Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев Жаңақала ауданына арнайы іссапармен келді. Алдымен Мәстексай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты.
Амбулаторияның 2023 жылы басталған құрылысы өткен жылдың желтоқсан айында аяқталды. 368 млн теңгеге салынған нысан 45 келушіге арналған. Ғимараттың көлемі 448,87 шаршы метр. Мердігері - НСК "МВМ CONSTRUCTION" ЖШС. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мадияр Өтешов, аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, басқарма, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Нариман Төреғалиұлы ауылдың игілігіне берілгелі тұрған дәрігерлік нысанның ашылу салтанатында ауыл халқының денсаулығына жақсы көңіл бөліп, сапалы медициналық қызмет көрсететіне сенім білдіріп және құрылыс жұмысын жүргізген мердігерлік ұйым басшылығына алғысын айтты. Облыс әкімінен кейін 40 жыл денсаулық сақтау саласында еңбек еткен сала ардагері Райса Мақсотқызы сөз кезегін алып: - Бүгін біз үшін ерекше әрі тарихи күн. Ауылымызда амбулаторияның ашылуы денсаулық сақтау саласындағы үлкен қадам. Бұл нысан тек ғимарат қана емес жаңа үміттер мен үлкен мүмкіндіктердің бастауы. Медицина саласында 40 жыл еңбек еткен ардагер ретінде медицина қызметкерлерін ауыр әрі аса қадірлі еңбегін жақсы білемін. Біздің алдымызда адамдардың өмірін, денсаулығын сақтау міндеті тұр. Сондықтан мұндай аурухананың ашылуы біздер үшін қуаныш әрі жауапкершілік. Бұл нысан заманауи технологиямен жабдықталған. Сондықтан тәжірибелі дәрігерлер мен жас мамандардың орны болатынына сенемін. Емделушілерге сапалы қызмет көрсетіледі деп ойлаймын. Осы ерекше күнмен құттықтау отырып, ұжымға жемісті еңбек, сәттілік тілеймін, - деп тілегін білдірді.
Ел игілігіне ұсынылған нысанның кілтін НСК "МВМ CONSTRUCTION" ЖШС өкілі Абай Темірғалиұлы мен Мәстексай ауылдық амбулаториясының фельдшері Шынар Ажғалиеваға табыстаған соң Нариман Төреғалиұлы мен Райса Дүйсенғалиева ғимараттың салтанатты түрде лента қию рәсімін жасады. Өңір басшысымен бірге тұрғындар мен қонақтар медициналық амбулатория ішімен танысып шықты.
Одан соң өңір басшысы С.Меңдешев атындағы ЖОББМ-не аялдады. Ол өз кезегінде көп жыл жөндеу көрмеген мектептің биылғы жылы жөнделетінін айтып, ұстаздар қауымын жақсы жаңалығымен қуантты. Мектептің жай-күйімен танысқаннан кейін "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында "АтаШал" АШӨК-тың "Дәмді" шағын дүкеніне барды. Дүкен иесі Ақмарал Серікқызы құс еті мен жұмыртқасы, қазы, табиғи сусындарымен таныстырып, қазіргі кезде шетелдік денсаулыққа зиянды сусындар мен тағамдар көбейіп бара жатырған соң осы мәселеге қатысты өз өнімдерін шығарып жатырғанын айтып өтті. Сондай-ақ келешекте қойдың жүнін пайдаға асыруға құрал-жабдықтар сатып алуға жұмыстанып, ауылдың қыз-келіншектерін жұмыспен қамтымақ жоспарларымен бөлісті. Облыс әкімі кәсіп иесіне ризашылығын білдіріп, әрқашан қолдайтынын танытатынын жеткізді. Содан кейін аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев Мәстексай ауылынан шыға берістегі Жаңақазан бағытындағы көпірдің жай-күйімен таныстырып, аудандағы үш көпірге күрделі жөндеу қажеттілігі туралы айтып өтті.
«Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында елімізде ауылдық білім ошақтарының заманауи талаптарға сай жаңғыртылып жатқанын атап өту маңызды. Осы жоба бойынша Жаңақала мектеп-гимназиясы да жаңартылып, ауыл балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік беретін тірек мектепке айналды. Жобаның стратегиялық мақсаты – тірек мектептерінің мұғалімдері мен оқушыларының оқытуына арналған «жайлы мектеп» құру, ең бастысы білім беру сапасын көтеруге, үздік педагогикалық технологияларды, білім беру ортасын толықтай жаңа қалыпта енгізуге, заманауи материалдық-техникалық базаны жасауға үлес қосуы болып табылады. Аталмыш мектепке «Қазақстан халқына» қоры арқылы 250 млн теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда 36 сынып қайта жабдықталды. Нариман Төреғалиевтің келесі тоқтаған нысаны Жаңақала мектеп-гимназиясы болды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафиуллин, аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, бөлім, мекеме басшыларымен бірге жаңадан жабдықталған сыныптарды аралап, аталмыш білім ордасымен танысты.
Сыныптардағы жиһаздар жаңартылып, эргономикалық орындықтар мен парталар қойылған. Физика, химия, математика, биология, география, информатика, жаратылыстану кабинеттері де нағыз заманауи білім беру сыныптарына айналған. STEM-зертханалары оқушыларды математика, инженерия, сандық технология және жаратылыстану ғылымдардың білімдерін кеңейтуге қызығушылық танытады. ART-студиясы мен робототехника кабинетінің пайда болғанына балалар өте риза, мұнда шығармашылық тұрғыдан дамуға, эмоционалдық тұрғыдан күш алуға, өзіндік идеяларын жүзеге асыруға болады және бұл оқу үдерісінің барлық қатысушыларына жағымды оң серпіліс береді. Одан бөлек балалардың спортпен шұғылдануы және физикалық дамуы үшін мектептің дене шынықтыру залына да жаңа спорттық құрал-жабдықтар алынған. Сондай-ақ, мектеп педагогтары білімін шыңдау мақсатында Атырау қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқыту курстарынан өткен.
Өңір басшысының келесі тоқтаған жері аудан орталығында орнатылған бейнебақылау камераларының жай-бақылау болды.
Ауданда қоғамдық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ауданның орталық көшелерінің 45 нүктесіне 135 бейнебақылау камералары орнатылған. Аталған жұмыстардың барысымен облыс әкімі арнайы барып танысты.
Іске қосылған бейнебақылау камералары жол көлік оқиғаларын дер кезінде анықтап, жедел шаралар қолдануға септігін тигізеді. Сонымен қатар, бұл құрылғылар арқылы аудандық полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарды анықтауға және қылмысты шұғыл түрде ашуға әрі оның салдарын еркін анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа бейне бақылау құрылғылары арқылы көлік жүргізушілерін де тәртіпке шақырады. Көліктің жарық шамының жағылмауы, қауіпсіздік белдігінің тағылмауы, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы бақылауда болады.
Бейнекамералардың орталықтанған жүйесі аудандық полиция бөлімінің аппаратында орналасқан. Түсіру сапасы өте жақсы, құрылғылар 360 градуста, 200 метр қашықтыққа дейін жақындата алады.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілген Карманов «мектеп-балабақша» кешеніне де ат басын бұрды. Іргетасы 1984 жылы қаланып, бұған дейін еш көңіл бөлінбеген мектептің жағдайы қазіргі кезде жаңадан салынған мектептей болып өзгерген. Аталған жоба ауыл тұрғындарының көптен күткен жобаларының бірі. Бүгінгі күні күрделі жөндеуден өткізілген Карманов мектеп-бөбекжай-балабақшасы жаңа жиhaзбен және замануи құрал -жабдықтармен қамтылған. Ғимаратта бүгінгі таңда 133 оқушы білім алуда. Мектеп директоры Айгүл Әбілхайырқызы білім ошағының күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жабдықталған сыныптарымен, кітапханасымен, асханасымен, спорт залымен толықтай таныстырған соң құрылысы басталған Қырқопа дәрігерлік амбулаторияның аралап көріп, аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлына мердігердің құрылыс нысанын уақытылы бітіруін қадағалауды тапсырды. Келесі Қырқопа ауылдық мәдениет үйі мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Алдымен ауылдық округ әкімі Абзал Ахметов ауылдың әлеуметтік экономикалық жағдайымен қысқаша таныстырып, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алған АШӨК-тің, Қырқопада жасалынған жиһаз цехының, ауылда өндірілген бау-бақша өнімдерімен, ұлттық нышанда жасалған тігіншілік бұйымдарымен танысты. Кейін Қырқопа ауылының кітапханасын аралап көріп, «Қаладан ауылға» бағдарламасымен ауылға келген жастармен әңгімелесіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы