Бүгін (26 тамыз) Жалпақтал ауылындағы «Нұрхан» сауда үйінің иесі Гүлжанат Қайыржанқызының тікелей бастамасымен 2019 жылы негізі қаланған «Бәрі де рахмет үшін» қайырымдылық бұрышы мен «Мектепке жол» акциялары аясында әр жаңа оқу жылы басталар тұста оздырылатын қайырымдылық шарасы жүзеге асырылды.

Төрт жыл бойына үздіксіз қалыптасып, дәстүрге айналған «Нұрхан» командасының үрдісіне көп балалы ата-аналар мен мектеп оқушылары дән риза болып, алғыстарын жаудырды.

-Жылдағы дәстүрі бойынша бүгін «Нұрхан» сауда үйінің алдында мектеп оқушыларына арналған қайырымдылық шарасы өтіп, ауылдастарымыз бен мектеп оқушылары зор қуанышқа бөленді. Онда «Нұрхан» сауда үйінің иесі Гүлжанат Қайыржанқызы өзінің жомарт жүрегімен Жалпақтал, Жаңажол ауылдарында тұратын көп балалы жанұядан шыққан 40 оқушыға мектеп құралдарын тегін таратып, өзінің қайырымдылық акциясын жүзеге асырды. Біздер аталмыш мектеп ұжымдарының педагог ұстаздары мен оқушыларымыздың ата-аналары атынан кәсібін өрістетіп, келешек ұрпақтың болашағы үшін осындай ізгі қадамға барған Гүлжанат Қайыржанқызына шынайы алғысымызды білдіреміз, - деді Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Гүлназ Мусина.

Қаймағы бұзылмаған әрбір ауылда осындай қайырымдылыққа толы жарқын істер жалғасын таба берсін!

Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы