13.12.2024, 13:00
Оқылды: 122

«Өкпе дерті азаймай тұр» – маман

Қазіргі таңда туберкулез әлемдік дерт қатарына жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлем бойынша  2 млрд адам туберкулез микробактериясын жұқтырса, жыл сайын 8,6 млн адам осы індетпен  ауырады екен.

IMG-20241211-WA0070

Ең сорақысы, жыл сайын 1,3 млн адам аталған сырқаттан көз жұмады. Бөкей ордасы ауданы бойынша да қауіпті дертке шалдыққандардың саны көбеймесе, азаймай тұр дейді ақхалаттылар. 

Бұл жұқпалы дерттің жалпақ жұртқа жайылуы да тез әрі көп жағдайда білдіртпей өрбиді. Сондықтан қауіпті дерттің алдын алу үлкен маңызға ие. Ауа арқылы таралу ықтималдығы зор болғандықтан иммундық жүйесі әлсіреген адамдардың жұқтыру мүмкіндігі де жоғарылайды. 

Биылғы жылдың өзінде аудан көлемінде 16 адам есепке алынса, соның 12-сінде туберкулез таяқшалары жаңадан анықталып отыр. Ал төрт науқаста ауруы қайта белгі бере бастаған.

Туберкулез ауруына шалдыққандардардың жас шамасы – 30-65 жас аралығында.

– Жұқпалы дерттің халық арасында азаймай тұруының басты себебі – сақтық шараларына немқұрайлы қарауымыз дер едім. Өздеріңізге мәлім туберкулездің ашық және жабық түрлері болады. Ашық түрімен ауыратын науқастардың қақырығында туберкулез таяқшалары болады, ал жабық түріне шалдыққандардың түкірігінде таяқшалары болмайды. Дерт асқына түсіп, адам саулығына дұрыс қарамайтын болса, жабық түрімен ауыратын науқастар да ауру жұқтыруы бек мүмкін. Күні бүгінде ем алудан бас тартқан  науқастар тіркелмеді. Бірақ емін толыққанды жалғастырғысы келмей, дәрісін уақытылы ішпейтін науқастар бар, - дейді аудандық аурухананың фтизиатр дәрігері Ләззат Абдоллина.

Жыл сайынғы скринингтік тексерулерден, атап айтқанда флюрографиялық тексерістен дер кезінде өту де сақтық шараларының алғышарты болып табылады. Өйткені, дәл осындай  тексерулердің нәтижесінде жаңадан басталып келе жатырған ауру анықталып, ем-дом шаралары бірден жүргізіледі. Сәйкесінше, кеселден айығып, қатарға қосылып кетуі де жылдам жүрмек.

Былтырғы тоғыз айлық көрсеткіш бойынша  ауданда 5178 адам флюрографиядан өтсе, биыл  2823 адам ғана өткен. Былтыр 1 оқушыдан аурудың белгісі анықталса, биыл мектеп оқушылары арасында бұл диагноз тіркелген жоқ. 

– Флюрографиядан өтуге асықпайды жерлестеріміз. Медбикелеріміз өз учаскелеріне қатысты тұрғындарға қоңырау шалып, шақырғанның өзінде уақытылы келмейді. 2023 жылы аталған аурудың ашық түрімен 6 науқас, ал жабық түрімен 9  науқас анықталса, 2024 жылдың 9 айында ашық түрімен 5 жағдай, жабық түрімен 11 науқас тіркелді. Туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастарға көпшілік жерлерге, яғни, садақа, жаназа, той-тамалақ, қонақтықтарға баруға, темекі және алкоголь өнімдерін  тұтынуға,шамадан тыс физикалық күш түсіруге  тыйым салынады. Сондай-ақ, маусымдық жұқпалы аурулардан сақтанып, иммундық жүйесін қорғай білуі керек. Туберкулездің таяқшалары әртүрлі органдарды, әсіресе өкпені зақымдайды. Аурудың біліну сипаты туберкулездің түріне, науқастың жасына, ағзасының жалпы жағдайына, иммунитетіне байланысты. Сақтық шараларына мән бермеген науқас тек өзі ғана ауырып қоймайды, айналасындағы қанша адамға жұқтырып, өмірлерін қатерге тігеді, - дейді Ләззат Жауынбайқызы.

Туберкулез – емделетін ауру. Тек емделу курсы ұзақ уақытты қажет етеді. КР ДСМ ұлттык фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов мәлімдегендей, елімізде құрт ауруына шалдыққандардын 87%-ы дертінен айыққан. Соңғы жиырма бес жыл бұрынғы  көрсеткішпен салыстырғанда туберкулезден көз жұматындар саны дүниежүзі бойынша 42%-ға кеміген көрінеді. Елімізде туберкулезді ерте анықтау диагностикасының замануи әдістері қолданысқа енгізілген. Туберкулезге қарсы ұйымдардағы бактереологиялық зертханаларда осы дертті алғашқы 2 сағатта анықтауға мүмкіндік бар екен. Соның арқасында емдеу ісі оң нәтижесін бере бастапты.

– Мектеп оқушылары 15 жасынан бастап флюрографиялық тексерістерден өтуі тиіс. Бұл өте маңызды. Өкінішке қарай, ата-аналар манту сынамасын салдыруға қарсылық білдіріп жатады. Әлі де профилактикалық іс-шаралар легін жалғастыра түсуіміз керек. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру уақытылы тескерулерден өтіп, екпе алдырудан, сақтық шараларды сақтаудан бастау алады, - деп атап өтті Мәлік Әденов.

Диагнозы нақтыланып, амбулаториялық  негізде ем-домын алатыны жөнінде арнайы анықтамасы бар науқастар жеке табыстарын есепке алмағанда 10 АЕК (былтыр 7 АЕК болыпты) мөлшерінде ай сайын көмекақы алады. Биыл 29 адамға 36920 мың теңге көлемінде көмек алыпты. Былтыр дәл осындай көмек 30 науқасқа көрсетіліпті.

– Ай сайын жергілікті ауруханадан осы ауруға шалдыққандар бойынша тізім алып отырамыз. Түбегейлі ауруынан сауыққан жерлестерімізді сәйкесінше көмек алушылар тізімінен шығарамыз, - дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәурен Дәуленов. 

Арайлым Есмағұлова

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале