Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев Шыңғырлау ауданына жұмыс сапарымен келді. Аймақ басшысы ең алдымен Ащысай ауылына ат басын тіреп, өткен жылы «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен Ащысай орта жалпы білім беретін мектеп-балабақшасының жұмысымен танысты. Жалпы ауданы 2445,5 шаршы метрді құрайтын білім ордасының әр кабинеттерін аралап, оқушылармен және ұстаздармен кездесті.
Одан әрі өңір басшысы Шыңғырлау ауылына бет алды. Аудан орталығындағы үш қабатты көп пәтерлі тұрғын үйде жүргізіліп жатырған құрылыс жұмыстарын қадағалады. Облыс әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысанның құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер «АқсайСтройСервис және К» ЖШС учаскі бөлімінің басшысы Орынбасар Кушевпен жолығып, жұмыстардың барысын сұрады. Өңір басшысы құрылыс барысында ең алдымен сапаға аса мән беруді тапсырды.
"Теща" супермакетінде Нариман Төреғалиұлы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларына тоқталып, аудан кәсіпкерлерімен жүздесті. Одан кейін облыс басшысы аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысын тамашалады. Жаңа ғимаратта жатығушы жастармен және спорт ардагердерімен, ауыл ақсақалдарымен кездесті.
Нариман Төреғалиұлының жұмыс сапары аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесу жиынымен жалғасты.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz