6.03.2024, 22:00
Оқылды: 109

Өлеңті өзенінің жағалауын көтеру қажет 

Тілсіз жауды ешкім тежей алмас, алайда арнасын өзгертуге белгілі бір деңгейде қапталған құм қалқан бола алады. Бүгінгі таңда тасқынның алдын алу үшін Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және №14 өрт сөндіру мекемесі қолдан келгенді жасап бағуда.

IMG_6155

Жымпитыда 2000 қап құм қапталып, дайын тұр.

Бұлдырты ауылдық округіне 1000 дана қапшық жеткізілді. Былтыр өзен суынан бөлек, даладан келген қарғын су да қособалықтарды біраз шошытқан. Қауіптің ауызында қамсыз отыруға болмайды. Қособа ауылдық округіне 1000 дана қапшық және 50 тонна инертті материал жеткізілді. Өлеңті өзені бойындағы екі бөгеттің жолы аршылды және шлюздің қақпасы ашылды.

Су тасқыны кезінде қимылдауға 15 техника дайын. «Сырым» МКК-нің 8 дана техникасына қоса, жеке кәсіпкерлер иелігіндегі көліктер де есепте тұр. Келісімшарт негізінде қосымша 16 техника жұмылдырылатын болады.

Су сору жұмыстары үшін кәсіпкерлерлер шарт аясында екі ассенизатор ұсынбақ.

Бұл жұмыстардың бәрі жеңілдер еді, егер Өлеңті өзенінің жағалауын көтеру жұмыстары жасалса.

Жылдар бойы мүжілген қабақтар тасыса дөңбек келтірген суды ұстауға қауқарсыз. Жағалауды көтеру қомақты қаржыны талап етеді. Жоба құны 70,5 млн теңгені құрайды. Жоспарда 4 шақырым жағалауды шегендеу жұмыстары тұр. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін БҚО әкімінің орынбасары Т.Каюповке қаржы бөлу жөнінде хат жолданған.

Бауыржан Ширмеденұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале