26 қазан күні Казталов ауданы орталығындағы аудандық мәдениет үйінде «Жалынды жастар, елдің жарқын болашағы» атты оқушылар форумы өтті. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен форумға аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Меңдіжанұлы және дербес бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Аудан әкімі Рүстем Мүлкайұлы форумның ашылуымен құттықтап, жастарды жігерлендіріп, сәттілік тіледі.
- Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз қазір жасап жатқанның барлығы Сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін. Сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр. Жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсай беріңіздер, - деді аудан әкімі.
Мектеп қабырғасында білім алып, армандарын тізбектеп, мақсатқа ұмтылған ертеңгі ел тізгінін ұстар оқушыларға жерлесіміз, облыстық мәслихат депутаты Шаттық Утебалиева, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Алмат Шәріпов, «AMANAT» партиясының БҚО филиалының партиялық инспекторы Афиза Семғалиева, жеке кәсіпкер, Казталов аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Ермеков және ZOOM платформасы арқылы тікелей байланысқа шыққан ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші сарапшысы, ауылдасымыз Дулат Аманжолов өздерінің өмірлік тәжірбиелерімен бөлісіп, кәсіпкерлік, білім, өнер, саясат бағыттарында тұжырымдарын ортаға салды. Еліміздің ертеңі жас ұрпақты тәрбиеге баулып, ұлттық тәрбиемен, сапалы білім нәрімен сусындатып, жігерлендіру мақсатында «Балалар жылына» орай арнайы ұйымдастырылған форумда спикерлердің жігерлі мәлімдемелері арқылы жас буын да қанаттанып, өз ойларын ортаға салды.
- Оқушыларға арналған мақсатты форумның бізге берері мол. Біз тек сапалы білім алып қана қоймай, мектеп бағдарламасымен шектелмей, өзімізді жан-жақты дамыта білуіміз керек. Сонда жастарда ілгерілеу пайда болып, қоғамдағы түйткілді мәселелердің алдын алуға болады. Мәселен, MEET санатындағы жастардың санын азайту мақсатында ұдайы жұмыс жүргізілуде. Әйтсе де, біз салдарымен күресе бермей, алдын ала білуіміз қажет. Бұл форумлы мақсатты деп отырғанымда сол, жастарды жан-жақтылыққа, ұлжандылыққа, білімге құштарлыққа тәрбиелеу, жігерлендіру, - деді Шаттық Ханатова.
Форум аясыннда ауданымыздың жас ұстаздары Батырбай Сансызбай, Сымбат Қаженова, Уәлихан Сағидуллин, Диана Ибатова, Қасиет Қапиетов, Аэлита Табылдиева, Медет Мұханбетқалиев, Гүлнұр Қазбек, Мейірхан Қамзаев, Анара Қарағойшина, Жансая Махсотова, Данагүл Айтмағанбетова және жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген үздік оқушыларымыз Ринат Идиров, Гүлдария Әміржанова, Алихан Сағын, Нұрайна Аманғалиева, Ұлжан Талапова, Абылай Мақсот, Шаттық Ханатова, Артур Меркаев, Сабина Жұмабек, Санжар Бисебайұлы БҚО Жастар саясаты басқармасы басшысының алғысхатымен марапатталды.
Ал оқушыларды жігерлендірген құрметті қонақтар аудан әкімінің алғысхатымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Форумды ауданымызға белгілі жас әншілер Нұргелді Камаледенов пен Мейрам Мақсот «Мен сіздерді жақсы көремін» әнімен қорытындылады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz