8.01.2024, 11:45
Оқылды: 73

Нұрболат Қабиев: «Әр адамның өз тағдыры, өз жанары бар»

2016 жылы Жымпиты сахнасында Димаш Құдайберген концерт берді. Керемет кештің соңында Сырым ауданының сол кездегі әкімі Абат Шыныбеков шығып, құттықтау сөз сөйлеп, әншіге ауыл шеберлерінің қолынан шыққан кәдесыйды тарту етті. Ағаштан ойып жасалған қобыздың бауырынан күллі ғаламға қоңыр үн тарап тұрғандай екен. Жас талант оны жақсы ырымға балады.

 PHOTO-2024-01-03-17-44-18

Қызығы сол, Димаш Жымпитыдағы концертінен кейін ертесіне Қытай еліне ұшып кетті. Әрі қарай «I’m Singer» жобасына қатысып, қылдан нәзік дауысымен дүниені дүр сілкіндіріп, бір түнде әлемнің жұлдызы болып оянды. Менің есіме бірден Сырым елі ырымдап берген қобыз түсті.

Кейінірек Димаштың ата-анасы талантты ұлдары туралы отырып сұхбат берген уақта әншінің шаңырағының төрінен ағаш қобызды байқап қалдық.

Ал Димаштай дарабозға тұмар болған осы туындының авторы Алғабаста тұратын қарапайым ауыл мұғалімі Нұрболат Қабиев екенін санаулы адам ғана біледі.

002e1615-c577-4e0a-9b32-9f4f8782f10e

Нұрболат Қабиев – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университенінің «Бейнелеу өнері» факультетін тәмамдаған кәсіби суретші. Бірақ, Әбілхан Қастеев «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім!» дегендей, Нұрекең бейнелеу өнерінің тылсымын Алғабастың ала шаңынан, мінезін Аңқатының толқынынан, ал бояуын даласының жусанынан алғанға ұқсайды.

Нұрболат суретті ақ кенепке емес, ағашқа, сүйекке, теріге салады. Мәселен, оның коллекциясында Сырым, Махамбет, Исатай, Бауыржан Момышұлы секілді айбынды батырлардың, ақиық Мұқағалидың тақтай бетіне күйдіріп салынған суреттері бар.

- Адамның сұлбасын сызып, кескіндейміз ғой. Жанарын салу қиын. Әр адамның өз тағдыры, өз жанары, өмірге деген өз көзқарасы бар. Сондықтан да, тұлғаларды бейнелеу кезінде олардың кім болғанын, тарихи еңбегін оқып, зерттемей болмайды. Көздері өздері жайлы сөйлеп тұрса деймін. Мен көшірме суретке үйір емеспін. Әр картинаны өз қиялымнан жазамын! – дейді Нұрболат Қабиев.

Бізді ерекше таң қалдырған – ағашқа бедерленген Қадырдың бейнесі. Ақынның әлемі, атамекенге деген аңсар – махаббаты, биік парасаты бір тақтайға қалай сыйған? Нұрекең Қадекеңнің жайдары жүзін желбіреген ақ парақтан көрсетеді. Міне, ақынға берілген баға. «Ақынның өмірі – өлең, тағдыры – кітабы, әр сәті – парағы!» деп, тұрғандай.

Нұрболат мырза бұған дейін де Қадырға арнап картина жазған. Екіншісіне бір апта уақытын жұмсапты.

- Сапалы ағаш табу қиын, қолға түскен шикізатты өнерге пайдаланамын. Арнайы материал сатып алуға қол қысқа. Зергерлікке де қызығамын. Қазір сүйек өңдеуге кірісіп жүрмін. Оның өзі бір әлегі көп жұмыс екен. Жұмыс кабинетімде сүйек күйдіріп, иісі мектепті алып кетіп, ыңғайсыз жағдай тап болғаным бар, – деп, күледі суретші.

Нұрекең қазіргі уақытта Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығында жас ағаш шеберлерінің үйірмесіне жетекшілік етеді. 2017 жылы Астана қаласында өткен «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесінде ауыл мұғалімінің бұйымдарын шетелдіктер зор ықыласпен сатып алды.

40-қа жуық саз аспабының мүсінінен тұратын «Ынтымақ әуені» композициясы шебердің әйгілі жұмысының бірі.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Фотоға түсірген: Нұрболат Жұмағазиев

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале