Өлеңтілік көпбалалы ана Құрматова Лида Алексейқызын Жымпиты ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайрат Абсатыров ҚР Президентінің Жарлығымен жеткен «Күміс алқа» мемлекеттік наградасымен марапаттады.

Бұл марапат – ананың қоғамдағы рөлін, бала тәрбиесіндегі қажырлы еңбегін бағалаудың айқын көрінісі.
Лида Құрматова – 6 баланы өсіріп отырған ардақты ана. Жолдасы Серік Құрматов «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында күзетші болып жұмыс істейді. Ерлі-зайыптылар балаларының білімді, тәрбиелі болып өсуіне ерекше мән беріп келеді.
Отбасындағы балалар – Тимур, Сағындық, Қуаныш, Ақалтын жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің оқушылары. Үлкен ұлы Тимур 11-сыныпта оқып, ән үйірмесіне белсене қатысады. Екінші ұлы Сағындық 10-сыныпта білім алып, күрес және ат спорты үйірмелеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Кіші ұлы Қуаныш 4-сынып оқушысы, ат спорты үйірмесіне қатысып, болашақ шабандоз болуды қалайды.
Қызы Ақалтын мектепалды даярлық тобында, «ALEM» оқу орталығының жылдам оқу, сауатты жазу үйірмелеріне қатысады. Кіші қыздары Акерке мен Жанерке ата-анасының қамқорлығында тәрбиеленіп жатыр.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы