23.06.2025, 9:30
Оқылды: 408

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Бәйтерек ауданына келді

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері ауданға жұмыс сапарымен келіп, бәйтеректік әріптестерімен кездесті. Ауданда өткір тұрған мәселелерді назарға алып, ол сауалдардың үкіметтің алдында көтерілуі, шешілу жолдары сараланды.

IMG-20250623-WA0007

Кездесуге БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Атауов, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия төрағасы Манарбек Ғабдуллин, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі комиссия төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин, әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия төрағасы Нұрлан Сәдір, жастар және қоғамдық бақылау бойынша комиссия төрағасы Элгун Джаналиев, кеңес мүшесі, заңгер Бауыржан Зәки, кеңес хатшысы Аңсар Негметуллин, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мәлік Өтешов қатысты.

IMG-20250623-WA0008

Жиында қоғамдық кеңестің басты мақсаты – халықпен етене жұмыстану, оларды мазалайтын сауалдарды тыңдау, тұрғындармен кері байланыс орнату екенін атап өтті. Алда атқарылатын істердің де осы бағытты негізе ала отырып өрбитінін айтты. Қатысушылар тарапынан көші-қон, жол сапасы, білім беру нысандары мен мәдениет үйлерін жаңарту, шекаралық ауылдардағы тұрғын үй құрылысы, киік пен жайылым мәселесі сынды аудандағы өзекті сауалдар көтерілді.

IMG-20250623-WA0004

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Атауов жоғарыда аталған мәселелерді шешу бағытында ауданда көп жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.

Ауданның құрметті азаматы, ардагер Адам Имашев бала тәрбиесі мен онда кетіп жатқан олқылықтарды атап, бүгінгі қоғамның рухани сауаты, газет оқу, балаларға арналған айдар ашу сынды бірқатар ұсыныстар білдірді.

IMG-20250623-WA0005

- «Орал өңірі» газетінде айдар жеткілікті. Балабақшаға баратын балдырғандардан бастап, ардагерлерге дейін аралықты қамтылуда. Әңгіме сол газет пен кітапты оқуда. Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайларда ел ішіндегі кітап оқу мәдениетін жандандыруды ерекше екпін түсіріп, айрықша назарға алып айтты. Кітап оқуды жандандыру не үшін керек? Біз бәріміз иманды, парасатты қоғамда өмір сүргіміз келеді. Бірақ сіздер мен біздер үшін ондай қоғамды бөгде ғаламшарлықтар келіп қалыптастырмайды. Оны рухани өсу арқылы жасайтын өзіміз. Міне, көркем әдебиетке тереңдеудің маңызы осы. Біз кітап оқымасақ, ұрпағымыз мейірімсіз, қатігез болып өседі.

IMG-20250623-WA0003

Тағы бір мәселе, мен осы көктемде аудан әкімімен бірге Бәйтеректік біраз ауылын аралап шықтым. Ашығын айту керек, біраз ауданнан жағдайларыңыз шүкір. Ауылдық округтердің орталығына түгел жол тартылып болған облыстағы жалғыз аудан Бәйтерек. Кейбір елді-мекендерге дейін асфальт тартылып жатыр. Кейбір ауылдарда ауылішілік жолдар да бітіп тұр. Бәйтеректі аралап жүріп байқағаным, салынып қойған жаңа үйлерге көшетін отбасының табылмауы. Мемлекеттік шекараға жақын орналасқан ауылдардың инфрақұрылымын бірінші кезекте жақсартуды биылғы Бурабайдағы құрылтайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Оған қоса біз шекарадағы мекеме кәсіпорындарда, мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеп жатқан отандастарымыздың айлығына шекаралық коэфицент қосуды ұсындық. Бұл мәселеде қаралып жатыр. Бұл қызметкерлердің айлығына ай сайын 50 пайыз қосымша ақы қосу мәселесі саралануда. Демек көтерілген жайттар Үкімет тарапынан назарсыз қалып жатқан жоқ. Демографиялық мәселеде күн тәртібінде. Мысалы шекараға таяу таяу Шыңғырлау ауданында 13 000 халық тұрады. Оның 9000 аудан орталығында. Сонда шекараға таяу ауылдарда халық қаншалықты тығыз орналасқан деген орынды сауал мазалайды. Сонда ол ауылдар демографиялық тұрғыдан жалаңаш жатыр ма? Тасқалада да осындай жағдай. Міне, осы тұрғыдан келгенде елдік мүдде алғашқы орында болуы керек. Ел дамыса, жеке адамның тұрмысы жақсаратыны, мәселесі шешілетіні айтпасада түсінікті, - деді облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

- Әрбір қоғамдық кеңес мүшесі, әрбір тұрғын билікке қолдау танытып немесе талап қойып, пікірді сауатты айтуды үйренуі керек. Мәселен, халықтың ақшасына салынған жолмен ауыр жүк көлігі өтіп жатыр. Ол жол ертең шұрық-тесік болғанда қиындығын кешетін өзіміз. Неге бүгін соның қамын ойламаймыз? Азаматтық позициямызды білдіріп, полицияға хабарласып, жүк көлігін тоқтатып, шара алуын сұрадық па? Жоқ. Өйткені, құрсыншы деп қолды бір сілтейміз. Ал жол бұзылғанда, неге оңдалмайды деп зар қақсаймыз. Оның күтімі үшін сіз не істедіңіз осы ауылдың азаматы ретінде, күнделікті сол жолды тұтынатын адам тұрғысынды. Міне, мәселе осында,- деді Бауыржан Аяпбергенұлы.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале