Бұрынғыда найза ұстап, жауға жапқан жігітті батыр деп мақтан тұтсақ, бүгінгі күні жастар ережесіз жекпе-жекте жеңген ұланды батыр көреді. Әлемді жаулап алған бұл спорт түрі бүкіл әлемді жаулап алды.
Тордағы тартыс талай жанкүйердің тағатын тауысып, сабырынан айыратын жағдайға жетті. Нағыз ерлердің спорты саналатын жекпе-жекке білек емес, жүрек керек, руһ жеңеді деген түсінік бар.
Ережесіз жекпе-жек дегенде шаршы алаңда атой салған ерлер елестейтіні рас-ау.
Ал бүгінгі әңгімеміз жүрек жұтқан жігіттер жайлы емес. Октагонда атой салып, нәзіктік пен қайсарлықты қатар көрсетіп жүрген ару жайында.
Теректі ауданының Магистральный ауылында тұратын Эльнара Бейсенова - биыл 30 шілде-1 тамызы аралығында Болгария елінде өткен ережесіз жекпе-жектен (ММА) әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген-ді.
47 келі салмақпен жекпе-жекке шыққан Эльнара көрер көзге еліктің лағындай ғана. Көресің де, ол дәл осы қауіпті спортты неліктен таңдады екен деген ойда боласың...
Ауылда жүрген қыз ережесіз жекпе-жекке қалай келді деген сұрақ туындайды....
- Эльнара Сәрсенғалиқызы, әңгімені сіздің туған жеріңіз, өскен ортаңыздан бастасақ...
-Мен Магистральное ауылында дүниеге келдім. Отбасым үлкен. Екі ағам, екі сіңілім және інім бар. Ауылдағы орта мектепте оқимын. Биыл 11-сыныпта оқып жүрмін. Спортқа кішкентайымнан құмармын.
-Қыз баланың ережесіз жекпе-жекпен айналысуы сирек кездеседі. Дәл осы спорт түріне сіз қалай келдіңіз? Үй ішінде бұл спорт түріне көзқарас қандай?
-Мен спортпен айналысуды шаңғы тебуден бастадым. Облыстық турнирлерге қатыстым. Кейін ережесіз жекпе-жекке (ММА) қызығушылығым артты. Өз-өзімді қорғау, шынығу мақсатында айналысқан жекпе-жектің әлемдік додаға жеткізетінін білген жоқпын. Айналысып жүргеніме 2 жыл ғана болды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген осы шығар, бәлкім... Әлем чемпионатында жүлдегер болдым. Ата-анам, бауырларым – менің жанкүйерлерім. Маған жарыстарда күш беретін де сол кісілердің қолдауы.
-Жеңіс толассыз еңбектің арқасында келеді. Жетісттікке жету жолындағы маңдай тер мен артқан үміт ақталды. Осы әлем чемпионаты жайлы толығырақ айтып берсеңіз... Қола медальді қолыңызға алғанда қандай сезімде болдыңыз?
-Кішкене жетістіктің артында қажырлы еңбек жатырғаны сөзсіз. Мені әлемдік додаға алып барған - еңбек. Жеңіске жету үшін жеңіске лайық болу керексің. Яғни, тоқтамау керек, ешкімнің сөзің елемей алға ұмтылу керек. Мен ережесіз жекпе-жектен Қазақстан чемпионы болып, үлкен додаға жолдама алдым. Әлем чемпионатына барарда күніне үш мәрте дайындық болып жүрді. Жаттықтырушым Руслан Арыстановтың толассыз еңбегін ақтадым деп ойлаймын. Жаттығу кезінде тек жеңіс жайлы ойладым. Қалайда күллі әлемге Қазақстанды паш етуді армандадым.
Әлем чемпионаты Болгарияда өтті. Өзге елде алаңға шыққанда іштей үрей сезімі болды. Басқа елдің мысы басым тұрғандай көрінді. Шет мемлекетте жүргенде өз еліңді сағынасың, оның абыройын арттырғың келеді.
Алаңға шыққан сәтте бойымда қобалжу болды, жаттықтырушымның қолдауы үлкен күш берді. Елімнің намысын қолдан бермеуге, маған сенген жандардың үмітін ақтауға тырыстым. Осы сезім күшімен жартылай финалға дейін жеттім. Әттең, ресейлік спортшыдан жеңілдім. Көздегенім алтын еді, бұйырғаны қола жүлде болды. Бұл тәжірибемнің аздығынан болды деп ойлаймын. Болашақта ел қоржынына алтын медаль салатын боламын.
-Үлкен спорт пен нәзік қыз. Жарақат алу кез-келген спорт түрінде кездеседі. Жарыс алдында немесе дайындық кезіңде сондай оқыс оқиғаға тап болған кезіңіз болды ма? Ондай кезде өзіңізді қалай қолға аласыз?
-Кез-келген спортта жарақат болатыны сөзсіз. Жарақаттан қашып құтыла алмайсың. Менде де жаттығу кезіңде ондай жағдайлар болып тұрады. Әсіресе, жарыс алдында абайлаған жөн. Жарақатты асқындырып алу немесе жарыс жолынан шығып қалу спортшы үшін өте қиын. Жарақат алған жағдайда тез арада дәрігерлік көмекке жүгінген жөн. Өз денсаулығыңды, болашақ жарыстарды ойлап күтім көрсетсен тез жазылып, қайта жарыс сапына қосыласың. Мен қыз бала болғандықтан ба екен, әр жарақат алған сайын «осы спорт саған не береді?» деген жандар табылады. Мен ешкімнің сөзіне назар аудармай, өз бағытымнан таймай келемін. Ұйқысыз түндер, төккен төр мен аяусыз сынақтар мені шындады. Айтқанымнан қайтпайтын мінезім де қайралды.
-Эльнара, алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?
-Биыл мен әлемдік деңгейде үздік үштікке еніп, ел абыройын асқақтаттым. Міне, спорттың маған берген үлкен сыйы осы дер едім. Мен болашағымды спортпен байланыстырамын деген жоспарым бар. Мектеп бітірер шағым да жетіп қалды. Әскери салаға баруды көздеп отырмын. Отанға адал қызмет етіп, Қазақстанымның атынан үлкен додаларға қатысамын. Спорт еңбекті талап етеді. Күш салып, әрекет етіп әлем чемпионы боламын.
Адамда арман да, жоспар да таусылмас. Үлкен жоспарларым орындалғанда сіздермен бөлісетін боламын (жымиды). Маған сенген, мені қолдаған барша жерлестеріме алғысымды айтамын.
-Үлкен додаларда топ жаратыңына сенеміз, Эльнара. Теректіліктер саған сенеді!
Сұқбаттасқан Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz