Ұлыстың ұлы күнін дарияндықтар жылдағыдай ерекше ықыласпен тойлады. Мәдениет үйі алаңында киіз үй тігіліп, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылып, алтыбақан тепкен балалар шаттыққа бөленді.
Наурыз-думанға қатысушы халықты аудан әкімі К.Жақыпов, орынбасары А.Досжанов, мәслихат хатшысы Р.Исмағұловтар құттықтады.
Алаңда саз мектебінің домбырашылары, «Зеленов дауысы» байқауының жеңімпазы Инабат Исламғалиева, «Шағала» әжелер ансамблі және өзге де мәдени орталықтың өкілдері ән мен күйден шашу шашып, көңілдерге нұр құйды.
Сондай-ақ жиналған жұртшылық шахмат, арқан тартыс, қазақ күресі, қол күресі сынды спорт түрлері бойынша бақтарын сынап, мерекелік думанның қызығына кенелді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Гүлжан Аязбаева
zhaikpress.kz