1.03.2024, 9:30
Оқылды: 29

«NURAI» ансамблі жүлде алып келді

 Таяуда Атырауда өткен республикалық өнер байқауына қатысқан бәйтеректік «NURAI» би ансамблі облысымыздың намысын қорғап келді.

IMG-20240301-WA0004

          «ART-FESTIBAL - 2024» деп аталған байқауға Алматы қаласы, Ақтөбе, Түрістан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының 67 биі ұжымы қатысқан екен. «NURAI» ансамблінен, үлкен, орта және кіші топтардан 80 биші өнерлерін ортаға салды.

          Нәтижесінде «Жайық еркелері» биімен сахнаға шыққан үлкен топ пен африкалық биді өрнектеген орта топ гран-при иегерлері атанды. Ал заманауи би бойынша сынға түскен бәйтеректік бұрымдылар үш аталымда І орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ «Құрбылар» биімен көпшілікті тамсандырған кіші топтағылар ІІ орын алды. Осылайша үздіктер қатарынан көрінген жерлестеріміз қомақты жүлдеден құр қалған жоқ.

Атап айтқанда, мың бұралған бишілерді дайындаған екі жетекшіге Түркияға баруға сертификат табысталса, гран-при алған топтарға 26 наурызда Түркістанда болатын би байқауына жолдама тарту етілді.

IMG-20240301-WA0005

          Айта кетейік, биыл құрылғанына он жыл болатын аталмыш би ансамблі Үлкен Шаған мектебі жанынан жұмысын бастаған еді. Оның негізін қалған Гүлмира Алқанованың айтуынша, қазір ансамбльдің негізгі құрамы Үлкен Шаған ауылында болса, Көшім, Щапов ауылдарында оның бөлімшелері бар. «Нұрайлықтардың» саны бүгінде 112 өренге жеткен. Он жыл ішінде олар елуге тарта республикалық, аймақтық, облыстық өнер байқауларында сәтті өнер көрсетіп, еліміздің көптеген өңірлеріне барған. Сонымен қатар онға жуық халықаралық сайыстарда бақ сынау үшін жақын шетелдерге де шыққан. Мәселен, былтыр Батуми (Грузия) мен Мәскеуде (Ресей) өткен халықаралық би байқауларынан бас жүлдемен оралды. 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйырғымен оларға жоғары орындау шеберлігі үшін «үлгілі ансамбль» атағы берілді.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале