Шыңғырлау аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Батыс Қазақстан облысының Асық ату және Бес асықтан 2015-2017 жылы туылған жасөспірім ұлдар және қыздар арасында жекелей және командалық чемпионаты өтті. Көршілес аудандардан жас асықшылар келіп, жалпы 5 команда жарыста бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатына Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Миржан Нұртазиев, БҚО асық ату федерациясының президенті Айнұр Мырзагереева, Батыс Қазақстан облысының асық атудан аға жаттықтырушысы Ержан Өтеғалиев қатысып жас спортшыларға сәттілік тіледі.


Зал ішінде құрылған киіз үй көз тартып тұр, оның жанына ұлттық тағамдардан дастархан жайылған. Қолдарына асық ұстап, бір-бірімен жарыса ойнап жүрген жас бүлдіршіндердің бәрі де ұлттық киім киген. Бір сөзбен айтқанда кішігірім қазақ ауылында жүргендей болдық. Өскелең ұрпақтың қазақы құндылық пен мәдениет дәріптелген ортада жүргені көз қуантады. Осындай ауқымды доданың ауданымызда өткізілгеніне шыңғырлаулықтар риза. Ал облыстан келген қонақтарымыз чемпионатты өткізу туралы ұсыныс білдірген бойда бірден қолдап, өте жоғары деңгейде өткізілуіне мұрындық болған аудан басшылығы мен ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп отыр. Осылайша ұлттық спорттың жанашырлары бірлесе жұмыс жасап, ұлттық ойындарымызды жастар арасында кеңінен дәріптеп, насихаттап жүр.

Ашылу салтанатынан соң тартысты жарыс бастау алды. Жас өрендер асық ату және бес асық ойындарының қыр сырын жетік меңгерген. Командаластар бір-біріне қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отырды. Қыздар да ұлттық ойындарды шеберлікпен ойнайды. Бәрі де жаттықтырушыларының тынымсыз еңбегі мен жас асықшылардың ұлттық спортқа деген қызығушылығының нәтижесі.

Чемпионаттың қорытындысы бойынша 5 команданың спортшылары жекелей марапатталып, диплом, медаль, сый-сыяпаттарға ие болды. Ал, жалпыкомандалық есепте ІІІ орынды Бәйтерек ауданы құрама командасы, ІІ орынды Шыңғырлау ауданы иеленіп, жүлделі І орынға табан тіреген Ақжайық командасы жеңіске жетті.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы

