқан округ әкімдігі елді мекен атын өзгерту туралы ұсыныс тастаған. Десе де елдің пікірі жан-жақты жиналып, жергілікті қоғамдастық жұмысы жүзеге аспай қалуы себепті ауылға жаңа атау беру мүмкін болмады. Бір сөзбен айтқанда кворум жиналмай, ел бір шешімге келе алмады. Сол себепті ауыл аты өзгеріссіз қалды.
Ал Новенкийге келер болсақ, ол жерде жергілікті қауымдастық мүшелері бірауыздан жаңа атау керек деген ұйғарымға келіп, хаттамалық негізде ұсыныс жасаған.
Күні кеше Новенькийге барып, отыз жылдан бері осы ауылда тұрып келе жатқан ел ағасы Ершат Берниязовпен тілдестік. Ел ағасы ауылға жаңа атау берілгенін қолдайды. Айтуынша, ескі атау шынымен де көнерген және ешқандай мәні жоқ көрінеді.
-«Елу жылда ел жаңа» дейді халық нақылы. Өткенде жұрт жиналып, өз позицияларын танытты. Ол да демократиялық қоғамның қалыптасқаны болар, бірақ сол адамдар тәуелсіз ел екенімізді естен шығармаса екен. Отыз жыл өтті. Ел жаңаратын шақ. Өткен тарихты ешкім жоққа шығарғысы келмейді. Десе де болашағымыз үшін осындай шешім шығаруымыз керек,- дейді Ершат ағамыз.
Ауыл тұрғыны жаңа атауға өзге емес, өз қандастарымыздың қарсы шығып отырғанына налиды. Сөзінше, ауылда өмір сүріп отырған өзге ұлт өкілдері бейтарап көзқараста екен.
Шағын шаруашылық ұстап отырған Ершат ақсақал қолынан келгенше ауылға да қолғабыс етіп тұрады. Қыс болса, ауылға кірер жолды аршып, мектеп айналасы мен өзі тұратын Болашақ көшесінің ойқыш-ойқыш жолдарын тегістеп беруге дайын. Дайын ғана емес, ол істі жасап та жүр.
-Өткен жылы мектеп айналасын қоршап, Жеңістің 75 жылдығына арналған естелік тақтайша тұрғызуға да қаржылай қолдау көрсеттік. Ел болып, игі іске жұмылған кезде ауылына жаны ашыған жергілікті тұрғын табылмады. Қажет қаражаттың көп бөлігін көшіп келген ағайын жинап берді. Осы елде туып-өстік деген ағайынға барып, көшемізді тегістеп, кіріп-шығар жолды реттейік. Мен техникамды шығарайын. Сендер, ең болмағанда, жанармайға ақша жинаңдар деген ұсынысымды талай мәрте айттым. Ешқайсысы қозғала қоймады. Ауылына, оның болашағына шын жаны ашитын азамат сондайда көрінуі керек қой,- дейді ол.
Расымен де, ауылда сапалы интернет жоқ. Медпункті де ескірген. Бірақ биылғы ауыл әкімінің есептік кездесуінде Новенькийға интернет келетіні де, жаңа медициналық пункт болатыны да айтылды. Сондай-ақ ауылды аудан орталығымен қосып тұрған жолдың мәселесі де шешілер күн жақын. Ауыл әкімімен тығыз байланыс жасап тұратын Ершат ағамыз биылдан қалмай интернет пен сапалы мобильді байланыс мәселесі шешілетінінен хабардар. Медпункт салынады дегенге де үлкен сеніммен қарайды. Ал аудан орталығымен қатынасатын жолды күте тұруға дайын.
-Осыдан екі жыл бұрын округ орталығы Железнов ауылына бару мұң болатын. Қазір Железновқа бару жағы шешілді. Сондықтан ауылда ешқандай жұмыс жасалмай жатыр деу қате. Жол азабын тартып отырған Жәнібек пен Орда аудандарына қарағанда біздің жол тойға барғандай. Қиыршық тас төселіп, уақтылы тегістеліп тұрады. Ел болған соң аздаған қиыншылық болады. Бірден бүкіл жоқтың орнын толтыру мүмкін емес қой,- деді өз сөзінде ақсақал.
Өткен аптада ауылдағы ағайынды жинап, қарсылық танытқан адамдардың ішінде өмірін Новенькиймен байланыстырып жүргендер аз екеніне қынжылады.
-«Уральская неделя» газетінің тілшілері ауылға бірнеше сағатқа кешігіп келді. Жиын болатын уақытта ауыл атын өзгертуге ниетті азаматтардың біразы болмады. Кейін видеосын көрген кезде ішінде Новенькийда тұрмайтын жандарды көріп, таң қалдым,- деді ол.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы әне-міне дегенше келеді. Осы бір айтулы датаға орай ескірген ауылдар мен елді мекенді және көше атауларын тәуелсіздік талаптарына сай өзгерту ісі қолға алынып жатқанын дұрыс деп білетін ауыл азаматы осыдан бірнеше жыл бұрын аудан атауы Бәйтерек болып өзгертілген кезде де қолдау танытқан.
-Күні кеше білім ордалары да жаңа атауларға ие болды. Бұдан былай Трекин мектебі Қадыр Мырза Әли, Первосоветск мектебі Шоқан Уәлиханов, Щапов мектебі Бауыржан Момышұлы, Батурин мектебі Талғат Бигелдинов, Новенький мектебі Қасым Қайсенов және Ульянов мектебі Ілияс Есенберлиннің атын иеленді. Енді аталмыш білім ордаларындағы оқушылар ел үшін еңбек еткен, отан үшін отқа түскен оғландарымыздың кім екенін және қандай ерлік көрсеткендерін біліп жүретін болады. Тәу етер тәуелсіздігіміздің жемісі бұл,- дейді ел ағасы.
Сөз басында ауданда біраз ауылға жаңа атау беруі мүмкін екенін айттық. Оның біреуі кейінге қалдырылды. Ал Новенькийдегі жағдай соңы немен аяқталатыны түсініксіз. Қырқы бір жақ, қыңыры бір жақ болып отыр. Мәңгілік ел боламыз деген мемлекет халқының ауызбірлігі болғаны жөн-ақ. Көрші елдер көз алартып, өзге атауымызға бола жерімізді меншіктеп алғысы кеп отырғанын да көз көріп жүр. Болашағын қазақ елімен байланыстырған жан болса, неге осы жағын ойламайды екен деген ойға қаламыз. Бұл қадамның барлығы белгілі бір топтың емес, елдің игілігі үшін екенін түсінетін кез келді ғой. Бүгінгі ұрпақтың міндеті де – артынан ерген жастарға шекарасы бекіген, атаулары қазақыланған және болашаққа нық сеніммен қадам басқан кемел мемлекет қалдыру. Алғашқысы Елбасының арқасында шешімін тапқан болса, кейінгі істі тындыру бізге бұйырып тұр. Сондықтан жауапты істі жауапкершілікпен атқаралық.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Ғалымжан Мендалиев.
аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
-Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан атауын өзгерту мәселесін көтеріп, барлық округтерде болдық. Бір кездегідей емес, халық жаңашылдыққа бет бұрып, ауылдарының тәуелсіздік талаптарына сай аталуын қалайды. Биыл басталған жаңаша атау беру науқаны аяқ асты қабылданған шешім емес. Ауылдардың атауын өзгерту мәселесін тұрғындар бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Ешқандай мәні қалмаған не болмаса, ескірген атаулар тәуелсіздік талаптарына сай өзгеруі керек. Бұл - заман талабы.
Мәлік Өтешев,
аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:
-Көше, ауыл, елді мекен атауларының өзгеруі - өмір талабы. Егемендік алғанымызға 30 жыл толғалы отыр. Осы бір айтулы датаға орай бір кездері елмен санаспай, қоя салған және саяси жағынан ескірген атауларды өзгертетін кез келді. Біз бұнымен өткенімізден бас тартып отырғанымыз емес. КСРО кезінде де жақсы жұмыстар жасалды. Оны жоққа шығару тарихқа тас ату. Десе де ескі кетеді, жаңа келеді. Атаулардың өзгеруі жаңашылдыққа жасалған қадамымыздың алғашқысы. Қазіргі қазақ мемлекетінің жер-су атаулары тарихи атауларын иеленуі керек.
Қабдырбай Абдушев,
аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:
-Жергілікті әкімдік пен қоғамдық кеңес мүшелері осы бір жауапты істі ойдағыдай тындырды деген сенімдеміз. Аудан аты өзгеретін кезде барлық 22 округті екі рет айналып шықтық. Елдің атау ауыстыруға қатысты пікірін білеміз. Көп адам жаңашылдыққа қарсы емес екеніне көзіміз жетті. Өз басым да ауылдар мен елді мекендерге жаңа атау беруге қарсы емеспін. Көп адам атау өзгерген кезде шығынға батамыз деген мәселені де көтереді. Бірақ бұл жерде елден шығын шықпайтынын толық айта аламын. Ауданда аты ескірген не болмаса, саяси жағынан ешқандай мәні жоқ немесе егіз атаулар кездеседі. Сол себепті кей ауылдардың атауы өзгеруі керек.