3.09.2021, 10:20
Оқылды: 22

Өлеңтідегі өрнектас өндірісіне қолдаушы табыла ма?

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» - деген сөзі ХХІ ғасырда өте өзекті болып тұр. Әрине, біз білімді болу үшін оқып, білім алудың қажет екендігін, бай болу үшін кәсіппен айналысудың керектігін, бірлігі мықтының күші мықты болатынын жақсы білеміз. Бірақ, «...осы керектердің жолында жұмыс істеуге» келгенде самарқаумыз. Біздің кемшілігіміз сол.

4

Дегенмен, елдің ішінде кәсіп меңгеріп, іс қылып жатқан жандар аз емес. Олар еңбек етуден шаршамаса, біз оларды насихаттаудан шаршамаймыз. Ондайы ойымыз – халық кәсіптің, еңбектің мысалын алыстан іздемесін дейміз, қажет болса, үлгі алып, амал жасасын деймін. Әйтеуір, ниетіміз игі.

Өлеңті ауылында Жарас Ақмәди деген азамат ауласында өрнектас (брусчатка) соғып жатыр дегенді естіп, «Көрейік, білейік!» - деп, жұмыстан кейін ауылдасымыздың үйіне бардық. Біреулер ауласын гүлзарға, бақшаға не демалыс орынына айналдырса, Жарастың ауласы шағын цехқа ұқсап кетіпті. Түрлі қалыптар, компрессор, бетонбылғағыш, тас құюға арналған үстелдер – бәрі-бәрі «өндірістің» қызу жүріп жатқанынан хабар беріп тұр. Ауланың шетінде жып-жылтыр өрнектастар ұқыпты текшелеулі тұр. Шамасы, дайын өнімдер болса керек.

- 2012 жылдан бері Орал қаласында осы өрнектас құю, төсеу жұмыстарымен айналысатын жеке кәсіпорында қызмет еттім. Біздің өніміміз жақсы сұранысқа ие болды. Оралдағы облыстық аурухананың алдындағы алаңқайды, Ақсайдағы мәдениет үйінің маңындағы орталық алаңға біздің өрнектастар төселді. Еңбек етуден артық дәріс, сабақ болмайды екен. 8 жылдың ішінде өрнектас өндіру кәсібін бір кісідей үйреніп алдым.

Пандемия әркімге әрқалай әсер етіп жатыр ғой. Карантин менің жеке кәсіп бастауыма себеп болды. Кейінгі жылдары Атырау қаласында Теңіз кенішінде вахталық әдіспен еңбек етіп жүргенміз. Коронавирус инфекциясының таралуы себепті, карантинге байланысты кен орынындағы жұмыстар көлемі азайды, жұмысшылар уақытша үйлеріне таратылды. Сол кезде ойда жүрген кәсібімді бастағанды жөн көрдім.

Ең әуелі, қолымдағы бар қаражатқа Шымкент қаласынан тас құятын қалыптар сатып алдым. Раушан гүлінің қауызына ұқсас өрнектасты («ромашка») – классикалық десе болады, себебі көп қолданысқа ие. Ақтөбе қаласынан қалыптарды тазалайтын, тас құюға даярлайтын жақпасын және алдырдым. Жақпа сұйықтықтар Қазақстанға Ресейдің Екатеринбург қаласынан келеді.

5

Өрнектас құм мен цементтің қоспасын құйылады. Тоқыма тастарға және жиектеріне бояу қосамын. Тастың құрамы қанық болуы үшін оны «дірілдейтін» үстелдің (вибратор) үстіне құю керек. Ол үстелді Ақтөбе қаласынан тауып, алдырдым. Ал, оның моторын және бетонбылғағыш пен компрессорды өзіміздің қаладан әкелдім. Осылайша, шағын цехтың жабдығы жиналды. Несиесіз, бәрін өз қаржыма сатып алдым.

Сапаға жұмыс жасағым келеді. Ернеуі қисайған қалыпты пайдаланбаймын. Қисық тас өрнектастың қиюын бұзады. Тас мықты болуы үшін, құмды елеп, тасынан тазартып қосып жатырмын, - дейді Жарас бауырымыз.

Бүгінде Жарастың ауласында 70 шаршы метрге жететін тас соғылып тұр. Оған дейін құйылып, дайындалған өнімдер сатылып кетіпті. Өрнектастардың шаршы метрін 3000 теңгеге, оның жиектерінің (бордюр) 1 данасын 500 теңгеден бағалап отыр. Жиектердің қаладағы бағасы – 700 теңге. Жарастың өнімдері сапалы, арзан және қолжетімді. Қаладан өрнектас сатып алып, оны ауылға әкелу үшін жүк көлігін жалдап шығындалмай, Жарастың өнімдерін ауыл ішінде жеңіл көліктің тіркемесімен-ақ тасып алуға болады. Тағы бір тиімділігі – осы тұсы.

6

Жарас өзінің кәсібін жолға қойып, аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қуаттылығы жоғары аппараттар алып, сұраныс болса, өндіріс көлемін арттырғысы келеді. Қалыптардың түрін көбейтсе, тасты құйып емес, сығып дайындайын пресс алса, ауладан үлкен цех салса, керемет болғалы тұр. Бауырларын, ауылдастарын жұмыспен қамтысам деген ниеті де жоқ емес, жас кәсіпкердің.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданына келген сапарында ауданның кәсіпкерлік аясын кеңейтуді, соның ішінде дүкен, тойхана сияқты нысандарды емес, өндіріс орындарын ашып, өнім өндіруді тапсырып жүр. Міне, Жарастың кәсібі – аудан үшін қажетті бастама! Сондықтан оны қолдау – біріншіден, отандық өнімді қолдау, екіншіден, облыс әкімінің тапсырмасын орындау!

Қазіргі кезде ауыл ішінде көлік жолдарымен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар, скверлер, саябақтар көптеп салынуда. Жарастардың жүретін жері ғой! Егер ауданның, ауылдың ішіндегі мемлекеттік тапсырыстарға өзіміздің жастардың өнімдері қолданылса, тек ұтар едік. Бір жағынан жұмысты сенімді адамға тапсырар едік әрі ауданда өндірістің дамуына үлес қосар едік. Бәріне үлестіріліп жатқан тегін гранттар да – Жарасқа лайық. Кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған қайтарымсыз қаржы берудің де басты талаптары – тың болуы және өндірістік бағытта болуы ғой. Біздің жігіттің бастамасы екі талаптың да үдесінен шығып тұрған жоқ па?! Бұл енді аудан билігіне құлаққағыс болсын!

Біз кейіпкеріміздің тек кәсіпкерлік қырын сөз қылдық. «Жігітке жеті өнер де аз!» - дегендей, Жарастың бозкілемнің шаңын қаққан балуан, кермеде ұршықтың жібіндей иірілетін атлет, кір тасын көтеруден, қол күресінен республиканы мойындатқан чемпион екенін айтпасақ тағы болмайды. Спортпен айналысып, еңбек етіп, қала берді кәсіппен шұғылданып жүрген бесаспап жігіт Жарасқа тек жақсы сөздер жарасады.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале