Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Батыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған «Жайықтың қасиетті орындары» жобасы аясындағы республикалық өлкетанушылар форумының үшінші күні Сырым ауданында өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген музей директорлары мен қызметкерлері алдымен Сырым шыққан төбедегі кесенеге келіп, гүл шоқтарын қойып, естелікке суретке түсті.
Ел арасында «Дәдем ата» аталып кеткен, саяси-қуғын сүргін құрбаны, Жұмағазы Хазірет қорымына барып, зиярат етіп, құран бағыштады. Кейін мешітіне кіріп, бұлағының шипалы суын ішті. Мұнда қонақтарға ас берілді. Жұмағазы Хазірет қорымындағы шараға әр облыстан келген музей меңгерушілерімен қатар Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев, тарихшы, доцент, алаштанушы, «Қайраткер» қоғамдық қорының директоры Дәметкен Сүлейменова, БҚО инновациялық-технологиялық университетінің аға оқытушысы, хамзатанушы Сайлау Сүлейменов, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейдің меңгерушісі Нұржан Төлепов, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір қатысты.
Жұмағазы Хазірет 18 ғасырда өмір сүрген, Меккеге барған қажы, туған жылы ауызша деректер бойынша 1815 жылға сәйкес келеді. Тарихшы, доцент Д.Сүлейменованың айтуынша, бұл қорымның қасиетін халық Ұлы Отан соғысына дейін де білген. Себебі, алапат өрт болған кезде, Тамасай мен Дәдем ата қорымы ғана тілсіз жаудан аман қалыпты. Правда атындағы совхозды басқарған В.И.Шубин бос жатқан жерлерді жыртып, егін салмақ болғанда, Жұмағазы Хазіреттің тұсына келгенде, техниканың бәрі сынып, жүрмей қала беретін кезі де болыпты. Дәдем атаның тегін адам болмағаны жайында ел ауызында аңыздар көп.
Облысымыздың жеті қасиетті орыны республиканың қасиетті орындары географиясына енсе, оның бірі Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылы. Өйткені Жымпиты – тәуелсіздікті аңсаған алаш қайраткерлерінің арманы мен тілегі, жоспары тоғысқан жер, Батыс Алашорданың астанасы. Өңірлерден келген өлкетанушылар Алаш музейі мен Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерімен танысты. Форумға қатысушылар Сырым ауданында үлгі аларлықтай істер барына, Сырым батырдың жерленген жерінен топырақ әкелініп, кесенесі тұрғызылғанына риза болды. Өз өңірлеріндегі елден жырақта жатқан батырларының топырағын туған жерге әкеліп, кесене орнатып, өнегелі іс жасау туралы жергілікті басшыларына ұсыныс тастайтындықтарын айтты.
Қадыр ескерткіші алдында ақынның өлеңін оқыған Төлес Төлегенді қонақтар қошеметіне бөлеп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Алаш саябағында Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің оқушылары әдеби монтаж қойды.
Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі кітап көрмесін ұйымдастырып, аудандық мәдениет үйінде «Алаш ардақтылары» атты театрландырылған көрініс қойылды.
Қойылым соңында аудан әкімі Т.Төреғалиев пен облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Ерсаев қорытынды сөз сөйледі.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Сырым ауданы