7.12.2021, 18:01
Оқылды: 35

«НұрАй» ансамблінің кезекті жеңісі

Би өнерін жан-жақты дамытып, осы сала мамандарының кәсіби шеберліктерін арттыру, жас бишілер арасындағы шығармашылық қатынасты қалыптастыру және би ұжымдарының деңгейін арттыру мақсатында хореографиялық өнерден ұйымдастырылған республикалық «Движение» конкурс-фестивалі мәреге жетті.

Screenshot_20211207-173148_Instagram

Байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген би ұжымдары әртүрлі аталымдар мен деңгейлер бойынша өзара сынға түсті.

Аталмыш өнер додасында бәйтеректік үлгілі "НұрАй" би ансамблінің бишілері де өнер көрсетті. Би ұжымының Үлкен Шаған және Щапов ауылдарындағы филиалының бишілері байқаудың екі аталымында сынға түсті. Олар көпшілікке төрт би ұсынды. Жалпы, конкурсқа жүзге жуық би ансамбльдері қатысқан.

Бәсі биік бәсекеде өнерпаздардың орындау шеберліктері ғана емес, ұжымның туындыны аша білуімен қатар, сахна мәдениетін сақтауы, өз-өздерін ұстай білуі қатал сынға түскен.

Қорытындысында 8-10 жас аралығында бишілер сынында Лаура Тлеккабылова дайындаған щаповтық өрендер "Loud greetings to the world" биімен екінші орынды еншілесе, қос ұжымды араластыра жасақталған құрам 6-14 жастағы бишілер бәсекесінде «Freestyle» биін ұсынып, жеңімпаз атанды.

Сонымен бірге Көшімнің бүлдіршін бишілері 8-10 жасар өнерпаздар сынында «Детский бум» және аралас құрам, яғни 14-16 жас аралығындағы бишілер жарысында «Express» туындысын паш етіп, байқаудың бірінші орнына ие болды.

Би ұжымының жетекшісі Гүлмира Алканованың айтуынша, байқауда бәсекелестік жоғары болыпты. Әр өңірдің үздіктері жиналған бәсекеде көрермен көзайымына айналып, қазылардың оң бағасын алу оңайға соқпаған екен. Дегенмен аудан бишілері сын сағатта шалыс баспай, өнерлерімен көпшілікті тәнті ете алған.

Назерке Сыйлыбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале