25.07.2024, 17:45
Оқылды: 149

Өмірін еңбекпен өткізген Ахметжан Ғұбайдуллин 70 жасқа аяқ басты

Азаматқа абырой-атақтың бір күнде, бір сәтте келмейтіні белгілі. Оған жету үшін адами ізгілік пен қасиет, ізденімпаздық пен еңбекқорлық адам бойына бала күнінен қалыптасуы қажет. Бүкіл өмірін еңбекпен өткізген Ахметжан Ғұбайдуллиннің көргені мен түйгені көп.

22E43603-4C86-46C7-AADC-2FC3302495C6

Олосындай қайратты, ақылы дария, өнегелі өмірімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып отырған жан. Ахметжан аға кездесу барысында өзі туралы біраз естелігімен бөлісті.

– Мен 1954 жылы бұрынғы Фурманов ауданы, Талдықұдық кеңшарында дүниеге келдім. 1972 жылы 10 жылдық мектепті бітіріп, күзде Отан алдындағы әскери борышымды өтеу үшін Украинаға кеттім. Әкем мен анам – қарапайым еңбек адамдары. Қой бағып, қатардағы шопан болған жандар. Алты баланы өмірге әкеліп, қатарынан кем қылмай бағып-қағып өсірді. Әскерден келген соң 1975 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, оны 1978 жылы жақсы аяқтап, мамандығым бойыншазоотехник болып еңбек жолымды бастадым. Арасында басқарма қызметін де атқарып жүрдім. Қандай жұмыс берілсе де, абыроймен істеуге тырыстым. Алматы облысы, Талғар қаласында ауыл шаруашылығы мектебінде үш ай білімімді жетілдірдім. 42 жасыма дейін өз жерімде аянбай еңбек еттім. Бала кезімнен география пәніне жақын болдым. Өскенде географ боламын деп армандайтынмын. Бірақ, өкінішке қарай, басқа мамандық иесі атандым. Қазіргі таңда жиендеріме картадан білген-түйгенімді үйретіп отырамын. 2005 жылға дейін сол кездегі Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарға қарасты Жұмалы ауылында жұмыс істеп, кейін аудан орталығына келдім. 2011 жылдан бері Батыс Қазақстан мүгедектер қоғамы Тасқала аудандық филиалының төрағасы болып қызмет атқарып жүрмін. Денсаулығы сыр берген жандармен тығыз байланысып, әртүрлі іс-шара ұйымдастырып, әлеуметтік бағдарламалар аясында қоян-қолтық қызмет атқарамыз, - деді Ахметжан Тілепұлы.

Ата-ана тәрбиесін бойына сіңіріп өскен кейіпкеріміз еңбек десе, жанын береді. Сол еңбегі бағаланып, әр жылдары облыс, аудан әкімдерінің алғысхатына ие болған.

Ахметжан аға – имандылықтың, үлкендіктің, ақыл-парасаттың айқын белгісіндей тұғырлы тұлға. Бір шаңырақтың ақылды басшысы болып жүрген жанды ауылдастары ерекше құрмет тұтады, сыйлайды. Зейнет жасында болса да, қоғамдық жұмысқа белсене араласып, аға буын өнегесін бүгінгі жастарға үлгі етіп, оларды  патриоттыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде талмай қызмет етіп жүр.

Елдің бірлігі де, тірлігі де осындай адал еңбек ететін мыңдаған азаматтың іс-әрекетімен берік. Ахметжан аға сүйікті жұбайы екеуі өмірге екі қыз, бір ұл әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда әрқайсысы өз алдына – бір отау. Бірер күнде кейіпкеріміз мерейлі 70 жасқа толады. Біздің мақсат – мерейтой қарсаңында осындай өнегелі ісімен ел құрметіне бөленіп жүрген жан елеусіз қалып қоймасын деген ой.

Оның еңбекқорлығы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Сондықтан еңбек адамының өмірі мен еңбек жолы жас ұрпаққа берер тәрбие көзі екенін естен шығармағанымыз абзал.

Гүлмира Серікқалиқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале