2.08.2021, 16:04
Оқылды: 20

Оффлайнға оралудың жолы бар...

Қауіпті індеттен құтылудың басты жолы екпе алу болып отыр. Қазіргі таңда Бәйтерек ауданы тұрғындары егілуге көптеп келуде. Переметный ауылындағы аудандық орталық аурухана эпидемиологі Әсем Темірғалиеваның берген мәліметі бойынша, 12248 тұрғын екпе алуы керек екен. Олардың 6315-і – бірінші, 4830 адам екінші компонентпен егілген.

5f6b277f2dda1219072635

– Алдымызға қойылған жоспардың жартысын орындап отырмыз. Десе де аудан тұрғындарының 70 пайызы екпе алуы керек. Сондықтан атқарар жұмыс шаш-етектен, – дейді аурухана эпидемиологі Әсем Темірғалиева.

Әсем Әлібиқызының айтуынша, жоғарыда көрсетілген 12248 адамның саны әлі де өседі екен. Өйткені олардың қатарына жасы 18-ге толмағандар және коронавируспен ауырып шыққандар қосылмапты. Былайша айтқанда, екпе алатындардың саны 13 мыңға жуықтайды деген сөз. Қазіргі таңда аудандағы екпе алу көрсеткіші көңілден шығады екен.

Сонымен қатар соңғы кезде 18-ге толмаған балаларға да екпе салынады деген ақпарат көп тарауда. Аурухана эпидемиологі бұл мағлұматтың шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Сөзінше, балаларға екпе салу туралы ешқандай ресми құжат жоқ көрінеді.

– 18 толмаған балалар, жүкті және бала емізетін әйелдер екпеден босатылды. Бұдан бөлек олардың қатарына созылмалы аурулары бар тұрғындар мен вакцинаға аллергиясы бар адамдарға екпе салынбайды. Олардың әрқайсысына екпе салмауға болатыны туралы анықтама беріледі. Коронавируспен ауырып шыққан тұрғындар үш айға дейін екпе ала алмайды, – дейді аурухана эпидемиологі Ә.Темірғалиева.

Дәрігерлер соңғы уақытта мектеп ұстаздары екпе алуға көптеп келіп жатқанын айтады. Бізге жолыққан аудан орталығындағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жасайтын Сергей Кривошейн емдеу мекемесіне келіп, екпе алып шыққанын айтты.

– Соңғы екі жылға жуық уақытты онлайн режимінде өткіздік. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі үшін бұл – қиын жағдай. Оқушыларыммен жүздесіп, осы кезге дейін теориялық тұрғыда алған білімімізді практикалық тұрғыда іске асырғымыз келеді. Балалар да доп қуалап, спортзал ішін думанға бөлегісі келетінін айтады. Бұрынғы қалпымызға еніп, асыр салған шағымызға оралудың басты жолы екпе алу болып отыр. Сондықтан ауылдастарымды, барша ел азаматтарын қауесетке сенбей екпе алуға шақырамын, – дейді ұстаз.

Иә, енді бір айға жетер-жетпес уақыттан соң жаңа оқу жылы басталады. Әзірге білім ордалары қашықтан оқи ма әлде оқушыларға есігін айқара аша ма – ол жағы белгісіз. Оның үстіне аудан әлі күнге дейін "қызыл" аймақтан шыға алмай отыр. Десе де оқушыларымызбен жүздесіп, бұрынғы қалпымызға оралармыз деген ниетпен ұстаздар қауымы аурухана жағалап жүр. Олар да ауруды жеңудің жолы екпе екенін түсінеді.

Аудандық білім беру бөлімінің берген мәліметіне сенсек, қазір мектептерде 2577 адам қызмет жасайды екен. Олардың 1703-і педагогтар болса, қалғаны кіші қызметкерлер екен. Бізге бұл мәліметті ұсынған білім бөлімінің әдіскері Замира Хамиева 1220 педагог екпе алғандығын айтады. Ал 874 кіші қызметкердің 691-і егілген.

– Қазір екпе алу қызу жүріп жатыр. Бір кездегідей алып-қашпа әңгімеге сеніп, егілуден бас тартқандар саны азайды. Денсаулық жағдайына және де рұқсат етілген басқа да себептерге байланысты 254 білім саласының қызметкері анықтама алды. Олардың 205-і – педагог, қалғаны – кіші қызметтегі азаматтар, – дейді білім бөлімінің әдіскері З.Хамиева.

Бұдан бөлек, білім бөлімінің маманы 121 қызметкер екпе алуын кейінге қалдырғанын да атап өтті. Олар ауырып шыққандар екен.

Сондай-ақ балабақша қызметкерлері де вакцина алуда. Аудан аумағында 197 адам балабақшада қызмет атқарады екен. Олардың 80-і – педагог. Мектепке дейінгі мекемеде қызмет жасайтындардың 141-і егіліп үлгерсе, 23 адамға анықтама берілген. Тағы 7 қызметкер екпені кейінге қалдырған. Не себепті екенін айтпаса да түсінікті. Олар үш ай уақыт өткен соң егілмекші.

Қосымша білім беру педагогтары да екпе алуда. Қазір аудан аумағында 105 адам қосымша білім беру саласында қызмет атқарады екен.

– Қосымша білім беруде жұмыс жасайтын 105 азаматтың 74-і екпе алды. 11 адам денсаулығына байланысты анықтама алса, алты кісіні егу кейінге қалдырылды, – дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері З.Хамиева.

Ұстаздар көптеп егіліп жатқаны ата-аналарға балалар мектепке барады-ау деген үміт сыйлап отыр. Десе де нақты түрде мектептер дәстүрлі түрде оқиды деген ақпарат жоқ. Оны аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин де растап отыр.

– Жаңа оқу жылының басталуына бір айдай уақыт бар. Нақты түрде оқу оффлайн не онлайн болады деп айту ерте. Сондықтан қай-қай жағына да дайын болуымыз керек, – дейді білім бөлімінің басшысы Серік Нәженұлы.

Ауданның бас педагогі барлық 46 мектеп оқу жылына толық дайын екенін атап өтті. Оқулықтар да алынған, кабинеттер де дайындалған. Тек былтырғыдай оқушыларды бөліп, жылжымалы сабақ кестесі қойылған жағдайда үлкен мектептер мен ғимараты тарлық ететін шағын мектептерге қиын болмақ екен.

– Дәстүрлі оқуға толықтай дайынбыз. Онлайн жағдайға да дайын болғанымыз жөн. Өткен жылғы тәжірибе бар. Сондықтан былтырғыдай қиындық туындамауы керек, – деді өз сөзінде білім бөлімінің басшысы.

Иә, жаңа оқу жылы таяған сайын оқушылар қиналып қала ма деген қорқыныш бар. Ауру беті де қайтатын емес. Қалай болғанда да кез келген сценарийге дайын болғанымыз дұрыс. Ол үшін тек ұстаздар ғана емес, ата-ана да екпе алып, қамдануы керек. Оффлайнға алаңсыз оралудың жалғыз жолы екпе болып отыр.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале