Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол Жалпақтал ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Алдымен Тлепберген Ерсайұлы Жалпақтал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты. Мұнда ол орталықта тұрып жатқан жандармен кездесіп, олардың жағдайына назар аударды. Қазіргі таңда мекемеде 39 адам қызмет алуда. 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Содан соң облыс әкімінің орынбасары 1990 жылы пайдалануға берілген сот ғимаратының қазіргі жай-күйін көрді. 8 кабинеті бар нысанда қазіргі уақытта 3 кабинет сот қызметіне пайдаланылуда. Аталған ғимаратты тиімді пайдалану мақсатында оны Жалпақтал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының теңгеріміне беру жөнінде ұсыныс қаралуда. Өз кезегінде, облыс әкімінің орынбасары бұл шешім аудан көлеміндегі әлеуметтік мәселелерді шешуге оң ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ, өңір басшысының орынбасары Жалпақтал ауылындағы орталық саябақты абаттандыру жобасымен танысып, бұл бастамаға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі