15.09.2020, 12:33
Оқылды: 44

«Оқушы сабаққа туысының емес, өзінің үйінен баруы керек

 Қазақстан ғана емес, қазір түгел әлем үлкен өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Біз мәңгілік деген құндылықтар мәнін жоғалтты. Біз елемеген мәселелер күн тәртібіне шықты. Әр көкейде сұрақ бар. Ел даму бағытын өзгерте ме? Халық қандай жағдайға бейімделуі керек? ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауынан осы сауалдарға жауап іздедім.

1583995197_89554530_341766806770220_3616383774859722752_n

Президенттің өнеркәсіпті дамыту туралы тапсырмасын қолдаймын. Тәуелсіздік дегенің – ең әуелі экономикалық тұрғыда ешкімге тәуелді болмау. Еліміздің азық-түлік, киім-кешек емес, өзінің отандық көлігін де шығаратын уақыты болды. Өзіміздің өнімнің бағасы арзан болуы керек. Мамандығым – педагог. Тасқұдық негізгі мектебінде еңбек етемін. Тосыннан келген «тәжтажалдың» кесірінен кешегі оқу жылының аяғында аяқ астынан оқушыларды онлайн оқытуға көшуге мәжбүр болдық. Ұялы байланысы нашар ауылдарды бұл шаруа біраз әбігерге салды. Оқушыларды телефоннан алыстатамыз деп жүргенде, мұғалім басымызбен смартфоннан бас алмайтын күйге жеттік. Онлайн оқудың оңай еместігін, оқушылар мен мұғалімдердің қиналғанын Президент те біліп отыр екен. «Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «Whats App»-тан бас көтермейтін болды», – дегені тап-таза шындық. Сондықтан Мемлекет басшысының толыққанды оқу үдерісі үшін барлық қажетті функциялары бар онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет дегеніне қосыламын.

Елтай ауылдық округіндегі Тасқұдық негізгі мектебі биылғы оқу жылын 46 оқушымен бастады. Оқушы санының аздығы – негізгі мектептердің негізгі мәселесі. Біздің қоғамда оқушы азайса, мектепті жабу керек деген түсінік қалыптасқан. Бір ауылда 1 оқушы болса да мектеп жұмыс жасауы керек. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу керек, оқушылар қай жерде тұрса да қандай тілде оқыса да, сапалы білім алуы керек», – деді. «Мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады», – деп нығыздап айтты. Демек, қала мен ауыл оқушысын білім жағынан теңестіру деген сөз – ауылдың оқушысын аудан не қалаға апару емес, сол бала оқитын ауылдағы мектепке жағдай жасау. Президент айтқан сапалы білім беру – бізге, яғни педагогтарға міндет, ал мектепті қолдау – билікке міндет деп ойлаймын. Мектеп – тек білім беру орны ғана емес, ауылдардың алтын қазығы. Мектепті жауып, оқушыларды жан-жаққа көшіру – сапалы білім берудің жолы емес. Оқушы сабаққа туысының емес, өзінің үйінен баруы керек. Көшіп-қонып жүрген бала сапалы білімді сіңіре алмайды. Сондықтан мектептерді жабуға емес, ауыл мектептерін, Президент айтқан қарапайым мектептерді қолдауға көңіл бөлсек екен.

Сатым Қажгереев,

 Тасқұдық негізгі мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале