13.01.2026, 12:00
Оқылды: 168

Облыс әкімі Тасқала ауданындағы су тасқынына дайындық мәселесін жан-жақты тексерді  

 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Тасқала ауданында болып, су тасқынына дайындық мәселесін жан-жақты тексерді.

Облыс әкімі (1)

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы бастаған топ Бірлік және Тасқала ауылдарында болып, су басу қаупі жоғары бірқатар аумақтарды аралап, көктемгі су тасқынын алдын алу бойынша атқарылған шаралар барысымен танысып, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

«Су тасқынының алдын алу шаралары жүйелі әрі сапалы жүргізілуі тиіс. Сіздердің аудандарыңыз су тасқыны бойынша  қауіпті  аудандардың бірі. Сондықтан, артық қамыстарды шауып,  ең қауіпті деген  аймақтарға баса назар аудару керек. Өзеннің бұрылыстарын қадағалап, мұз жарылатын орындарды алдын ала анықтау маңызды. Өзен аудан орталығы арқылы өтетіндіктен, су мәселесін кешенді түрде шешу қажет. Биыл қар қалың түсті. Сондықтан техниканың толық дайын болуы  басты талап. Өткеннен сабақ алып, алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар нәтижесін беру керек», - деді облыс әкімі.

Облыс әкімі (6)

Сондай-ақ, өңір басшысы соңғы уақытта өзен арнасын тазалау мақсатында тендер ойнатылғанын айтып, алдағы уақытта шамамен бес шақырым Деркөл өзенінің белгілі аумағы тазартылатынын жеткізді. Бұдан бөлек, су қоймасын салу мәселесін қарастыру керектігін атап өтті. Бұл бір жағынан су тасқынының алдын алса, екінші жағынан ауыл шаруашылығына да оң әсерін тигізбек.

Аудан әкімдігінің берген ақпаратына сүйенсек, 2026 жылғы су тасқыны қаупін азайту мақсатында бірқатар нақты жұмыстар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, «Батыс Ирригация» мекемесінің арнайы техника көмегімен 2300 метр Деркөл өзен жағалауы тереңдетіліп, 5 бұрма қазылды. Далалық аймақтардан келетін еріген қар суының Деркул өзеніне кедергісіз құйылуын қамтамасыз ету үшін Саябақ көшесіне арық қазу және  Құрманғалиев каналын 300 метр ге дейін тереңдету жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, аталмыш каналдың жиегі биіктетіліп, нығайтылды. Ауданның оңтүстік-шығысындағы «Тасқала» бөгетінде де маңызды жұмыстар атқарылды. Мұнда еріген қар суын ұстап қалуға арналған бөгет толықтай нығайтылып, көтерілді. Бірлік ауылында суағар каналды тазалау және нығайту жұмыстары жүргізіліп, канал қамыс пен шөптен тазартылып, жағалауы биіктетілді.

Облыс әкімі (5)

Атамекен ауылындағы Шежін өзенінің жағалауы көтеріліп, Мереке ауылындағы Шошқакөл бөгетінің жағалауы нығайтылды. Сондай-ақ, Ломоносов көшесінің іргесін көтеру жұмыстары жүргізілді. Және де демеушілік есебінен Атамекен аулының шетінен өтетін Шежін өзенінің бөлігі қамыс пен ұйма балшықтан тазартылды.

Бүгінде, аудан орталығында  4 мың қап құммен толтырылып дайын тұр. Оған қоса 70 тонна инерттік материал және 10 000 дана қап қолда бар.

Су тасқыны қауіпті кезеңіне 143 адам, 6 бірілк су соратын техника, 57 бірлік арнайы техника, 20 бірлік эвакуациялауға арналған техника, 24 бірлік жеңілк автокөлік және зардап шеккен халықтың жеке заттарын тасымалдау үшін 9 бірлік техника жұмылдырылатын болады.

Облыс әкімі (4)

Жалпы, атқарылып жатқан бұл жұмыстар су тасқынының алдын алуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды қорғауға бағытталған. Жауапты мекемелер көктемгі кезеңге дайындықты күшейтіп, бақылауды үздіксіз жүргізетін болады.

 

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале