23.02.2025, 12:00
Оқылды: 350

Облыстың чемпиондары Жәнібекте анықталды

Кеше Жәнібек аудандық мәдениет үйінде қол күресінен жас жеткіншек ұлдар мен қыздар, ардагерлер арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Қос сайыс түрі бойынша өткен чемпионатта облысқа қарасты жеті аудан, соның ішінде Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Шыңғырлау, Теректі аудандары мен облыс орталығынан келген командалар бақ сынасты.

image-22-02-25-11-29-13

2010-2015 жылы туған, 30-70 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі жас жеткіншектер арасындағы тартысты доданың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов құттықтау сөзін сөйлеп, қатысушыларға жеңіске деген жігерлі күш пен сәттілік тіледі.

image-22-02-25-11-29-3

Сонымен бірге жарыстың бас төрешісі, облыстық қол күресі мен гір спорты федерациясының президенті, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұрат Ибатовқа абыройлы қызметі үшін аудан әкімі атынан алғысхат пен естелік сыйлығын табыс етті.

image-22-02-25-11-29-5

Өз кезегінде сөз алған Мұрат Қолғанатұлы аталған спорт түріне танытқан аудан әкімінің қолдауына ерекше тоқталып, өз атынан алғысхаты мен қонақкәдесін тарту етті. Шарада қол күресін дамытуда айрықша қызмет етіп жүрген бапкерлер де назардан тыс қалмай, Жәнібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаевтың алғысхатымен марапатталды. Жарыс алдында аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпазы Қуаныш Аждуов «Жалғызым – қазақ» әнін орындап, жарысқа қатысушылардың рухын көтерді.

Әр командадан, түрлі салмақ дәрежесі бойынша кемі екі спортшыдан қатысқанын ескерсек, бас-аяғы екі жүз жас жеткіншек облыс чемпионы болуға ниет білдірген-ді. Армрестлингтің өзге спорт түрлерінен ерекшелігі де сол 200 спортшының ішінен үздіктерді анықтауға бір тәулік жеткілікті болды.

image-22-02-25-11-29-8
Қол күресінен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық спорт төрешісі, қол күресінен әлемнің 5 дүркін чемпионы, 6 дүркін Азия чемпионы Ержан Ерболаттың жеке бапкері, Қаратөбе ауданының аға жаттықтырушысы Нұрхат Нысанов, Теректі ауданының аға жаттықтырушысы Жақсыбек Демеуов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы, бірнеше дүркін Азия және Қазақстан чемпионы, әйелдер арасында 2024 жылдың «Үздік спортшы» аталымының иегері Жанна Қазтуғанова төрелік етті.

image-22-02-25-11-29-12

Жарыстың нәтижесі бойынша 2025 жылғы Батыс Қазақстан облысы чемпионатының жеңімпаздары болып:

image-22-02-25-11-29-2

image-22-02-25-11-29-4
2013-2015 жылы туған жас жеткіншек ұлдар арасында 30 келі салмақта Тұрсынбек Егінбаев (Орал қаласы), 35 келі салмақта Асхат Бейсембі (Қаратөбе ауданы), 40 келі салмақта Ілияс Мағзом (Қаратөбе ауданы), 45 келі салмақта Дархан Ақнұров (Шыңғырлау ауданы), 50 келі салмақта Бейбарыс Басыбек (Орал қаласы), 50 келіден жоғары салмақта Мұрагер Өтегенов (Қаратөбе ауданы) жеңімпаз деп танылса, 2013-2015 жылы туған жас жеткіншек қыздар арасында 40 келі салмақ дәрежесі бойынша Кәусар Аманжол (Қаратөбе ауданы), 45 келі салмақта Хадиджа Хамзина (Орал қаласы), 50 келі салмақта Айзере Жігер (Орал қаласы), 50 келіден жоғары салмақта Карима Ермек (Жәнібек ауданы) жеңімпаз атанды. Ал 2010-2012 жылы дүниеге келген жас жеткіншек ұлдар арасында 36 келі салмақта Жалғас Закария (Жаңақала ауданы), 40 келі салмақта Мұхаммед Қайырберген (Қаратөбе ауданы), 45 келі салмақта Нұрдәулет Арманұлы (Қаратөбе ауданы), 50 келі салмақта Саян Сағынғалиев (Қаратөбе ауданы), 55 келі салмақта Бибарыс Серікұлы (Жәнібек ауданы), 60 келі салмақта Ернұр Мизамов (Қаратөбе ауданы), 65 келі салмақта Мадияр Мақсотов (Жәнібек ауданы), 70 келі салмақта Аңсар Чигирев (Орал қаласы), 70 келіден жоғары салмақта Алихан Хиватолла (Орал қаласы) жеңімпаз болса, қыздар арасында 45 келі салмақ дәрежесінде Айкөркем Қайратова (Орал қаласы), 50 келі салмақта Інжу Қошқарбай (Орал қаласы), 55 келі салмақта Гүлжайна Ғапурин (Орал қаласы), 60 келі салмақта Айшат Сағынғали (Казталов ауданы), 70 келі салмақта Зере Аманжол (Қаратөбе ауданы), 70 келіден жоғары салмақта Жанбота Зейнолла (Теректі ауданы) чемпионат тұғырынан көрінді.

image-22-02-25-11-29-12
Ардагерлер арасында өткен бәсекеде 80 келі салмақ дәрежесінде жаңақалалық Болатбек Қуанышалиев, ал 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде оралдық Евгений Курдюков облыс чемпиондары атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль және дипломмен марапатталды.

image-22-02-25-11-29-6

Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале