Дүйсенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев жұмыс сапарымен Тасқала ауданына болды.
Алдымен Достық ауылдық округіндегі «VenOil» жанармай құю станциясы кешенінің құрылысымен танысты. Жалпы жобаның құны 420 млн теңгені құрайды. 2019 жылдың соңында 60,0 млн. теңгеге топырақпен құрылыс алаңын жайластыру жұмыстары жүргізілді. Қазірдің өзінде оннан астам адам жұмыс жасауда. Жобалық қуатқа қол жеткізудің болжамды уақыты – 5 жыл. 1 гектар жер учаскесі жалға алынды және қазіргі таңда аталмыш станция іске қосылды.
- Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айынан басталды. Жоспарланған шаруаның құрылысын жүргізу кезінде жергілікті адамдар жұмысқа тартылды. Яғни жаз мезгілінде ауыл тұрғындарының екі қолына бір күрек табылды. «VenOil» жанармай құю станциясы заманауи құрылғылармен жабдықталуда. Оның шағын супермаркеті, тамақтану орны мен әжетханасы жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қазіргі кезде АИ-92 және АИ-95 бензин түрлері сатылымда. Жұмысшылар кезекпен қызмет атқарып жатыр, - дейді «Архар-Бизнес» ЖШС директоры Қайрат Кубеков.
Аталмыш жанармай құю бекетін таныстыру кезінде аудан басшысы да толықтай түсінік бере кетті. Оның айтуынша, Орал-Саратов халықаралық жолы болғаннан кейін бұнда түрлі қызметтер көрсетілуі тиіс. Тағы да жақсы идеялар болса, оны да іскер жігіттермен ақылдаса отырып, болашақта іске қосатын боламыз. Қазіргі таңда Достық ауылдық округінен төрт адамды және аудан орталығынан он адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұның өзі біз үшін зор қуаныш. Күре жолдың бойында орналасқан жанармай құю бекетінің болуы және оның жан-жақты мәселелері шешілгендігі халық үшін де жақсы болар еді. Алдағы жоспар бойынша аталмыш жанармай құю бекетінде түрлі қызметтер көрсетілетін болады, - дейді аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы. Одан әрі облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев Бірлік ауылындағы су құю цехының ашылу салтанатына қатысты.
Сағатына екі мың бөтелке
- Біріншіден, Сіздерді келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен облыс әкімінің атынан шын жүректен құттықтаймын. Екіншіден, Бірлік ауылында ашылып жатқан инвестициялық жобаның жүзеге асуымен құттықтаймын. Бұндай жобалар тек аудан халқына емес, облыс көлемінде қажет етеді. Сондықтан инвесторларға да алғысымыз шексіз. Жаңадан бастап жатқан істеріңіз оңынан жүріп, игілігін көріңіздер дегіміз келеді.
Қазіргі таңда инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан осындай жобаларға көмегімізді аямаймыз. Әсіресе ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындарына жұмыс көзі табылуы – жақсы жаңалық. Тасқалалықтарды жаңа жұмыс орынының ашылуымен тағы бір мәрте құттықтаймын, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Наурызбайұлы.
Облыс басшысының бірінші орынбасары Мұхтар Наурызбайұлы мен аталмыш цехтың басшысы Данияр Какимов лента қию рәсімін жасады.
Одан кейін сөз алған Данияр Какимовтың айтуынша, аталмыш жоба 2018 жылы қолға алынған. Цехтың орналасқан жерінен төрт шақырым қашықтықта су ұңғымасы бар. Сол ұңғымадан цехқа су келіп, оны өңдеп, тазартып, құтыларға құяды. Ағымдағы жылы Қытай елінен құрал-жабдықтар алдырып, іске қосты. Бұл жабдықтар «Жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша алынған. Табиғи түрдегі өндіріс қуаты 0,5 литрлік суды сағатына екі мың бөтелке су шығаруға қауқарлы. Ал сағатына 1 литрді - 1200 және 1,5 литрлік минралды суды сағатына 900 құты шығарады. Аталмыш өндірісті Батыс Қазақстан облысы аумағына және ірі мұнай кен орындарына таратуды алдарына мақсат қойып отыр. Жұмыс жасау кезеңінде сегіз жұмыс орны құрылды, - дейді «Феррум контракт» ЖШС су құю цехының басшысы Данияр Какимов.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жұмыс сапары барысында су құю цехының ішін аралап көріп, ризашылығын білдірді. Осы аталған жұмыстар Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында іске қосылып, халықтың игілігіне берілді. Достық ауылдық округіндегі «VenOil» жанармай құю бекеті мен Бірлік ауылындағы «Су құю цехында жұмыс көздері ашылып, жергілікті тұрғындарға жұмыс табылып жатқандығы қуантады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Наурызбайұлы жұмыс сапары барысында Ақтау ауылдық округіндегі ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өткен мектеп ғимараты мен фельдшерлік акушерлік пунктінде болып, ондағы жағдаймен танысты.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары М.Манкеев Тасқала ауданы орталығында тұратын көпбалалы ана Алмагүл Қарағойшинаның шаңырағына атбасын бұрып, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атынан мерекелік сыйлық табыстады. Өз кезегінде көпбалалы ана облыс басшылығына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz