28.01.2025, 12:15
Оқылды: 79

Облыстық басқарма басшыларымен Жәнібекте жиын өтті

Аудан әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен Жәнібек ауданы кәсіпкерлерінің басын қосқан отырыс өтті. Жиында  ауыл шаруашылығы саласына қатысы бар деген  барлық басқарма басшылары төбе көрсетті.

image-28-01-25-10-55-3

Атап айтар болсақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев, жер қатынастары басқармасының басшысы  Нұржан Мақсотов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Отаралиев, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаев, жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Тахир Нұрахметов, облыс бойынша балық инспекциясының басшысы Нұрлан Әбдірахманов, «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақов, «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының директоры Рауан Құсайынов, облыс бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Кәдешов қатысты.

image-28-01-25-10-55-1

Алдымен аудан басшысы Тимур Серікұлы ауыл шаруашылығы бағытында атқарылған жұмыстар кешені мен нәтижесі жөнінде баян етті. Сонан соң облыс орталығынан келген басқарма басшылары өз салалары бойынша биылғы жоспарлар мен енгізілген жаңа өзгерістер турасында айтып өтті.

image-28-01-25-10-55

Мысалы, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Ерболатұлы шаруашылық иелерінің назарына жер заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіріп, жерді пайдаланушылардың міндеттерін нақтылап өтсе, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Серікұлы мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлер назарына жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларына қарсы іс-шаралар мен бірдейлендіру шаралары кешенінің маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, былтыр облыс аумағында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бас-аяғы 3 млрд 578 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Биыл да бұл көрсеткіш 23,8 пайызға көбейіп, аталған салаға бөлінген қаржы 4 млрд 431 млн 631 мың теңгені құрап отыр екен. Сонымен қатар шаруашылықтардың хал-ахуалын жақсарту мақсатында берілетін нысаналы бюджеттік несиелер мен оларды алу шарттары жөнінде де сала басшысы толық мәлімет беріп өтті. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына арналған мемлекеттік бағадарламалар мен оларға қол жеткізу жолдары, тиімді жақтары мен баса назарға алу қажет тұстары жөнінде де біраз мәлімет ұсынылды. Аталған саладағы өзекті деген мәселелер қозғалып, өзара бірлесе отырып шешу жолдары да сөз болды. Сала басшыларының баяндамаларынан соң жиын қатысушылары облыстан келген басшы-қосшыларға көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

 

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале