Бүгін Қаратөбе аудандық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында ашық есік күні өтті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Балалар жылына» арналған шараларды іске асыру аясында өткен шараға арнайы шақырылған қонақтар мен мектеп оқушылары қатысты.
Басқосу барысында алғаш сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин:
– Биылғы жылды Президентіміз «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай бүгінгі ашық есік күні еліміздің жер-жерінде өтуде. Архив ісімен өскелең ұрпақты жақын таныстыру, архивте сақталған түрлі қорлардағы материалдар арқылы олардың отансүйгіштігін арттыру, таным көкжиегін кеңейту бағытында ұйымдастырылып жатырған шара. Оқушыларды архив жұмысымен, ондағы құнды деректермен таныстырып, аталған мамандыққа қызығушылықтарын ояту – басты мақсаттардың бірі болып табылады, - деді.
Архив жұмысының ерекшеліктері мен басты бағыты туралы Қаратөбе ауданы мемлекеттік архивінің директоры Нұрзия Соқатова «Архив – тарихымыздың бастауы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, архив жұмысы сан алуан. Қазіргі таңда аудандық архивте 111 қор, 20765 сақтау бірлігі бар. Оның 30-ы жеке тектік қор. Жеке тектік қорларда 365 сақтау бірлігі, 1275 есептеу бірлігі бар. Сонымен қатар архивте 57 бейнежазба және 809 фотосуреттер жинақталған.
Оқушылармен өткен танымдық шарада аудандық архив мекемесінде елеулі қызмет еткен еңбек ардагері Әлфия Мұхамедрахмова сөз сөйлеп, жас жеткіншектерге мұрағат жұмысы туралы мол мағлұмат беріп, аудан тарихы туралы құжаттамалық деректер мен жергілікті жерден шыққан белгілі адамдар туралы мәліметтерді осыннан табатындықтарын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында шараға қатысушыларға жеке тектік қорлардан көрме таныстырылып, аудан тарихы туралы бейне көрсетілім ұсынылды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz