Бүгін облыс орталығында «Ана үйдегі — бақ, әке төрдегі — тақ» атты отбасылар форумы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, үлгілі шаңырақтарды дәріптеу, ұлттық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Форумға әр ауданнан өнерлі, үлгілі отбасылар қатысып, өздерінің отбасылық дәстүрлері мен жетістіктерін ұсынды. Казталов ауданынан бұл жолы өнегесімен көпке үлгі болып жүрген Ерғалиевтер отбасы ұсынылып, салтанатты шара барысында арнайы марапатқа ие болды.

Шара аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, ауданнан қатысқан қолөнерші Ақгүл Ғұманғалиқызы өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Шебердің еңбегі жоғары бағаланып, ол да форумда марапатталды.
Салтанатты жиынның мәдени бөлігінде жас өнерпаз Оралхан Ерғалиев әсем әннен шашу шашып, жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Ерғалиевтер әулетінде аталық-әжелік ақ бата, туыстық татулық, сыйластық пен құрметтің қадірі ерекше бағаланады. Үлкендер — әрдайым ақылын айтып, немере тәрбиесіне араласып, отбасының рухани тірегіне айналып отыр. Ал жас шаңырақ — мейірімге толы орта қалыптастырып, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігін абыроймен атқарып келеді.
Осындай сыйластық пен үйлесімге негізделген берік қарым-қатынас бүкіл әулеттің бірлігін нығайтып, өсіп келе жатқан ұрпақтың да өнегелі болып қалыптасуына үлкен негіз болуда.
Нұр Рахман
Казталов ауданы