Ғалым Қаныш Сәтпаев Англияға жасаған сапарында Ұлыбританияның Премьер-Министрі Уинстон Черчиль біздің кең иықты, бойы сұңғақ, маңдайы жазық Қанекеңді көріп: «Барлық қазақтар сіз сияқты ұзын, биік пе?!» деп сұраған. Сонда академик: «Жоқ, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап қайтарған. Бұл - үлкен жүректен ғана шығатын сөз.

Қазір шетелде білім сапарында жүрген жымпитылық физик-ғалым Нұрхат Жакиевті көрген адам ең әуелі бойы туралы сұрайтын шығар деп ойлаймын. Еңселі, екі метр бойына сойы жарасқан ағамыз қазір АҚШ-тың әйгілі Гарвард Университетінің қабырғасында білім алып жүр. Арқасында рюкзак қана емес, елдің аманаты барын сезеді. Нұрхаттың түр-тұлғасы Қаныш атамызға қатты ұқсайды, ал арман - мұраты тіпті де аумайды.
Оқымысты жерлесімізден білім сапары, шетелдегі оқу мәдениеті туралы сұрадық.
- Біз Сізді елордада деп жүрсек, Сіз мұхит асып кетіпсіз. Шетелге жиі шығатыныңызды білеміз, бірақ бұл жолғы сапардың салмағы бөлек секілді. «Болашақтың» ұшырған қыранын Америка Құрама Штаттары қалай қарсы алды?!
- АҚШ – өзімнің саналы таңдауым. 2024 жылдың қарашасында Гарвард университеті ұсынған білім бағдарламаларының іріктеу кезеңінен өтіп, ғылыми тағылымдамаға шақырту алдым. 2025 жылдың наурызында тәуекел деп «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым. Сол аралықта, маусым-тамыз айларында Германиядағы Дортмунд университетінде DAAD бағдарламасымен ғылыми тағылымдамада болған едім. Жаңартылатын энергия көздерін теміржол жүйесіне интеграциялаудың оңтайлы жолын зерттеу жобасына атсалыстым.
- «Болашақ» бағдарламасының хабары қай кезде келді?!
- Сүйінші жаңалықты Дортмундта жүргенде естідім. - Нұрхат мырза, Сіз «Болашақ» бағдарламасының грантына ие болдыңыз! - деген хабар қуанышқа бөледі. Мемлекет арманыңа қолдау беріп тұрса керемет емес пе?! Елге келісімен құжаттарды рәсімдеу, виза жасату жұмыстарымен айналысып, қазан айында Гарвардтағы оқу аудиториясында отырдым.
- Қазақстаннан тек сіз бе?!
- Университетте түрлі бағдарламамен басқа елдерден келген (visiting scholar) тағылымдама зерттеушілер бар. Тобымызда 20 адамбыз, олардың 3 - еуі Қазақстаннан “Болашақ”бағдарламасымен келгендерміз. Мен Astana IT University -нен келдім. Муслим Кассенов пен Рахметолла Закарья - Нәрікбаев университетінен келген ғалымдар. Бұл бір жылдық тағылымдама, Алла қосса, келесі жылы тамызда елге қайтамын.
АҚШ - қа базарлық алып келуге бармағандарыңыз белгілі. Гарвард Сіздерге не береді?!
Жалпы университетте көп нәрсеге оқытып - тоқытып жатыр. Үйренеріміз, елге алып келер дүниеміз көп. Менің зерттеу тақырыбым - Орталық Азияның энергетика саласының даму жолдары. Жаңартылатын энергия көздері, сутегі мен атом энергиясы, т.б. тиімді және оңтайлы жетілдіру.
- Білім алудан бос уақытта алып мемлекетпен танысып жатқан шығарсыз. Жалпы, сырттан қарағанда Қазақстан қалай көрінеді?!
- Қараша айында бір апта ел астанасы Вашингтонда болдым. Үлкен конференция өтті. Бейбітшілік мәселесі талқыланды. Орталық Азияның геосаяси алаңда маңызды рөлі бар ойнайтыны, сирек металл үлесінде Қазақстан тиімді орында екені, Ресей мен Украина, Қытай мен АҚШ, Израиль мен Палестина текетіресі сынды ахуал аясында еліміздің тәуелсіздігі, бейбіт дипломатиялық бейтараптығы ұтымды болып тұрғандығы айтылды. Төңіректегі ғылым. маңызды шаралардан қалмауға тырысамын. Мен қатысқан кеңестің бірі - MRS материал зерттеушілер қоғамының жылдық отырысы.
Қазір жұрт “Кітап пен газеттің дәурені өтті. Дамыған ел ғаламтордан - ақ бәрін табады.” - деп жүр. Сыртта жүрсіз ғой, дамыған елдер шынымен қағаз басылыммен қоштасты ма?! Оқу мәдениетінің кенжелеуі байқала ма?!
АҚШ - тағы мен байқаған жағдайды айтайын. Бұл жақта кітапхана жүйесі жақсы дамыған. Кітап та, газет-журнал да жақсы оқылады. Кітапханаға тұтас күнін өткізем деп жоспарлы түрде келген адам көп. Сәбиден- әжелерге дейін…АҚШ - өте үлкен ғой. Мен тек көргенім Бостон, Нью-Иорк, Вашингтон шаһарларя. Ол қалалар жоғарғы оқу орындар көп шоғырланған, университеттері көп, кітапханалары мен мәдени орталықтарға бай қалалар. Орталық кітапханаларда, әлемге әйгілі Вашингтонның конгресс кітапханасында, музейлерде кітап, газет парақтаған адамдар өте көп. Күн жылы кезде баспалдақта отырып, газонға жантайып оқи береді.
- Білім жүйесінде ше?! Мұғалімдер қолына газет ұстай ма?
- АҚШ - тағы жоғарғы оқу орындарында білімге ең бәсекеге қабілеттілері, қазақша айтқанда “ қаймақтары” жиналған шығар. Бұл жақта конспектілеу әдісін бірінші күрстан дағды етіп қалыптастырады. Адами түйсікке, адам құқығына, топтық жобалық жұмыстарға және эмпатияға көңіл бөледі. Экрандағы презентацияны смартфон камерасына түсіріп алудан гөрі профессорлардың өзі коспект жасап, қойын дәптеріне түртіп отырады. Жазу бар жерде оқу болады. Жазу мен оқудан алыстау - қауіпті. Қалам мен қағаз - өркениетті елдің қаруы.
Кітапханаға дүкенге барғандай бара ма сонда?!
Бір Гарвардтың өзінде бірнеше кітапхана мен қор бар. Сирек кітаптар жинағы, заңнамалар залы, микропленкадағы газеттер, сандық көшірмелер, көне қолжазбалар, т.б. Айталық, АҚШ бойынша Вашингтондағы конгресс кітапханасы кітап қоры бойынша бірінші орында болса, одан кейінгі орында Гарвардтың Уиденер кітапханасы. Сыртынан үш қабат болғанымен, астындағы тағы жеті қабат бар. Сірескен қағаз бен кітап. Ойлап көріңіз, үш қабатты кітапхананың бірі тек медицина тақырыбына арналған. Массачусетс технология институты (MIT) да кітапханасы көп бөлек бір әлем. Бұл нені түсіндіреді? Ақпараттың бәрі ғаламторда емес, кітапта. Қазақ “Артық білім кітапта” деп дұрыс айтқан. Даму үшін оқу керек!
Уақыт тауып, әңгімелескеніңізге рахмет! Елге аман оралыңыз!
Сұхбаттасқан:
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы