20.01.2021, 19:27
Оқылды: 79

«Ойыннан» от шығып жүрсе, қайтпекпіз?..

ХХІ ғасырдағы өмірді байланыс құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Күнделікті күйбең тіршіліктің қайсыбір сәтінде болмасын жандының жансызға телміріп отырғандығын көреміз. Цифрлық жүйенің дамуы экономикалық әлеуетіміздің артуы тұрғысында оң әсерін тигізгенімен, рухани құндылықтардың төмендеуі көрсеткішін арттыруда. Сол жансыздың ішіндегі қосымшалар мен ақпараттардың пайдалысы да, кәдеге жарамақ тұрмақ, тек ермек үшін жүктелгені де бар. Дәлеліміз балалар мен жасөспірімдердің және ересектердің басым көпшілігінің байланыс құралдарына жүктелген – онлайн (желілік) ойындар.

FREE FIRE

Ойын – адам баласының уақытын қызықты өткізуінің кепілі. Бұл ұғымның түрлі орындарда түрлі мағынасы бар. Соңғы уақытта бұл ұғымның жанына «онлайн» сөзі тіркесіп, орыс тілінде қосарлама қос сөз құрап жүргендігін аңғарып жүрміз. Ал оны байланыс құралдарынан көріп, балаларымыздан естіп жатамыз. Қауіптісі де сол, тіркесті балаларымыздан жиі еститініміз. Күнделікті өмірде балаларымыздың сабақтан гөрі ойынға көп уақыт жұмсайтындығы бесенеден белгілі. Аңғарғанымыздай, кешегі мен бүгінгі ойынның салыстырмалы түрде арасы жер мен көктей. Бүгінгінің ойыны – FREE FIRE. Бұл ойын 111dots Studio компаниясының және Garena-ның 2017 жылы Android және iOS платформалары үшін жариялаған ойын түрі. Ойынды «Qazaq Cybersport Federation»-ның киберспорт түрлері тізімінен де байқадық. Мәселені желеу қып, федерацияның спорт менеджері Қазбек Жанғазиевті әңгімеге тарттық.

Қазбек Жанғазиев

– Біздің жарыстарымызға 14 жастан бастап қатысуға болады. Федерацияда 20-ға жуық киберспорт түрінен жарыстар өтті. Нәтижесінде 39168 ойыншы, 7900 команданың қатысуымен 141 турнир өткіздік. Барлық ойындар компания басшылары мен федерация арасындағы келісімшарттар негізінде ойнатылуда. Олардың қатарында FREE FIRE ойыны да бар. Бұл ойын түрі бойынша жалпы саны 2 турнир өткіздік. Турнирге 1288 ойыншы, 322 команда тіркелді, – дейді киберспорт саласының маманы.

FREE FIRE – бұл экшн жанрындағы ойын. Мақсаты – ойыншылардың (шекті саны 50 адамға дейін) «корольдік соғыс» жүйесінде бір-бірімен жауынгерлік ұрыстар жүргізе отырып, барлық ойыншыларды «өлтіру» арқылы жеңіске жетуі. Яғни, соңында кім тірі қалса, сол – жеңімпаз. Бұл соңғы уақыттары балалардың жиі ойнайтын ойынына айналған. Ойынның баланың психологиясымен қатар сөйлеу жүйесінің өзгеруіне әсер етіп жатқандығы алаңдатады бізді. Әлгінің басты мақсатына жету жолында ойын баласы өзге ойыншыларды «өлтіруді» мақсат тұтып, кәдуілгі қанішерге айналады. Мақсатына жету жолында өз тобындағы ойын әріптестерімен бірге сөйлескендегі сөздерін естісеңіз, көңіліңіз қалары анық. Бір рет ойнап қоя қойса бір сәрі, таң аларып атқаннан кеш бозарып батқанға дейін, қала берді түн ортасы болғанша алдындағы асына қарамастан, құмары қанғанша ойнайтындарын қайтерсіз. Олардың қатарында есі кірген ересектер де бар. Ой салатын басты дүние осы іспеттес өзге де желілік (онлайн) ойындардың балалардың психологиясына әсері. Осы мәселе төңірегінде педагогика және психология ғылымдарының магистрі, эксперт психолог Баян Омаровамен сұхбаттастық.

20210120_192318

– Жалпы, ойын дегеніміз – күрделі әлеуметтік мәдени феномен. Ойын арқылы бала дамиды, айналасын таниды, мида ойлау операциясы жақсы жүреді. Желілік (онлайн) ойындарға келсек, пайдасынан зияны көбірек. Желілік ойындарды 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдер көп ойнайды. Салдарынан психологиялық тұрғыда бірінші кезекте баланың мінез-құлқы өзгереді. Жасөспірімдік шақ кезеңін алып қарастырар болсақ, бұл кезеңде адам ағзасында гармондар бөлініп, іштегі тепе-теңдік тұрақсызданады. Бұл уақытта көпшілігінде, шамамен 70-80 пайызында «мен күштімін» деген интуиция пайда болады. Ал желілік ойындар сол қажет емес интуицияларды өршітуге әсер етеді. Мәселен, ойындардың көпшілігінің мақсаты бәсекеге қабілетті болып қарсыластарын өлтіруге негізделгендіктен, миында күшті нейрондар пайда болады. Ойын барысында жеңіске жете алмаса, балада ішкі агрессия пайда болып, ашуын сыртқы ортадан алады. Психологияда «психологиялық саулық» деген ұғым бар. Ол – бізді қоршап тұрған көгілдір шар сияқты аура. Аураны адам өмірінің соңына дейін тұрақты ұстап тұруы керек. Желілік ойындарға тәуелді балалар мен жасөспірімдерде аура жойылады да, әрі қарай баланың денсаулығы нашарлап, ауру түрлері өршиді. Бала ойынға тәуелділіктің әсерінен қажет емес дүниеге қаншалықты тап болса, оның ішкі ойлары да дұрыс пікірлерге қарсы тұра бастайды. Ата-ананың «зиян болады» деген сөзін күнде еститіндіктен, қабылдамауға дейін барады. Қазақ «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» деген. Жасөспірімдердің ойындарға тәуелділігінің алдын алудың бір жолы ата-ана баланы жақсы тыңдай білсе, бала да ата-ананы тыңдай біледі. Психологиялық тұрғыда түсіндірер болсақ, әр адам саналы түрде үйдің картинкасы. Бала үйде ата-анасы қандай әрекет жасаса, соны суреттеп береді. Ата-аналардың да ұялы байланыс құралына телміріп отыратындығы балаға әсер етеді. Керісінше, ата-ана уақытын баласымен бірге өткізуге әрекет жасау керек. Жеңіл нәрсе болып көрінгенімен, маңызы зор. Балаға уақыт бөлу – оның көзқарасының өзгеруіне, ой-санасының жетілуіне әкеледі, – дейді психолог.

Маманның пікірінен түйгеніміз ата-ана балаға көбірек көңіл бөлуі керек. Бұған Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің педагогпсихологы Алмагүл Махитова да келісетіндігін жеткізді.

– ХХІ ғасыр ақпараттық дамыған заман. Сондықтан қазір әр үйде түрлі модельде смартфон, компьютер, планшет және т.б. бар. Ата-ана жұмыста болған уақытта балалардың қараусыз қалып, онлайн ойындар ойнайтындығы бар. Уақыт өте келе бұл техниканың зиянын ойламаймыз. Бұл алдымен көз жанарын алады, физикалық тұрғыдан әлсіздік пайда болады, қимыл-қозғалыс белсенділігі төмендейді. Балаға ата-ананың қолдауы өте қажет. Ата-ана баланың дамуына ғана емес, ішкі жан дүниесіне де көңіл бөлуі керек. Баламен сөйлесуде әңгімелесу әдебін сақтап, ұрыспаған жөн. Отбасында ата-анамен бала арасындағы татулық пен сенім орнатып, баланың ішкі жан дүниесіне көңіл бөле отырып, баланың реніші мен қуанышын білу қажет. Әңгіме барысында балаға компьютердің әсерінен болатын зиянды дүниелерді түсіндіріп, ғаламторда ұзақ отырмауға, тек өзіне қажетті ақпараттарды алуға кеңес беруі керек деп білемін. Бала демалысының тиімді өтуіне де жағдай жасасақ, мінез-құлқы дұрыс бағытқа бет бұра бастайды, – деді.

Ойыннан от шығатыны секілді баланың да онлайн (желілік) ойындарға тәуелділігі психологиясын түбегейлі өзгертпесе екен дейміз. Яғни, ойынның мақсатын өмірде жүзеге асыруының да алдын алғанымыз жөн. Оның бірден-бір жолы балаға көбірек көңіл бөлу. Ал ойындардың түрлері мен мақсаты жөнінде мынадай ұсынысты тілге тиек етсек. Мақсаты адам өлтіруге бағытталған ойындардың орнына қазақы дәстүрімізге негізделген, қазақтың спорт түрлерін насихаттайтын ойын түрлерін енгізуді қолға алсақ. Мәселен, ат спорты, асық ату, қазақ күресі сынды спорт түрлерінен желілік ойындарды жасап шығарса, ойын баласының сол ойындарға қызығушылығын арттырып, бір оқпен екі қоян атуға болар еді. Тек жеткіншектер мен жасөспірімдердің байланыс құрылғыларына тәуелділік деңгейін азайтып, мамандардың кеңесіне жүгіне отырып баланың денсаулығына көбірек көңіл бөлгеніміз жөн.

Желілік ойындардың және байланыс құрылғыларына тәуелділіктің ересектер мен балалардың денсаулығы мен психологиясына қалай әсер ететіндігіне мамандардың пікірі арқылы көз жеткіздік. Дені сау ұлт қалыптастырамыз десек, ұрпағымызға көңіл бөліп, ұлттық тәрбие және білім нәрімен сусындатуымыз қажеттігін қаперімізде сақтайық.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале