Жымпитыда «Сырымым – айбарым, Жаһаншам – байрағым!» атты аудан ақындарының Наурыз айтысы өтті. Айтыс халық батыры, ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, би Сырым Датұлының 280 жылдығы мен қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлердің бірі, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің төрағасы, қайраткер Жаһанша Досмұхамедовтың 135 жылдығына арналды.
Аудандық айтыс – «Демалыс орталығы» МКҚК жанындағы Ж. Ерман атындағы айтыс мектебінің жаңа жобасы. Халық ішінде өлеңге құмар, жырға әуес, суырыпсалма, айтқыр жандар аз емес. Оларды айтысқа салып, ақындық қабілеттерін шыңдау үшін, аудандағы айтыскерлер құрамының қатарын кеңейтіп, сапасын арттыру үшін аудандық деңгейдегі жыр жарысы керек-ақ. Оны айтыстың салтанатты ашылуында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев те атап өтті.
– Айтыс – кәсіби емес, бұқаралық өнер. Сондықтан сөз ұстаған жандардың ел арасынан шыққаны заңды әрі жарасымды. Сөздің туын ақындар ұстайды, керуенін ел тартады. Сырым елінде өлеңнің көші, сөздің керуені тоқтаған емес, – деді аудан басшысы. Айтысқа Қуаныш Қапанов, Абзал Кәримолла, Мақсат Тұяқ, Санат Кәрімов сияқты тәжірибелі сахна көрген ақындар мен бірге Ж. Ерман атындағы айтыс мектебінің шәкірттері Қоңдыкер Елеуов пен Нұрым Амангелді қатысты. Газетіміздің тілшісі Айжан Амангелдина және мәдениет үйінде қызмет атқаратын Ақылбек Бекболатов, Аңсар Жетпісқалиев аламанда алғаш рет бақ сынады. Олардың өнеріне ақын, айтыскер, журналист, ҚР Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Сырым ауданының құрметті азаматы Махмет Қажиахметов бастаған, қатарын Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының әдеби қызметкерлері, белгілі ақындар Талғат Мықи, Айнабек Бисен-ғалиев, әнші-сазгер, дәстүрлі әнші, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Армат Алдамжаровтар толықтырған қазылық құрам баға берді.
Айтысты бұлдыртылық Қуаныш Қапанов пен саройлық, қазір Орал қаласында мұғалімдік қызмет атқаратын ақын Абзал Кәримолла бастады.
– Өлеңтіні өлеңмен тербеп келдім,
Қадырдың жырларындай тереңдікпен, – деп сәлемдескен Абзал айтыстан алыстап, көптен бері көбең жүрген Қуаныш ағасымен хәл сұрасып, «үйіріне қайта қосылуымен» құттықтады.
Қуаныш Қапанов інісінің сәлемін төгілген жырмен тосып алып, «Айтыста мұғалім не істеп жүр? Әркім өз шаруасымен айналыспайды ма?» - деп кері сауал қойды.
– Ұстаздық қызметім жанға жайлы,
Міндет пен мақсаттарды талғамайды.
Ұстаздық, ақындықты қатар берген,
Білеміз Ыбырайды, арлы Абайды, – деп әдемі жауабын берді қарсыласы.
Абзал – жазба поэзияның өкілі. Сондықтан да оның айтыстарында өзгеше өрнектер жиі ұшырасады. Мәселен, туған жеріне келіп:
Сағынып кеткен кезде қала жақтың,
Жолдары саған қарай апарады, – деп тебірену тек нағыз ақынның қолынан келеді.
Келесі жұп Қоңдыкер Елеуов пен Ақылбек Бекболатовтың айтысы өте тартысты өтті. Тартысты болмай қайтеді? Біріншіден, екеуі үйлері қатар қонған көрші. Екіншіден, Қоңдыкер – Ж. Ерман атындағы айтыс мектебінің шәкірті, жасынан республикалық додаларға түсіп көрген, тәжірибесі бар. Ал Ақылбектің домбыраны қолға алғаш алуы, аламанда алғаш шабуы. Соған қарамастан өлең қонған өрен екені білінді. Сөздері қаланған тастай түзу шықты. Жымпиты халық театрының режиссерінің көмекшісі Ақылбекке сахнада актерлігі де көп көмектесті. Ұтқыр ой, уытты сөз көрерменді қозғамай қояды ма? «Екі көрші» көпке дейін көсілді. Ел жалыққан жоқ.Сахна төріне облыстық айтыстарда атой салып жүрген жамбылдық Мақсат Тұяқ пен «Сырым елі» газетінің журналисі Айжан Амангелдина шықты. Алдына ару келгенде серілер сезім жалауын желбіретпей қояды ма? Мақсат та Айжан замандасына астарлы сөз айтты:
– Алып қашып кетейін, кү-нім сені,
Десең егер құда түсіп ала алмайды.
Бұлан деген мына тұрған жер емес пе,
Мекен ғой елге жайлы, маған жайлы.
Айтпақшы қуғыншыға ескертпесең,
Біздің жақта хабар тез таралмайды,
Ауылда жолда жоқ қой, «сеть» те жоқ қой,
Іздеген адам сені таба алмайды, – деп бір жағынан қызды жанап, бір жағынан ауылының ұялы байланыссыз отырғанын айтып өтті. Мақсат ақынның «Сетьсіз» өмір сүруде біздің ауыл, Етсіз өмір сүретін қасқырлардай» дегеніне атқамінерлер назар аударады деп ойлаймыз.
Кейін шыққан Нұрым Амангелді мен Аңсар Жетпісқалиев балалық көңілдің көкжиегінде отырып, көркем айтыс жасады. Саройлық Санат Кәрімнің жұбы келмей қалуына байланысты жүргізу-ші Бауыржан Ширмединұлы аяқасты айтысқа шықты. Екі замандас «бүктетіліп, жазылып» барып, тоқтады. Бауыржан Санат досына жол берді.
Бірінші айналым бітті. Ел демін ішке тартты. Көңіл таразылары ақындардың шама-шарқын өлшеп, ойша жүлде беріп қойған. Ал қазылар не дер екен?
Ақырғы айналымға төрт ақын таңдалды. Ақылбек Бекболатовты Сырым айтысының жаңа есімі десе болғандай. Ол бірінші айналымда болдырмай, сол қарқынмен финалдан бір шықты. Ақтық сында бұлдыртылық Қуаныш Қапанов ағасымен әдемі қағысты. Мақсат Тұяқ Санат Кәріммен сөз сайыстырып, біразға барды.
Айтыстың қорытындысы бойынша Қуаныш Қапанов бас жүлдеге ие болды. Мақсат Тұяқ бірінші, Санат Кәрім екінші орынға жайғасты. Ал топқа тұңғыш кіргеніне қарамастан, мәреге жетпей алқынбаған Ақылбек Бекболатов үшінші орынға ие болып, көрерменін бір қуантты.
Сырымдағы айтыстан еш ақын жүлдесіз кеткен жоқ. Қатысушыларға Жаңыл Жұрмағамбетова, Асқар Сұлтанов, Қанатқали Рахметов, Кәкім Самихов секілді өңір айтысының көрнекті тұлғаларының атындағы сыйлықтар берілді. Одан бөлек, «Демалыс орталығы» мекемесі, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы, «Өлеңті» қайырымдылық қоры және «Әділ» жеке кәсіпкерлігі ақындарға халықтық жүлде тағайындады.
Ен даланың жолбарысы болған Ер Сырымды Бұлдырты мен Аңқатының арасына «қамап» ұстауға болмайды. Тарихи сауатты адам Даттың ұлы бастаған Кіші жүз қазақтары көтерілісінің географиялық ауқымы кең әрі патша үкіметіне саяси әсері зор болғанын болжайды. Сондықтан да Сырымды «Аттанды!» естіп, атқа артылып кете барған боздақ емес, халық батыры деуіміз жарасымды. Қазіргі мезетте Жымпитыға батырдың жаңа ескерткішін қою мәселесі талқыланып жатыр. Осындай құрмет Алаштың арысы Жаһаншаға да керек емес пе? Міне, кешегі айтыста ақындар осындай ой айтты.
– Сырымға қойылмақшы бір ескерткіш,
Мәселе жиындарда тыңдалуда.
Жымпитының төрінде болу керек,
Мүсіні Жаһаншадай тұлғаның да.
Іштей, ол ескерткіштің қалап тұрмыз,
Алаш үйі алдында тұрғанын да.
Жымпитының ең басты көшесінің,
Айқайлап Сырым тұрсын бір жағында,
Жарқырап Жанша тұрсын бір жағында, – деді жас талант Айжан Амангелдина.
– Жер үшін, ұлтым үшін бас көтерді,
Қазағым ұзақ дәурен жасау үшін,
Ұрпақ үшін ұмытылмас тұлғалар,
Сырым мен Жаһаншадай қос арысым! – деп Қуаныш Қапанов жырлағандай, арыстар аты Азаттықпен бірге жасай бермек.
Бауыржан Шерім,
Сырым ауданы