27.11.2024, 22:50
Оқылды: 9

Облыс әкімінің орынбасары Жәнібек ауданына іссапармен келді

Бүгін ҚР Президентінің Әкімшілігімен келісе отырып, БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің өкімімен биыл 5 шілдеде облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған Қайыржан Меңдіғалиев Жәнібек ауданына іссапармен келді.

image-27-11-24-10-30

Аудандарды аралап, тыныс тіршілігімен танысу мақсатын көздеген орынбасар алдымен аудан ардагерлерімен кездесті. «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалдың төрағасы Амангелді Уәлиев қарсылап алып, бірден ұйымды таныстыруға көшті. Кейін аудан ақсақалдары, аналар кеңесі, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, «Надежда», «Ақниет» әжелер ансамблінің мүшелері қатысқан жиын болды. аудан әкімі Тимур Шиниязов ішкі саясат, білім, мәдениет, спорт, дін мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарды таныстырып, оған сөз берді.
image-27-11-24-10-30
- Жәнібек ауданында алғаш болуым. Өздеріңізбен танысып, ақылдасуға келіп отырмын. Мен Ресей Федерациясы, Саратов облысы Александров-Гай ауданында дүниеге келіп, сол жерде мектепті бітірдім. Мектеп бітіргеннен кейін Қазақстан азаматтығын алып, Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түстім. Негізі ата-анам Жаңақала ауданының тумалары. Конфескелеу кезінде Саратов облысына қоныс аударған. Ауданға келген мақсатым – ол аудандағы мен жетекшілік ететін салалардағы мәселелердің шешімін тауып, ауданды жақсарту, - деді Қайыржан Ермекұлы.

image-27-11-24-10-29
Амангелді Мырзағалиұлы аудан тарихын айтып, келер жылы болатын мерейлі даталарға дайындықтарын көрсетті. Сонымен қатар ол ардагерлер үйінің ғимаратын кеңейтуді сұраса, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекет Әліпқалиев: «Батыс Қазақстан облысында соғыс отына екі аудан, Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандары оранды. Көрші аудандар. осы екі ауданға ерекше көзқарас керек. 1941-1945 жылғы соғысты жеңдік. Бірақ қазір жеңген адам сияқты емеспіз. Неге? Осы уақытқа дейін қос ауданға «Қаһарман аудан» мәртебесі берілу керек деген мәселені көтеріп келе жатқанымызға біраз уақыт болды. Тіпті Президентке хат жаздық. Түптеп келгенде ештеңе жоқ. «Ескереміз» деген сөзден басқа ештеңе естімедік. Бұл мәселені өзіңізге қайта айтып, көтеріп отырмыз. Екі ауданға оң көзқараспен қарауыңыз сұралады. Яғни екі ауданға «Қаһарман аудан» мәртебесі заң жүзінде берілу керек деген ойдамыз», - деді.

image-27-11-24-10-30
Сол сияқты аудандық аналар кеңесінің мүшесі Гүлнәр Хайырлиева да сөз алып, бұдан бұрын сөйлеп кеткен екі ардагердің сөзіне қосылып, облыс әкімі орынбасарының жұмысына сәттілік тіледі.
Қайыржан Ермекұлы өз кезегінде айтылған сын-ескертпелерді түртіп алды.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале