23.04.2021, 10:11
Оқылды: 126

«НұрАй» бишілері - жеңіс тұғырында

Жас бишілердің хореографиялық шеберліктерін дамыту, шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдау және балалардың бойына мәдени құндылықтарды сіңіру мақсатында ұйымдастырылатын «Ақ шағала» республикалық хореографиялық фестиваль-байқауы мәресіне жетті.

7C38886E-A77A-4D6C-BCAD-07E9FB1718B7

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған дәстүрлі бишілер сайысы - ел мәдениеті саласындағы айтулы шаралардың бірі.

Елдегі жағдайға байланысты онлайн форматта өткізілген байқауға Бәйтерек ауданы, Көшім ауылдық округінің үлгілі «НұрАй» би ансамблі қатысты. Би ұжымының жетекшісі, белгілі хореограф Гүлмира Алканованың айтуынша, би байқауына іріктеу қиын болыпты. Еліміздің ең үздік бишілері қатысатын жарыс болған соң фестивалдің елішілік кезеңінде бақ сынайтын би ансамблдер қатаң тексерістен өткен.

306FDD15-E06C-4040-A37E-B189E80BDF18

-Облыстық кезеңде бас жүлде иелендік. Одан соң құжаттарымыз бен биіміздің бейнеролигі республикалық кезеңге жолданды. Бір ай бойы видеомыздың монтажсыз болуы мен құжаттарымыздың дұрыстығы тексерілді. Десе де ұйымдастыру жағы жоғары деңгейде болды,-дейді «НұрАй» би ансамблінің жетекшісі Гүлмира Алканова.

Еліміздің барлық аймағынан іріктелген үздік 16 би ұжымы бақ сынаған жарыстың финалдық кезеңіне тек тоғыз ансамбль өткен.

-Фестиваль ережесіне сай әр би ұжымы бір ұлттық және бір заманауи би дайындауы керек болды. Қатаң іріктеуден соң біраз ансамбльдің бір биі финалдық кезеңге өтпей қалды. Тек павлодарлық бишілер мен біздің ансамблдің ролигі ғана дайындаған екі биімен де үздік тоғыздық қатарына енді,- дейді Г.Алканова.

A068A0C9-96C5-49C3-8126-1031D4F23CEF

Осылайша бір ай бойы қазылар алқасының қатаң тексеруінде болған би фестивалінің қорытындысында «НұрАй» би ансамблінің «Ғасырлар тоғысы» биі "Қазақ биі" аталымында екінші орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар "Заманауи би" аталымына ұсынған «Express» биі ерекше қойылым номинациясын иеленді.

Біраз жылдан бері аудан көрермнін үздік биімен қуантып жүрген «НұрАй» ансамблі бұл жетістікпен тоқтап қалмасы белгілі. Алдағы аптада олар «Биле, Ақжайық» атты конкурсқа дайындалуда. Сәттілік тілейміз.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале