Жазғы демалыс – тек тынығу емес, өз-өзіңді дамыту және рухани кемелденуге мүмкіндік беретін уақыт. Осыны мақсат еткен Бөрлі ауданының білім беру бөлімі маусым, шілде, тамыз айларында 7 мен 10-сынып оқушылары арасында аудандық «BookBattle» жоба-байқауын ұйымдастырды. Байқау оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және көркем әдебиеттің тәрбиелік маңызын ұғындыруды көздеді. Жоба барысында «Балалар кітапханасы» жобасы ұсынған 1170 кітаптың ішінен 20 көркем шығарма таңдалып, арнайы тізім бекітілді. Әр айдың соңында қатысушыларға тестілеу ұйымдастырылып, үздік нәтиже көрсеткендер келесі кезеңге жолдама алды.

Байқауға жалпы 118 оқырман қатысуға ниет білдірсе, олардың ішінен 47 үміткер 3-кезеңге өтіп, білім мен зейіннің бәсекесінде бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша үздіктер мен белсенді қатысушылар анықталып, білім беру бөлімінің дипломдарымен және кәсіподақ ұйымының ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. Жүлделі І орынды Ақсай қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Гүлназ Нияр (жетекшісі: А.К. Мусабаева) иеленіп, 100 000 теңге ақшалай сыйақымен марапатталды. Ал ІІ орын Ақбұлақ мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің оқушысы Назым Ғайсаға (жетекшісі: З.А. Атоева) бұйырды. Ол 70 000 теңгелік сыйақы алды. ІІІ орынға қала мектептерінің екі оқушысы ие болды. Олар №6 мектеп-лицейінің оқушысы Бибигүл Иманова (жетекшісі: А.Ж. Шаудирова) және №2 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Жамиль Мұхтаров (жетекшісі: Н.А. Полякова). Екеуіне де 50 000 теңгеден берілді. Қалған қатысушылар арнайы номинацияларға ие болды. «Кітаппен сырласқан оқырман» атанған Ақсай қаласының №1 ЖОББМ оқушысы Арслан Есенгелды (жетекшісі А.К.Мусабаева), «Әдебиет жанашыры» номинациясымен Ақсай қаласының №6 МЛ оқушысы Эмиль Ғабитов (жетекшісі А.Ж. Шаудирова), «Оқу мәдениетін насихаттаушы» номинациясымен Ақсай қаласының №1 ЖОББМ Азиза Иманалиева (жетекшісі А.К.Мусабаева), «Кітапхананың тұрақты досы» номинациясымен Ақсай қаласының №1 ЖОББМ оқушысы Анастасия Дубинина (жетекшісі А.К.Мусабаева), «Кітапқұмар оқырман» номинациясымен Ақсай қаласының №1 ЖОББМ оқушысы Дильназ Нияр (жетекшісі А.К.Мусабаева), «Білімге құштар жүрек» номинациясымен Қарағанды МББК оқушысы Асылзада Алман (жетекшісі Г.Беккалиева) марапатталып, барлығы 10 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар, ардагер ұстаз Роза Ахметова өз атынан белсенді үш оқушыға демеушілік көрсетіп, 5000 теңгелік ақшалай марапатын табыстады. Олардың қатарында Ақбұлақ мектеп-бөбекжай-балабақша кешенің оқушысы Адина Ирзигитова , №5 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары Айлита Ізбасарова және Абдурахман Жаньяров болды.
Аудан көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқау балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ой-өрісі мен сөздік қорын байытуға, көркем әдебиет арқылы рухани тәрбиеленуіне мол мүмкіндік береді. Аталмыш шара алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, кең ауқымды қамтитын жобалардың бастауы болмақ. Оқырман ұрпақ – өрелі елдің кепілі!
Анаргүл Шамбай,
Бөрлі ауданы