Енді аз күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Соны ойлағанда тұйыққа тірелгендей боламын. Былтырғы жылдың соңғы екі айы оңай болмады. Интернет болмаған соң, ватсаптың өзі ашылмай әуреге салды. Сол кезде қазірше амалдармыз, келесі жылы қалай болар екен деген ой келетін.
Әкімге де айтылды, газетке де жазылды
Сөйтіп жүргенде газеттен жақсы бір жаңалық оқыдым. "Егемен Қазақстанның" өзінде отандық байланыс операторларының меморандумға қол қойып, тұрғындар саны 250-ге толатын елді мекендерді ұялы байланыспен қамтитыны жазылыпты. Соның ішінде үлкен жолға жақын ауылдардың алдымен қамтылатыны айтылыпты. Бұған мен қатты қуанып едім. Қазір сол қуанышым ерте болды ма деп жүрмін.
Бұлан ауылы аудан орталығына 12 шақырым жерде ғана тиіп тұр. Байланыс толқындары айналып жүрмей, тіке алады ғой. Сонда қашықтық тіптен жақындай түседі. Бірақ сол ұялы байланысы бізге бір жуымай қойды. Енді келеді дегенде, қол созым жерге жақындап, сағымдай алыстап кететіні бар.
Бұдан үш жылдай бұрын күзде ұялы байланыстың мұнарасы қойылатын жер белгіленіпті, көктем шыға болады деген сөз шықты. Бұрыннан айтылып келе жатқан "кезекші сөз" болса да үміттеніп қалдық. Көктем шықты, өзгеріс болмады. Содан бері тағы екі көктем келді.
Өз басым ұялы байланыс мәселесін талайдан айтып келемін. 2014 жылдың жаз айында ауыл тұрғындарының аудан әкімімен кездесуінде алғаш рет айтқан едім.
"Сырым ауданына ұялы байланыс 2007 жылы келді. Ауданның іргесінде отырып, қанша уақыт игіліктен құр қалып келдік. Жыл сайын еститініміз бір сөз. Қашанға дейін күтеміз? Тағы жеті жыл күтуіміз керек пе?",- деген едім сол кезде.
Менің ашына айтқан сөзіме сол кездегі аудан әкімі Абат Шыныбеков ұялы байланыстың радиусын кеңейту мүмкіндігін қарастыруды "Қазақтелекомға" тапсыратынын айтқан еді. Шыныбековке өзімнің тарапымнан кейін де айтылды. Қазіргі әкіміміз Төлеген Төреғалиевке де айтылды. "Егемен Қазақстан" газетіне жазған бір мақаламда да айттым. Бірақ, бүгінге дейін еш нәтиже болған жоқ. Айтыла-айтыла жауыр болды...
Аққұдық қайда, Бұлан қайда?
Жақында ғана желіден биылғы жылы ұялы байланысқа қол жеткізетін ауылдардың тізімін көрдім. Барлығы 928 ауыл екен. Облыс, ауданға бөліп көрсетіпті. Айран-асыр болдым. Біздің аудандағы Тасқұдық, Талдыбұлақ, Көздіқара, Көгеріс, Қызылағаш, Аққұдық ауылдары игілікке қол жеткізетін болыпты. Бұлар үшін қуандым. Дегенмен соңғы ауылдың қай ауыл екенін түсіне алмадым. Өзінің тұрғын саны 961 деп көрсетіліпті. Бір кезде солай аталатын бір бөлімшенің болғаны рас. Қазір соның ескі жұрты ғана қалмап па еді. Мүмкін, Аққұдық дегені жаңылыс түскен біздің ауыл емес пе екен деген ой келе түсті... Аққұдық қайда, алайда, Бұлан қайда?
"Жарықтық, жерде жатып алып емін-еркін сөйлескенге не жетсін". Бұл сөзді біздің ауылдың әр тұрғыны жиі айтады. Айтса, айтқандай жағдай. Айталық, далада жалғыз өзі қой бағып, не шөп шауып жүрген кісінің жүрегі ұстаса, хабарласып көмек шақыра алмай өлмей ме? Бес-алты үйден кейін тұратын кісіге хабарласа алмай, шаруамызды аяқтай барып айтамыз. Дамыған заманда сөйтіп жүрген жараса ма!?
Сонымен біздің ауданда интернет тұрмақ, ұялы байланыстың өзі келмеген ауылдар бар. Сосын ұялы байланыс бар жердің өзінде интернеттің жиілігі деген проблема тағы бар. Ұялы байланысы бар ауылдағы мұғалімдердің өздері өткен оқу жылындағы екі айда көп салмақты көтере алмай, ватсаптың өзінің ашылмай жатқанын айтып еді. Ватсаптың өзін барынша пайдалану үшін ұялы байланыс керек. Ватсап болу үшін оқушыда смартфон болуы керек. Ал кейбір оқушылар смартфонсыз, соны алуға жағдайы да келе бермейді.
Бізден бір ұсыныс...
Сөйтіп, жаңа оқу жылына да көп қалмады. Санаулы, аз-ақ күндер. Сол аз күнде шешетін мәселе аз емес. Соларды шешу үшін құзырлы органдар не жасап жатыр екен? Соны ата-аналар бізден сұрап қояды. Өз басым мұны білмеймін. Ал аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінің басшысы анық білсе керек. Біз сондықтан солардан жауап күтеміз. Тек ұялы байланыс, интернет қана емес, смартфон, ноутбук алуға жағдайы келмейтін жанұяның балаларына қандай жағдай жасалады екен? Былтыр сондай көмек керек оқушылар болды.
«Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің журналистерінен ауданда қанша оқушы бар екенін, олардың қаншасы ыстық тамақпен қамтылғанын анықтап беруді сұрағанбыз. Сырым аудандық білім беру бөлімі ауданда 2950 оқушы бар екенін айтыпты. Осы жылдың наурызындағы мәліметке сүйенсек, 1913 бала ыстық тамақпен қамтылған. Яғни, 64 пайыз. Жаңа оқу жылында оқу санында өзгеріс болуы мүмкін, алайда тегін дастарханнан дәм тататын балалардың пайызы өзгере қоймас.
Бүгінде І тоқсанда қашықтықтан оқитынымыз белгілі болып отыр. Сабағын үйінде оқыған баланың мектепке тамақ ішу үшін бармасы анық. Демек, қаржы үнемделеді деген сөз. Соны қоңыртөбел отбасылардың балаларына смартфон алуға жұмсауға болмай ма?
P.S. 2013 жылы қабылданған "Ақпаратты Қазақстан" бағдарламасы деген бар. Сол бағдарлама бойынша, 2020 жылы еліміздің ауылдарының кемі 80 пайызы сапалы интернетке қосылуы керек деп межеленгенін биыл 11-сыныпқа келетін оқушылар да біледі. Өйткені 10-сыныптың Қазақстан тарихы оқулығында солай деп жазылған. Солай жазылғасын, былтыр солай оқытып, солай боларына сендіріп едік. Енді сол оқушылардан да ұят болатын түрі бар...
Серік Зиятов,
Бұлан ауылы
zhaikpress.kz