«Мейірбандық айлығы» аясында Қаратөбе аудандық дене шынықтыру-сауықтыру орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттық шаралар ұйымдастырылды. Ауылдық округтерден келген 30-ға жуық спортты жанына серік еткендер дойбы, бір орыннан ұзындыққа секіру және үстел теннисі ойындары түрлері бойынша бақ сынады.
Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту және салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат еткен мұндай шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спорттың үш түрінен өткен бәсекеге ауданның 8 ауылдық округінен құрама командалар қатысып, спортшылар лайықты ойын өрнегін көрсетті.
Жарыс қорытындысында үстел теннисінен ерлер арасында Жұмабай Оразақаев (Қаратөбе) жеңімпаз атанса, бір орыннан ұзындыққа секіруден Берікқали Ахметов (Қаратөбе) үздік нәтиже көрсетті. Дойбы ойынынан ерлер арасында егіндікөлдік Бекет Шурин қарсыластарын ұтып жеңімпаз атанса, дойбыдан әйелдер арасында қаратөбелік Жазира Айболатқызы алдына жан салмады.
Жарысқа қатысқан спортшылар «Қаратөбе» спорт клубы директорының атынан диплом және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz