6.07.2020, 16:05
Оқылды: 52

«Нұр-Сұлтан – мүмкіндіктер қаласы»

Қазақстандықтар үшін 6 шілденің ерекше күн екені сөзсіз. Егемен еліміздің мақтанышы, бас қаламыздың туған күні. Жыл сайын атаулы күнге орай республикамыздың түкпір-түкпірінде түрлі шаралар өтетін. Тіпті, шет елдің әншілері де жерлестерімізді қала күнімен құттықтап, ән-шашуын арнайтын. Биылғы жағдай бәрін өзгертті. Енді барлық іс-шараны қашықтан тамашалауға тура келеді.

25950036-6118-4813-9E7C-457E69D187A9

Жалпыұлттық мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына айналған Теректінің тумасы Дархан Сагидоллинмен хал-жағдай сұрасқан едік. Шипалы Шалқар көлінің суына шомылып, құмына аунап өскен Дархан Нұрланұлы астанадағы тыныс-тіршілігін, туған жерге сағынышын баяндап берді.

- Мен 1993 жылы 1 қыркүйекте Шалқар ауылдық округіне қарасты Сарыөмір ауылында дүниеге келдім. Үйдің кенжесімін. Райымбек есімді ағам бар. Алғаш Х.Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің табалдырығын аттап, әліпби үйреніп, сауатымды аштым. Кейін отбасымызбен Шағатай ауылына қоныс аудардық. Ы.Алтынсарин атындағы мектепте білімімді жалғастырдым. Анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, кішкентай күнімнен қазақ ертегілерін, батырлар жырын сүйіп оқыдым. Кітапқұмар болуыма әжемнің де септігі тиді. Ата-анам кітаптан басын алмайтын кенже ұлын көп ойланбастан, «Үміт» лингвистикалық гимназиясына оқуға берді. Сөйтіп, 2006-2011 жылдар аралығында атағы республика көлемінде дүркіреп тұрған білім ордасында тәлім-тәрбие алдым. Кейін арман қуып, Алматыға оқуға аттандым. Бағыма орай ТМД бойынша алғашқы үштіктен орын алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетіне оқуға түстім. Жастар қаласына айналған Алматыда оқып жүрген кезімде «Оқу бітірген соң, астанамызда жұмыс істеймін» деп алдыма мақсат қойдым, - деді балалық шағына саяхат жасаған жерлесіміз.

Сасай тауы мен Шалқар көлінің ортасында орналасқан ауылда асыр салып ойнап өскен «Алтын белгі» иесі Алматыдан бакалавриатты тәмамдаған соң, Орал қаласына оралып, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Мемлекеттік және жергілікті басқару» факультетінде магистратураны оқиды. Ата-анасының үмітін ақтап, жоғары білім алып жүрген Дарханды қазіргі «AQJAIYQ» (бұрынғы «Қазақстан-Орал») телеарнасы жұмысқа шақырады. Ойламаған жерден өмірдің «тосынсыйына» жолыққан Дархан үшін БАҚ саласының «есігі» осылай ашылған еді.

- Телеарнада жұмыс істеу мүмкіндігі туған кезде қуандым. Толқығаным да рас. Өзім қыр-сырын білмейтін саланы меңгеру мен үшін оңай болмады. Қиналған сәтте қолұшын беріп, қолдаған Асланбек Губашев, Гүлмира Тлеубаева сынды ұстаздарыма алғысым шексіз. Бағдарламаны жүргізуді, өзімді эфирде еркін ұстап, кейіпкерлерімді әңгімеге тартуды осы кісілерден үйрендім. Жүргізушілік қабілетім шыңдалып, «Ғаламтор ғажайыбы», «Күншуақ» (тікелей эфир) сынды бағдарламаларды жүргізе бастадым. Кейін тікелей эфирде қала күнінің телевизиялық нұсқасын жүргіздім. Арнамызға тың бағыт әкелу мақсатында авторлық «Smart Oral», «Sport time» бағдарламаларын қолға алдым. Осылайша облысымызға журналист ретінде таныла бастадым, - деді Дархан Нұрланұлы.

Әрқашан жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа қырынан көрініп жүрген Дарханға тағы да күтпеген жерден ұсыныс түседі. Бұл жолы кезінде армандаған еліміздің «жүрегіне» жолы түсті. Ол «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының «QAZSPORT» арнасында PR менеджер қызметін атқарды.

- Бас қаламызда жұмыс істеу қиын болмады. Тәжірибем болған соң, әріптестеріммен тіл табысып, қызу жұмысқа кірісіп кеттім. Бірақ баспана мәселесі қинады. Сөйтіп, «баспана сатып алған соң, қайтып келемін» деп шешім қабылдадым. Құдайға шүкір, мақсатыма қол жеткізіп, баспаналы болдым. Сүйіктім Ақнұрмен некемізді қиып, үйлендік. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны атандық. Қазір Азиз есімді баланың ата-анасымыз, - деді жас әке.

Екі жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатқан жерлесіміз қазіргі таңда «Білім беру бағдарламалары» орталығында маркетинг бөлімінің аға маркетологы қызметін атқаруда.

-Нұр-Сұлтан – мүмкіндіктер қаласы. Сарыарқаның төсінде бой түзеп, күннен-күнге жайнап, құлпырып келе жатқан жас қаламызды көркейтуге, дамуына үлес қосып жүргенім үшін қуаныштымын. Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы, мемлекетіміздің қарқынды даму символы – елордамыз мақтан етуге әбден лайық. Еліміздің астанасының күні мен үшін айрықша қастерлі. Кей жерлері Оралыма ұқсаған соң, бүйрегім бұрып тұрады, - дейді жас қаланың тұрғыны.

Дархан Нұрланұлы әңгіме барысында туған жерін сағынатынын, Шалқар көлінің бүгінгі жағдайына алаңдайтынын жеткізді. Сөз арасында газетіміздің тұрақты оқырманы екенін де аңғардық.

Балалы болып, ата-анасының, шетте жүріп, туып өскен жерінің қадірін білген, жете түсінген жерлесіміздің өз елінің нағыз патриоты, көзі ашық, көкірегі ояу азамат екені қуантты.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

  zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале