Дәл осындай атаумен аудандық мәденидемалыс орталығында концерт өтті. Кешке аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық халық шығармашылығы орталығының жетекші маманы Есенгелді Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының мәдени ұйымдастырушысы, айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев, облыстық халық шығармашылығы орталығының жетекші маманы Жансая Баянова, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының режиссері Нұрлыбек Айтқалиев қатысты.

Концерт шымылдығы «Жұлдыз» би ансамблінің орындауындағы «Би-думан» биімен ашылды. Дәстүрлі әншілер Дәурен Жұмағалиев, Жеңіс Қайыров және Лаура Мұхамбетжанова домбыраның сүймелдеуімен ән шырқап, көрермен қошеметіне бөленді. Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің қанатты сөздері күмбірлеген қара домбыраның тарихын әспеттесе керек. Сан ғасыр бойы көнермей сақталған құдіретті қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен дәстүрлі әнші Дәурен Жұмағалиев жетекшілік ететін «Телқоңыр» ансамблі «Қазақ осы» әнін нақышына келтіре орындады.

«Ғашық күндер» атты әдеби-сазды композиция да көрермен көңілінен шықты. Қадыр ақынның сөзіне жазылған балалар арасында кең тараған «Жалқаубек» әнін кішкентай өнерпаз Томирис Ғарифуллиева шырқады. «Бақыт туралы» әнмен сахна төріне көтерілген мәдениет саласының үздігі Айбек Дәулетқалиевке қол соқпаған жан болған жоқ.

Қазақтың Қадырының жанды тербеген, жүректі емдеген сұлу, сиқырлы шумақтарымен шырайланып, шұғылаға шомылғандай әсер беретін әнінің бірі – «Тамды аруы». Шәмші Қалдаяқов әнмен әрлеген әсем туындыны Аңсар Сағиев пен Кәмшат Қадырғалиева орындады. Шәмшінің әніне жазылған ғасырлық туынды «Сыған серенадасын» Дәурен Жұмағалиев шырқаса, жеке бимен хореграф Дана Тимирғалиева көркемдеді.

Азета Ермекқалиева жетекшілік ететін «Айналайын» вокалдық тобы «Менің әжем» әнін орындап, тыңдарман қошеметіне бөленді. Бүгінгі сәт – қайта оралмас ғажап кез.

Әр адамның тәтті сағынышпен еске алар кездері болады. Көркемөнерпаздар Елжас Мағзом мен Бақытгүл Қабашева «Кездер-ай» әнін сахнаға алып шықты. Нұрбол мен Айсезім Құрымғалиевтер «Махаббат мұңын», Ерасыл Әлібеков мен Зылиха Қалмағанбетова «Жездеке» әнін орындады.

Жайланып отырған жанды орнынан еріксіз қозғайтын «Атамекен» әнімен Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналған концерттік бағдарлама мәресіне жетті.
Темірболат Әнуарұлы,
Теректі ауданы