13.03.2023, 18:00
Оқылды: 566

Өлеңті өзені 5,33 метрге көтерілді

Сырым ауданында қар суының көп мөлшерде құйылуынан Өлеңті өзені арнасынан шығып, жағасындағы тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Наурыздың 12-нен 13-не қараған түні мұз сөгіліп, сең жүре бастады.

oznor

Бүгін, яғни 13 наурыз күні таңда Өлеңті ауылындағы Жағалау көшесіндегі кейбір үйлердің ауласынан су білінді.

oznor

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев су басу қаупі төнген үй-жайларды аралап көріп, тасқынның алдын алу жұмыстарының басында жүрді. Түске жақын өзен суы М. Үмбетова көшесі бойына жайылып, №14/1 үйге жақындады. Мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындарынан құралған ерікті құрам оқиға орынына тез жетіп, тұрғын үйдің айналасын құм салынған қапшықтармен шегендеді. Алайда, күн ортасында ағын күшейіп, сең құм бөгеттерді бұзып өтті.

sdr

Жымпитыдағы өзен іргесіндегі С. Сейфуллин көшесінің тұрғындары да табиғаттың тосын мінезіне айла таппай жатыр. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде өзен мұзының аулалардың шарбақтарын, қоражайларды, газ және электр бағандарын соғып, қиратқаны жайлы видеолар тарауда.
«Сырым елі» газетінің журналистері «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесінің Өлеңті өзені бойындағы гидробекетінің мамандарына хабарласты:
- Өлеңті өзенінде қарқынды ағыс 2-3 күн бұрын байқалды. Мұз жарылып, су көлемін одан әрі ұлғайтып отыр. Бүгін өзен өзінің қалыпты деңгейінен 5,33 метрге көтерілді. Сағатына 7-8 см-ге дейін өсті. Қазір айдын бетіндегі су қозғалысы жүрдек. Деңгей түсуі тиіс, – дейді бақылаушы Александр Белкин.
Төлеген Төреғалиев түнгі 04:00 шамасында Бұлдырты ауылына барып, ауылмен аттас өзеннің деңгейін бақылады. Жергілікті халық техникаларын жұмылдырып, су жыраларын санаулы сағатта қалпына келтіріпті. Бұл да болса, өзен суын ауылға кіргізбеудің бір қарекеті.
Қазір Шідерті өзенінің бетімен де сең жүріп жатыр. Өзең деңгейі артқан.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале