24.03.2022, 19:00
Оқылды: 43

«Нұр жауғызған Әз Наурыз»

Жаңақала ауданы «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы алаңында Ұлыстың Ұлы күні – 22 наурыз мерекесіне орай мерекелік жиын өтті.

IMG-20220324-WA0067

Іс-шарада аудандық аурухана мен аудандық сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен көрініс көрсетіліп, қазақы заттармен көмкеріліп тігілген киіз үйлерде жұртшылық ұлттық тағамнан дәм татты. Алдымен, аудандық мәдени-демалыс орталығы ұжымының және мекеме қызметкерлерінің ұйымдастырған концерттік бағдарламасында аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева жиналған жұртшылықты әз наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Одан әрі «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының ұжымы «Нұр жауғызған Әз Наурыз» атты салтанатты іс-шараны бастады. Көрермендер киіз үйде ежелден келе жатқан көне бұйымдар көрмесін тамашалады.

IMG-20220324-WA0066

Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің бірі «Тұсау кесу» рәсімін жасап, қойылым көрсетіп көпшіліктің көңілін көтерді. Содан кейін дастарқан басына жайғасып, қазақтың халық әні «Дастарқан» әнін шырқап, бата берді.

Қазақы бұйыммен көмкерілген келесі киіз үйде аудандық аурухананың ұйымдастыруымен ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрыпты жаңғырту мақсатында жас нәрестеге азан шақырып ат қойып, бесікке салу рәсімі өтті. Алдымен келген қонақтарға шашу шашып, мерекемен құттықтады. Жылдағы дәстүрге сай жоғарғы деңгейде оздырылған шағын мерекелік іс-шара соңында «Бесік жыры» айтылып, бата беріліп, жиын қорытындыланды. Сонымен қатар спорттық іс-шараларға да уақыт табылып, аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастырумен гір көтеру, ләңгі тебу ойындары өтті.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале