29.11.2021, 9:13
Оқылды: 27

Ойшылдар ойыны оздырылды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ата бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасын заман талабына сай жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына сіңіру арқылы ұлттық құндылықтарымызды дамытуды атап көрсеткен. Мақалада қарға тамырлы қазақтың қанында бар тоғызқұмалақ ойынының тұғырын көтеру республика көлемінде қолға алынатыны да сөз болды. 

IMG-20211127-WA0097

Аталмыш бастамадан бәйтеректік спортсүйер қауым шет қалмады. Жақында Бәйтерек ауданы Көшім ауылдық округіне қарасты Үлкен Шаған ауылында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тоғызқұмалақтан ардагерлер мен ересектер арасында ашық турнир ұйымдастырылды.

Ақыл сананың ептілігі мен шапшаңдығы сынға түскен ой додасында Орал қаласы және Ақжайық, Бөрлі, Казталов, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарынан келген ағайын бақ сынады.
Шараның шымылдығын ашқан БҚО тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірде ұлттық ойынымыздың  еңсесі биік екенін, төл өнердің дамуына үлес қосып жүрген тұлғалардың еңбегі орасан екенін атап өтті. Сондай-ақ Үлкен Шағанда қолға алынған бастама аудандағы тоғызқұмалақ спортының дамуына сеп болатынын жеткізді.

IMG-20211127-WA0099

Одан бөлек сөз тізгіндеген Көшім ауылдық округінің әкімі Айнагүл Баянова қонақтарды алда келе жатқан мерекелерімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Кейін Үлкен Шаған мектебінің директоры міндетін атқарушы Д.Гильманова алтын уақыттарын бөліп, білім ордасына ат басын тіреген меймандарға алғыс айтып, ұлттық спорттың қанаты кеңге жайыла беруіне тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар үздіктердің ойынын тамашалауға өңірімізде тоғызқұмалақ ойынының дамуына елеулі еңбек еткен ардагерлер келіп, күні кеше мектеп қабырғасында ашылған тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысушы бүлдіршіндермен жүздесіп, ақ баталарын берді.

Бәсі биік бәсекеге Данияр Орынбасаров төрелік етіп, ардагер ойыншылар мен спорт шеберлігіне үміткер төрт қатысушы бой көрсетті.

IMG-20211127-WA0109

Жарыс қорытындысында ардагерлер арасында болған сында Бөрлі ауданынан келген Айтбай Тастайбеков топ жарса, сырымдық Жайдарбек Селбаев екінші, қаратөбелік Талап Ниязов пен Ұзаққали Әбдікәрімов үшінші орынға ие болды.
Ересектер арасында сырымдық Қуаныш Үсенге тең келер жан табылмаса, Орал қаласынан келген Бектас Кенжеғалиев - екінші, бәйтеректік Бауыржан Шурин мен Алпамыс Оразмұхамбет үшінші орынға жайғасты.

IMG-20211127-WA0110

- Тоғызқұмалақ - ойшылдар ойыны. Қазіргі таңда бұл ойынды дамытуға күш салудамыз. Ауданның бірнеше мектебінде үйірмелер ашып, балалаларды баулуға барымызды салудамыз. Осы күні бүлдіршіндер биік белестерді бағындыруда. Нағыз қазақы өнерді дамыту мақсатында осындай ашық турнирді өткізіп, тоғызқұмалақ ойынының шын жанашырларының басын біріктіре бермекпіз,- дейді турнирдің өтуіне ұйытқы болған бапкер Думан Шанов.

Назерке Сыйлыбаева, 
Байтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале