Сырым ауданына белгілі дінтанушы, теолог Нұрлан Байжігітұлы келіп, халықпен жүздесті. Оның Батыс Қазақстан облысындағы сапарына БҚО Дін басқармасы мен “Парасат” қоғамдық бірлестігі, “QUBYLA - медиа” ұжымы және жанашыр азаматтар себеп болды.
Әдетте, діни бірлестіктердің өкілдеріне кітаби сөйлеу тілі тән. Ал, Нұрлан Байжігітұлы өзінің уағыз-насихаттарын жеткізуде жеңіл мысалдар пайдаланады, терминдармен емес, қазақтың қызыл тілімен сөйлейді. Оның діни сауалдарға берген ұтқыр жауаптары әлеуметтік желі қолданушыларының көбінің көңілінен шыққан. Жамағатымен мешітте де, Tik - tok желісінің тікелей эфирінде де жүздесе беретін дінтанушының білімі тайыз деп әсте айтуға болмайды.
Нұрлан Асанов Қазақстанның Жамбыл, Қарағанды өңірлерінде, кейін Қостанай, Өскемен, Ақтөбе қалаларында имамдық қызмет атқарған. Ол діни білімінен бөлек, Ресейде психология мамандығы бойынша да жоғары оқу орнын тәмамдаған.
Нұрлан имам түске дейін Бұлдырты ауылында, күн ауғасын Жымпитыдағы мәдениет үйінде кездесу өткізді. Дінтанушы ата-ана мен бала, әйел мен ер, азамат пен қоғам, билік пен халық арасындағы мәмілелер туралы айтты. Әсіресе, қазақы тәрбиенің мұсылмандық ұстындармен үндесетінін, жаңғырған жаңа ғасырда әр қазақ өз үйіне жауапты екендігін, сондықтан жанұялық құндылықтарға аса көңіл бөлудің маңызына тоқталды.
Имам әлеуметтік желіні пайдаланудың да шегін білуді сұрады
- Tik - tok желісінде аудитория көп. Оларға дін мен дәстүр тәрбиесін жеткізу үшін парақша аштым. Басқалай мақсатым болған жоқ! Әлеужелі - терезе. Әркім іздегенін көреді. Зиянынан сақтаныңыздар, - деді ол.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтай отырысында қара жамылудың, бет-ауызын тұмшалап, қара киім киюдің қазақ қоғамына жат екенін айтқан еді. Теолог та осы ойды қуаттады.
- Қасиетті Меккеде, әл - Харам мешітіндегі Қағбаны тауап етуге барғанда әйелдерге бетіндегі пердесін шешкізеді. Өзіміздің орамал, тақиямызды қадірлейік.Әр ұлт өз киімімен әдемі, - деді Нұрлан имам.
Кездесу соңында Сырым ауданының Жұмагелді Батырниязов Нұрлан Байжігітұлына рухани сұхбаты үшін алғыс айтып, шапан жапты. Мейманымыз қазақы қалыппен залда отырған қария, еңбек ардагері, жетікөлдік Ерсайын Рамазановтан бата сұрап, елдің рұқсатымен шапанын ақсақалға сыйлады.
Айта кетейік, Нұрлан имам - қазақтың тақия, шапанымен АҚШ - тың жүрегі Ақ үйге кірген адам. Ол осы көктемде Вашингтонда АҚШ Президенті Дональд Трамп берген қайырымдылық асқа қатысты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы