13.09.2025, 0:00
Оқылды: 265

Облыс әкімі Жәнібек ауданындағы бірнеше нысанның жұмысымен танысты

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Жәнібек ауданындағы магистральдық арнаны қайта жаңғырту жобасымен танысты.

image-12-09-25-09-48-2

Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын жобаның құны — 4,6 млрд теңге. Қайта жаңғырту жұмыстары 2025–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Жоба аясында су сорғы стансасы жөнделіп, 76 шақырым магистральдық және 92 шақырым таратушы арна жаңғыртылады. Нәтижесінде 6 285 гектар суармалы жер айналымға енгізіліп, ауыл шаруашылығы саласында тиімді пайдаланылмақ.
Аймақ басшысы жұмыс сапасы мен құрылыстың белгіленген мерзімде аяқталуы маңызды екенін айтты. Ол әр кезең мұқият бақылауда болуы керектігін, пайдаланылатын материалдар мен техника талапқа сай болуын тапсырды.

image-12-09-25-09-48-1
Сондай-ақ табиғатқа зиян келтірмей, су арналарын жаңарту кезінде экологиялық және техникалық талаптардың қатаң сақталуы керек екенін айтып, бұл мәселені жауапты мамандарға тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Көңілден шыққан қос құрылыс
Аймақ басшысы іссапар барысында аудан орталығындағы екі бірдей маңызды құрылыс нысандарын аралап көрді. Оның бірі – «Символ» ЖШС тарапынан салынып жатқан заманауи кітапхана ғимараты болса, екіншісі – «Техмонтаж-Астана» ЖШС жүзеге асырып жатқан М.Мәметова мен А.Иманов көшелерінің қиылысында орналасқан жаңа модульді спорт залы.
image-12-09-25-09-53-4
Нариман Төреғалиұлы қос жобаның да аудан тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарының қарқынына және сапасына жоғары баға берді. Ол жаңа әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуі – өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға, мәдени-спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған нақты қадам екенін айтты.
image-12-09-25-09-53-3
Сапар барысында аймақ басшысы құрылыс алаңдарында жұмыс жасап жатқан мамандармен тілдесіп, олардың пікірлерін тыңдады және өз тарапынан бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді. Аудан басшылығына мердігер ұйымдармен тығыз байланыста болып, айтылған ұсыныстарды ескеріп, жүзеге асыруды тапсырды.
Тікелей қадағалауға алынды
Өңір басшысы осы іссапары барысында «Бекет Сат Жол» ЖШС-і жүргізіп жатқан «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» 158-165 шақырымындағы автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарының басына барып қайтты.
image-12-09-25-09-50
Жыр болған бұл жолдың бітпеуіне себеп деп танылған сан түрлі сылтаулар айтылып келеді. Аймақ басшысы жұмысты соза бермей қыркүйек айының аяғында тапсырып болуларын талап етіп осы мәселені өз қадағалауында ұстайтындығын айтты.
image-12-09-25-09-50-3
Осы орайда «Жәнібек-Вишневка» екіжақты шекарадан өткізу бөлімінің жұмысымен де таныс болып қайтты.
Шаруалардың жаңа инновациялық қадамдары қуантады
Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы іссапары соныңда Өнеге елді мекеніндегі Мирболат Танкишевтың шаруашылығымен таныс болды. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығының дамуында маңызды қадамдардың жасалып жатқанын атап өтті.
image-12-09-25-09-57
2023 жылы құрылған «КРС-АГРО» ЖШС мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы салаларында сәтті жұмыс істеп келеді.
Қазіргі таңда шаруашылық 600 гектар алқапқа мал азығы дақылдарын егіп, 20 гектар жерге бау-бақша дақылдарын егіп, өнімдерін тиімді бағада тұрғындарға сатуда. Сонымен қатар, жаңбырлатып суару құрылғысын сатып алып, суармалы алқапта шөп егу жұмыстарын бастаған тәжірибелі шаруаның инновациялық қадамдары ауыл шаруашылығын дамытудың, азықтық дақылдарды тиімді өсірудің және мал шаруашылығын тұрақты азықпен қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді.
Аймақ басшысы шаруашылықтың жетістіктерін жоғары бағалап, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында тәжірибелі шаруадан үлгі алуға және осы саладағы жұмыстарды ары қарай дамытуға барлық ниетті шаруаларды шақырды. Сонымен қатар, ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін бірлесе жұмыс істеуге ынталандырды.
Шаруа өз кезегінде облыс және аудан басшылығына барлық көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да осы бағытта өз жұмыстарын жалғастыруға ниетті екенін айтып, жиған өнімдерін келген делегация назарына ұсынды.

Арай Сейфолла

Бану Самат
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале