Түрік елінің Измит қаласы. Биылғы жылдың 1-5 шілде аралығында дзюдодан Сидней олимпиадасының чемпионы Хусейін Озқанның жүлдесіне арналған жасөспірімдер мен жастар арасында халықаралық турнир өтті.
Оған Әзербайжан, Грузия, Маңғолия. Мажарстан, Украина, Германия, Хорватия, Словения, Польша, Болгария, Румыния, Франция, Қазақстан, Түрік мемлекеттерінен келген дзюдошылар татамиде бақтарын сынады.
Бақ пен бап, айла мен амал сынаққа түскен додада жерлесіміз, бұған дейін де халықаралық турнирлерде топ жарып келе жатқан Алдияр Саин 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарын қапы қалдырып, күміс жүлдегер атанды.
Алдиярдың ойынын тамашалаған Олимпиада чемпионы Хусейін Озқан өзі келіп құттықтап, болашағына тек жеңістер тілеп, «бүгінгі күмісің ертең алтын болады» деп жылы лебізін білдіріпті.
Гүлім Шынтас,
Шыңғырлау ауданы