15.09.2020, 10:34
Оқылды: 56

«Нұр» Тасқаланың тазалық жұмыстарын қолға алды

Күн сайын көркейіп келе жатқан Тасқаланың ажары оның тазалығына байланысты. Әр аудан өз жерінің тазалығына, әсемдігіне көңіл бөлуде. Халық көп шоғырланған көше, аула, ауа тазалығын сақтау және бір тәулікте тау болып жиналатын қоқыс мәселесі тұрғындарды еріксіз алаңдатады. Бұндайда «біреудің кесірі біреуге тиеді» деген сөз еске түседі. Себебі ауыл тұрғындарының бірқатары тазалық үшін үлесін қосуға барын салса, бірқатары басқалардың еңбегін бағаламайды. Неге?

Nur (1)

Бүгіндері ауылдың тазалық мәселесіне өз еңбегімен араласып, жәрдем беремін деген «Нұр» жеке кәсіпкерлігі өз жұмысын жүргізуде. Ашылғанына екі жылдан аса уақыт өтсе де, аталмыш кәсіпкерлік бұған дейін фото-видео монтаждау, сауда салалары бойынша қызмет көрсетіп келеді. Соңғы уақыттары олар ауыл ішін қоқыстан тазалау мақсатында жаңа істі де қолға алуда. Жеке кәсіп иесі Нұр Ғаббасовтың сөзіне сүйенсек, тазалық мәселесін бір жүйеге түсіру әлі де айтарлықтай уақыт пен қажыр-қайратты талап етеді екен.

– Осыған дейін тазалық мәселесінің қайта-қайта айтылғанын естіп, өзім де үлесімді қоссам деген ой келді. Содан халықпен келісімшартқа отыруды жөн көрдік. Бүгінде Тасқала округі бойынша 800 үй келісімшартқа отырды. Бұл ауыл тұрғындарының 60%-ы. Келісімшартқа отырғандарға қойылатын талап – кісі басына 100 теңгеден төлеу. Бұл айына бір рет қана төленеді. Ал қоқыс бір айдың ішінде 8 рет шығарылады, – дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, «Нұр» жеке кәсіпкерлігі бір отбасынан 500 теңгеден артық қаржы алмайды. Егер көпбалалы отбасы болып, үйде 6-7 адам тұратын болса, ол жанұя тазалық үшін тек 500 теңге төлейді. Бұл аталмыш кәсіпкерліктің тұрғындарға жасаған жеңілдіктерінің бірі ғана. Үйдегі тұрмыстық қалдықтардан құтылудың амалы сан түрлі. Дегенмен ол өзіңе ғана емес, өзгеге де зиян келтірері сөзсіз. Мысалы, бүгінде «Нұр» жеке кәсіпкерлігімен келісімшартқа отырған халық үшін өзгелердің тигізіп жатқан зияны жоқ емес. Бұлай деуімізге себеп, келісімшартқа отырмағандар қатары қоқысты кез келген жерге тастап қана қоймай, көршілері шығарып қойған қоқысқа қосып қоятындарына не дерсіз? Мұндай жағдай аз кездеспейді.

– Біз дүйсенбі күні таңғы сағат 8-ден «Сәулет» шағын ауданынан бастап, жақын жердегі көше бойын тазалап шығамыз. Сейсенбі күндері өзге бағытта жұмыстанамыз. Мысалы, С.Жақсығұлов шағын ауданын және сол маңдағы көшелерді аралаймыз. Келісімшартқа отырған халық қоқысты қай уақытта шығару керегін өздері біледі. Бейсенбі және жұма күндері осы жүріп өткен көшелерді тағы бір аралап, қоқыстарды алып кетеміз. Тұрғындар жұмыста немесе басқа да бір себептермен үйде болмай қалатын болса, қоқысты уақытынан ерте шығарып кетеді. Ондай кезде ит пен мысық шашып тастауы әбден мүмкін. Шашылған қоқыстарды өзіміз жинап, салып аламыз. Бір өкініштісі, келісімшартқа отырмаған тұрғындар кезінде тұрған контейнерлердің орнына қоқыс төгіп кетеді. Оны біз сәрсенбі күні тазалап өтеміз. Негізі, келісімшартқа отырмағандардың қоқысын тазалау, контейнер орнын жинап шығу менің міндетіме жатпайды. Тек жұмысымды адал істейін, соған орай нәтижесін көрген халық оң қабақ көрсетер деген ниет қана, – дейді Нұр Ғаббасов.

Nur (2)

«Мен неге қоқыс жайлы ойлануым керек? Ай сайын коммуналдық төлем төлеп отырмын ғой» дейтін тұрғындар да бар. Мұндайда айтарға жауап таппайсың. Қоршаған ортаны, табиғатты сақтау кішкентай ғана ниеттен басталатынын әр адам ұғынса, игі. Ал оңды-солды жиналған түрлі санаттағы тұрмыс қалдықтары қоқыстың кері ауылға кірмеуі үшін ауыл сыртына шығарылып, жақында ғана шұңқырға көмілді.

С.Жақсығұлов көшесінің тұрғыны Назерке Мұстафина да өз пікірімен бөлісті.

– Қоқыс алып кететін көліктер күнделікті, уақтылы өз жұмыстарын тиянақты атқарады. Біз дүйсенбі және бейсенбі күндері үйіміздегі қоқыстарды пакетке салып есік алдына шығарып қоямыз. Менің байқағаным, келісімшартқа отырмаған адамдар да, қоқыстарын шығарып қояды. Бірақ қоқыс тасушылар оларды бөліп-жармай, тиеп кетіп жатқандығын көзімізбен көріп жүрміз. Аталмыш серіктестіктің ыждағатты істеріне ризамыз.

Сондай-ақ кәсіпкердің айтуынша, қоқыс шығару жұмысынан айтарлықтай пайда түсіп отырмаған сыңайлы. Әйтсе де осы жылы алға жылжу барын жасырмайды. Бірақ бара-бара халықтың оларға деген сенімі күшейіп, жұмыстары жүріп кетер деген ойлары да жоқ емес. Айта кетейік, «Нұр» жеке кәсіпкерлігі ауыл ішінен жинап шыққан қоқысты ауыл сыртындағы көң-қоқыс орнына төгеді. Ал ауыл маңын жатқа білетін тасқалалықтар ол көң-қоқыс үйілген орын қандай жағдайда екенін біз айтпасақ та, жақсы біледі. Күнделікті шығатын тұрмыс қалдықтарын сұрыптап, арнайы қоқыс жәшіктеріне салу, қоршаған ортаны қорғау – әрқайсымыздың міндетіміз. Сондықтан ауылдастар, өз туған жерімізді қастерлеп, аялайық. Тазалықты барымызша сақтайық!

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Рысқаным Дауытова:

– Әрине, бұрын көшелерде шашылып жататын күл-қоқыс ауыл ажарын кетіріп тұратын. Соңғы кездері қоқыс жинаушылардың жұмысы оң нәтижесін беріп жатыр деп айта аламын. Уақтылы қоқысты жинап алып кетеді. Олардың жұмысының арқасында тұрғындар да қалыпты тәртіпке үйренді. Мұның бәрі аудан басшысының еңбегі екенін жақсы білеміз. Лайым тек осылай туған жер гүлденіп, жарқырай берсе игі.

Бақыт Мұратова:

– Скоробогатов көшесінің тұрғынымын. Иә, соңғы уақытта бұрынғыдай берекетсіз шашылып жатқан керексіз заттар көзге шалынбайды. Өзім тазалықты жақсы көретіндіктен, ауыл ішінде орын алған тәртіп қуантып жүр. Қоқысты да уақытында буып, түйіп жинап қоямыз. Машинамен алып кетеді. Ешқандай артық әңгіменің айтылуы мүмкін емес. «Еңбек етсең, емерсің» дейді ғой. Осы тазалық жұмысына атсалысып отырған жауапты адамдарға айтар алғысым шексіз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале