20-25 қаңтар күндері Астанада өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға Шыңғырлау ауданынан Шыңғырлау мектебінің 10-сынып оқушысы Альмира Бигалиева орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша қатысты.
Ол жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Еліміздің әр түрлі ауылынан олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысқан 500-ге жуық оқушының ішінен суырылып шығып, үздіктер қатарынан табылған Альмира қолдаушыларын зор қуанышқа бөледі.
Альмира оқу озаты, «Алтын Белгі» төсбелгісіне үміткер, ағылшын тілі, физика пәндері бойынша облыстық олимпиадалар мен кәсіби байқаулардың жүлдегері. Талапты оқушыны алда бұдан да үлкен жеңіс күтіп тұрғанына сеніміміз мол.
Бұл жетістікте жетекшісі Күләнда Кинжеғалиеваның еңбегі зор.
Талпынысы бар баланы жетелеп, оқытып, баулып, осындай жеңістерге жеткізетін ол – ұстаздар. Ауданның мектеп оқушылары талай жерде жұлдызы жанып жүргені білікті де білімді оқытушыларымыздың тынымсыз жұмыстың арқасында.
Шыңғырлаудың мерейін көтерген оқушыны аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қабылдады.
Осы жетістік ауданымыз үшін үлкен абырой, зор мәртебе екенін жеткізіп, құттықтау тілектерін арнады. Осындай қуанышқа себепші болған Альмира және оған қолдау көрсеткен жетекшісі мен ата-анасы алғысхаттармен марапатталды.
- Осындай құрмет көрсетіп жатқандарыңызға алғысымыз шексіз. Біз де өз кезегімізде сіздердің үміттеріңізді ақтап, нәтижелі жұмыс атқара береміз. Ауданымыздың өркендеуіне үлесімізді қосып, көркеюіне атсалысамыз,- деді марапат иелері.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz