8.02.2024, 23:18
Оқылды: 62

Облыс орталығынан көшіп келген көпбалалы отбасы жобаның игілігін көруде

Казталов ауданында 2024-2026 жылдарды қамтитын «Қаладан ауылға» атты пилоттық бағдарлама бастау алды.

IMG-20240208-WA0095

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен қолға алынған аталмыш өңірлік жобаның мақсаты – шекараның түбіндегі қаңырап қалған ауылдарды жанға, өрісті малға толтыру, халықтың көші-қонын азайту, шағын орта бизнес субъектілерінің санын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау.

Облысымызда іске асып жатқан бағдарламаның бастапқы жылында 120 жанұяны ауылға көшіру көзделген. Ауылға қоныс аударам деген көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қамтылып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізбек. Өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ресми деректерге сенсек, қазір елді мекендерде 1600-дей үй бос тұр. Бала жетіспеуінен жабылып жатқан мектептер де бар.

image-08-02-24-09-49-3

Өңірлік бағдарлама аясында алғаш болып Казталов ауданының Болашақ ауылдық округі Жаңатаң елді мекеніне қоныс аударуға ниет білдірген – Орал қаласының тұрғыны Аят Сисеновтің әулеті. Жаңатаң ауылының тумасы Аят Сисеновтің шаңырағында 5 бала бар. Оның екеуі мектеп жасындағы балалар болса, үш бала мектепке дейінгі жастағы балалар қатарында. Бүгінгі күнге дейін бес жыл бойы облыс орталығында пәтер жалдап келген отбасы ауылға қоныс аударып, бағдарламаның игілігін көрмек. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов пен Болашақ ауылдық округінің әкімі Артур Берденов Орал қаласына арнайы барып, Сисеновтер әулетімен жүздесіп, көштің басын ауданымызға бұрған болатын.

Сисеновтер жанұясы Жаңатаң ауылында баспанамен және жергілікті меценаттардың демеушілігіме ірі қара және ұсақ малмен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар көпбалалы ата-ананы жұмыспен қамту мәселесі де оң шешімін тауып отыр.

Облыс орталығынан көш түзеген отбасы аман-есен ауылға жетіп, ауылдастары құшақ жая қарсылап алды. Осы қуанышты сәтті бөліскен Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық ішкі саясат бөлімінің Айша Абешова Жаңатаң ауылына арнайы барып, ауылға қоныс аударған отбасыны қарсылап алды. Ауылға оралған отбасыны жаңа үйге орналастырып, халқымыздың ата салтымен ақтан дәм ұсынылып, шашу шашылды. Жаңа отбасының жаңа қонысын Гүлсара әжей адыраспанмен аластап берді. Ауылдың батагөй ақсақалы Есмағұл Мусин ақ батасын беріп: «Қош келдіңіздер!» деген тілегін жолдады.

image-08-02-24-09-49-4

Қаладан ауылға қайта көшкендеріне балалар қуанып жүр. Ауылда тұруға құштарлық білдірген отбасы Жаңатаң негізі мектебіне бас сұғып, мектеп жасындағы екі баланың құжаттарын тапсырып, үш кішкене бөбектерді шағын орталыққа беретін болды. Мектеп ұжымы да балаларды қош алып, ұжым атынан сыйлықтар ұсынды. Кезінде жұмыссыздықтың салдарынан қалаға көшкен отбасы елге қайтып оралғандарына дән риза.

Аят Сисенов, бағдарламаға қатысушы:

- Біз отбасымызбен көптен бері қалада тұрып келдік. Өз үйіміз болмағасын пәтер жалдауға тура келді. Тапқан табысымыз дені пәтер ақысы мен азық-түліктен ауыспайтын. Расында, қалада тұру оңай емес. «Қаладан ауылға» бағдарламасы туралы естідік. Ал осы бағдарламаға қатысуға көмектесіп, қолдау білдірген Казталов ауданының барша атқамінер азаматтарына алғыс білдіреміз. Бағдарламаға қатысып, өзіміздің Жаңатаң ауылына көшіп келдік. Әкімдік тарапынан тұрғын үймен қамтылдық. Бастамасы жаман емес. Ауыл азаматтары да қолдап жатыр. Алдағы уақытта мал шаруашылығымен айналысуды көздеп отырмыз.

Гүлнұр Бөлешова,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале