13.02.2025, 23:00
Оқылды: 217

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Шыңғырлау ауданындағы жағдаймен танысып шықты

Былтырғы жылдың көктем мезгілінде қарт күрт еріп, өзендер арналарынан асып, біраз әбігерге түскен болатынбыз. Шыңғырлау ауданы бойынша Ақтау, Торыатбас, Қарағаш, Қайыңды, Алмаз, Ақшат, Ақбұлақ ауылдарында су басу қаупі туындап, адам күші мен техникалардың көмегімен тасқынға тосқауыл болдық. Десе де, сақтықта қорлық жоқ, ертеңді ертеден ойлап, алдын алу шараларына дайындық жыл басынан басталып кетті. Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын төтенше жағдайларға дайындау мақсатында бірнеше рет оқу-жаттығулар, саптық байқаулар ұйымдастырылды. Аталмыш жұмыстарды пысықтап, жағдаймен танысу үшін облыс әкімі Нариман Төреғалиев Шыңғырлау ауданына арнайы келді.

image-13-02-25-10-10-17

Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев облыс басшысы бастаған топты ең алдымен Алмаз ауылдық округіне қарасты Сегізсай ауылына қарай бағыттады. Ауылға кіре беріс 5км жолдың бойында 5 су сақинасы бар. Бақылау жұмыстарын ең бірінші орналасқан ең үлкен су өткізу тұрбасынан бастап, жол бойын жағалай қалғандарын тексеріп шықты. Еріген қар суы қатынас жолдарын шайып кетпесі үшін 2023жылы қойылған үлкен тұрбалар биік әрі берік екен. Бұл өлкелерде су басу қаупі болмаса да көлік қатынайтын жолдардың шайылып кетуі бұған дейін орын алған болатын. Ендігіде табиғаттың тосынына жолдардың да төтеп беруіне жағдайлар жасалып жатыр.

image-13-02-25-10-10-20
Кейін жаңадан салынған қорғаныс бөгетін қарау үшін Ақшат ауылына бағыттады. Су бөгетінің ұзындығы 700метр, биіктігі 1,5метр, ені 2-2,5метр болады.

image-13-02-25-10-10-24
Осындай жаңадан салынған бөгеттердің бірі – Қайыңды ауылында да бар. Облыс басшысы ат басын осы ауылға қарай бұрып, ұзындығы 1000метр, биіктігі 1,5метр, ені 2-2,5метр болатын жаңа қорғаныс бөгетін өзі көзімен көріп шықты.
Айта кетелік, осындай бөгеттерді 5 елді-мекенде салыну жоспарға алынып, бүгінгі күні толық орындалып отыр. Жоғарыда атап өткен Ақшат, Қайыңдыдан бөлек, Ақтау (ұзындығы 800метр, биіктігі 1,5метр, ені 2-2,5метр), Ащысай (ұзындығы 600метр, биіктігі 1,5метр, ені 2-2,5метр), Мырзағара (ұзындығы 400метр, биіктігі 1,5метр, ені 2-2,5метр) ауылдарында да салынды.

image-13-02-25-10-10-16

Су бұру жүйесімен қорғаныс бөгеттерін орнату және нығайту жұмыстарының нәтижесін өз көзімен көріп, бақылап шыққан облыс әкімі Нариман Төреғалиев аудан орталығына да тоқтап саптық байқауға қатысты.

image-13-02-25-10-10-22

13 жауапты мекеме сапқа тұрып, өздерінің дайындық жағдайын баяндады. Облыс басшысы барлық органдардың адам күшін, техникалары мен құрал-жабдықтарын қарап шығып, алдағы жауапты кезеңге жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

image-13-02-25-10-10-13

Жұмыла көтерген жүк жеңіл деп, бірлесе қызмет етіп, жақсы нәтижелерге жетуге сәттілік тілеп, оқу-жаттығуды қорытындылады.

Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале