25.12.2020, 16:34
Оқылды: 36

Өмір жанашыр жандармен жарқын

Естіп білетініміздей, талай жылдар бойы башқұрт пен түркімен ағайындар аптаның әр жұмасында сауда-саттықтарын қайрымдылық жасауға арнайды екен. Әсіресе, Наурыз мейрамында, Рамазан айында нан және нан өнімдерін дүкен сөрелеріне тегін қоятындығынан бұқаралық ақпарат құралдарынан қанықпыз.

Б.Оразалин1

Бұл көршілеріміздің экономикасының күштілігінен емес, қарапайым халық пен қара баланың қамы үшін осындай жарлық береді екен. Алғысты Үкіметтен емес, қарапайым халықтан алуға құштар болуының өзі нағыз адамшылық қой деп осындайда таңданбасқа амал жоқ.

Әлемді әлсіреткен кесапат біздің елімізді де есеңгіретіп тұр. Бұл адамзаттың нақ бір сыналар тұсындағы қиын кезең. Пандемия бір жағынан талай қиындыққа душар қылса, -екінші жағынан, адамдарды бірлікке ұйытып,бойларындағы жанашырлық сезімдерін шығаруға себеп болғандай. Бір-біріне қолдау көрсетіп, тіпті танымайтын жанға қайырымдылық жасау үлгісі бізде үрдіс алды. Қайырымдылық шаралары, ізгілікті істер сан қырынан көрініп, талай жанның жанына жалау болуда. Жүректеріне иман ұялап, жан-жағына байыппен қарап, ауру сырқау мен тұрмысы нашарға қолдарын созып, көмек етуде.

Қайырымдылық керуенін бастағандардың бірі Шыңғырлау-Орал маршрутындағы автобус жүргізушісі Бауыржан Оразалин. Карантин уақыты басталысымен автобусқа жиналған адамдардың абыржулы жүздерін автобус жүргізушісінің «Бүгіннен бастап жол ақысы 1000 теңге болады, таныстарыңызға, жолаушыларға айта жүріңіздер» деген сөзі жадыратып, бір қуантып тастаған болатын. Бұл да біздің тұрғындарымыз үшін кәдімгідей жанашырлықтың, ізгіліктің белгісі емес пе?! Әсіресе, карантин уақытында адам еріккеннен емес, тығыз шаруаларымен, соның ішінде көбіне-көп ауруханаға лажсыздан баратынын түсінгендіктен болар, тіпті жолаушыға автобусы толмаған күннің өзінде қалаға аман-сау жеткізіп, уақытылы әкеліп жүргені баршаға аян.

Жанашырлықтың үлгісін ауылішілік такси қызметін көрсетуші жеке меншік иелері де қолға алыпты. Жұма күндері шыңғырлаулықтар тегін таксимен баратын жерлеріне апарып, сол таксимен үйлеріне де жеткізіп салғандықтарын мақтанышпен әңгімелейді.

Ал, ауыл халқын таза ауыз сумен қамтушы «Дильнур» жеке кәсіпкерлігінің иесі Айболат Кушинбаев та қайырымдылық керуенінен шет қалмай, әр жұма күні тегін су алуға мүмкіндік жасауда.

Жастық жалынмен көшелі істерге мұрындық болып жүрген аудан жастары мен шекарашы жігіттердің де игі істері көңіл қуантарлық.

Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале